Асанәлі Әшімовтың әзілдері
Фото: 1tv.kz
Бір отырыста ішіп алған жұрт анау-мынауды айтып отырып алыпты. Сонда Асанәлі даусын шығарыңқырап: «Данышпан Маркс айтқан екен...» – дейді. Жұрт не депті дегендей елеңдеп қарап қалады. Сол кезде Асанәлі: «Данышпан Макс кез келген отырыс түптің түбінде әйтеуір бір тарқайды депті», – деген екен.
Бірде Мәдениет министрлігінде істейтін Кәдірбек Уәлиевтің бөлмесіне Асанәлі кіріп келсе, ол: «Әй, сақал, неге есікті қақпай кіресің?» – дейді. Сонда Асанәлі: «Е, ол не тәртіп есікті қағып кіретін, сен дәретте отыр ме едің?» – деген екен.
Бір үйдің кітап сөресіне Махамбеттің, Абайдың, Олжас Сүлейменовтің суреттері қойылса керек. Мұны көрген Асанәлі: «Қазақ халқының басынан өткен орыс экспансиясының нәтижесін танытатын көрнекі құрал сияқты екен», – депті.
Бірде Қазақстанның бас молласы Рәтбек қажы Нысанбайұлы Асанәлі Әшімовпен кездесіп қалады да, даусын мақамдай созып:
– Ассалаумағаләкем, Асеке! – деп қол береді. Сонда Рәтбек қажының қолын алған Асанәлі:
– Молла бол, шырағым! – деген екен.
Бірде Асекең Ілия Жақановтың саяжайына барады. Ілекең кетерінде оның сөмкесіне толтырып алма салып береді де, анадай жерде жатқан жемісті көрсетіп: «Бізде алмұрт та бар», – дей салады. Сонда Асекең:
– Оу, біздің үй грушасыз отыр ғой! – деген екен.
Бірде Әзекең (Мәмбетов) Асанәлі Әшімовке: «Сенің қызып ішкеніңді көрмеппін», – депті.
– Қайдан көресіз, бұл жағынан да алдымызды орап, жол бермейсіз. Ылғи да озып үйренгесіз, – деп қарқылдай күліпті.
«Мен халқым үшін ашық парақпын» кітабынан
Жинастырған Медет Жансанов
Пікірлер