• Біздің парақшалар:
  • Жәнібек Нұрыш «Қ.К. қазынасы» фильміне жазған рецензиясы

    • — 7 мамыр 2013
    • Баға: 4/10

    Қазандағы сапырылыс

    Қазына іздеумен басталатын қай-қай фильм болмасын менің таразыма түссе таразының бір басында кір тасы орнында Стивен Спилбергтің «Индиана Джонсы» бірі тұрады. Көкейі көкті көздемеген режиссер өзінің Спилбергпен қатар түскенін сорына баласа, ал биікке ұмтылғаны - бағым деп біледі. Бұл енді өзін-өзі бағалаудың ісі.

    Ресейлік бірде-бір киноөнімді тиын шығарып, үлкен экраннан тамашалау былай тұрсын, мән беріп, «көршінің киноқорасында не боп жатыр екен» деген оймен мойнымды дуалынан асыра созып, қарамаған екенмін. Киностан ойнатқан тегін екі билетті ұтып алмағанымда «Қабан көлінің қазынасы» да елеусіз, мен білмеген күйде өтіп кете берер ме еді?! Кім білген... Жаңа шыққан фильмнің трейлерінен бұрын, постеріне кірпияздылықпен қарайтын мені, «Қ.К. қазынасының» постері көзім түскен сәтте-ақ аулаққа атып жіберді. Тыныш тұрған тебілісім инстинктті түрде серпін берді. «Өкініштің» постері арасында теннис добындай арлы-берлі соғылып қалып қойдым. Сонда да тегін келген билетті құр жіберуді дұрыс деп таппай, не біреуге беруге қимай, кешкілік көрсетіліміне өз ноқтамды өзім сүйрелеген күйде ілбіп бардым. Кірдім, көрдім, шықтым. Кинозалға кеміріп отыратын бірдеңе ала кіру былай тұрсын, ондағы көрермен-кеміргіштердің тісі-тісіне тиген дыбысына тыжырая қалатын мені, бұл жолы кинодағы дыбыс тітіркендірді.

    Әскері және әскери техникасымен ғана мақтана алатын Ресей - қай-қай киносына болмасын, әйтеуір бір әскери өмір көріністерін тықпалап жүреді. Фильмнің басы Кирилл Николаев деген жас музыканттың ән айтамын деп келіп, астамшыл түрде әскерге ілініп кетуімен басталады. Әскерге баруды тозаққа барудан кем көрмейтін ол, бұдан құтылудың жолы деп әскери комиссар полковник Морковниковпен бармақ басты,көз қысты етіп, 50 мың доллар ақша беретін болып келіседі. Кириллдің білегіне штрих-код жабыстырылады. Сонау ғарыштағы аты жоқ жер серігі оны жеті қат жер астына кетсе де тауып алады. Енді тесікқалта Кириллге ақша табу қажет. Осы кезде ойламаған жерден, Иван атай келіп, көне картаны көрсетеді. Сонау Қабан көліндегі кезінде Сүйінбике ханым жасырған мол қазынаның орны белгіленген карта. Көзілдірікті Любасик түсініксіз бір мақұлықты табамын деп, ал аватар Альберт басқа ғаламшарға кеткен әкеме сол көлден ұшып барамын деп Қазанға аттанады. Кирилл болса, әскерден құтылатын ақшасын сол қазынадан алмақ боп, ол да жөнеледі. Жоғарыдағы жазба қаншалықты түсініксіз болса-оқиғаның өрбуі де сондай шым-шытырық, келте-құрама.

    Қазанға келген Кириллдің образы - үшінші әлем елдеріне келген бәріне таң қала қарап, аңқаусып жүретін еуропалық, не американдық саяхатшы кейпіне көшеді. Қабан көліне жиналып қалған метан газын зерттеп жүрмін деген желеумен қазына тіміскілеп жүрген Дайан Джонстың қолына түседі, сол жерде өзі сияқты бұғауда отырған татар қызы Гульнарамен танысады. Фильм желісі осылайша басталып, жалғаса келіп, ақыр аяғында Лев Лещенконың камеода көрінуімен қоймай, жұлқынған музыка фонындағы жамаулы әзілімен аяқталады.

    Осындай хикаясы арсын-гүрсін фильмді екі сценарист жазып, бақандай үш идея авторы ойлап тауыпты дегенге әрең иланумен қатар күліп алуға да әбден болады. «Қойшы көп болса, қой өледі» деген осы шығар, бәлкім.

    Фильмге режиссерлік еткен Дмитрий Коробкиннің бұған дейінгі жұмыстарымен таныстығым жоқ. Сондықтан да режиссерлік стилі жөнінде бірдеңе дей қою қиын. Хронометражды қыстырма видеолармен толтырып, бір оқиғаны бірнеше тармаққа бөліп тастап, жан-жағынан жұлмалап көрсету-Коробкиннің режиссерлік келбеті десек, онда мұнысы сәтсіз жол екен. Қандай кино болмасын, жүйе болу керек. «Қ.К. қазынасы» бірнеше новелладан құралған дүние емес, бір мақсатқа жетуді мұрат еткен оқиғалы фильм. Коробкин режиссерлік орындығына отыру кезінде, осыны тарс есінен шығарып алып, сайдан да қырдан уақыт толтыратын видеоларды жинай берген секілді.

    Операторы да Д.Коробкиннің өзі. Не түсіріп жатқанына мән беруді ұмытып, қалай түсіруді уайымдап кеткені де осыдан болса керек-ті. Қазан қаласын қашық планда алған кездегі камераның дірілі көзді ауыртып ғана қоймай, сүрең тартқан кейпімен көңілді құлазытады. Ақыры Қазанның имиджін жасамақ болған екен, алда өтетін Бүкіләлемдік жазғы Универсиадаға,су спорты түрлерінен болатын әлем чемпионатына, тіпті әлемдік футбол додасына да мекен болатын қаланың сұлулығын жарқырата көрсету қажет еді. Фильмнен Қазанның кереметін сезіне алмадым. Және бір кемшілік, оператордың жалқаулығы ұстап қалғандай, себеп кадрлардың аз өзгеруі- штативке камераны бекітіп, record-ты басып ғана қойып, сырттан бақылап отырғандай әсер береді. Кинода детальды түсірілім аз, кадрлардың алмасуы да дөрекі, қиюласпайды. Жалпы мұндай толықметражды дүниені түсіргенде режиссер мен операторлыққа жеке-жеке адам бекітіліп, әрқайсысы өз міндетін атқарғаны жөн деген ой қағылған орнына қағыла түседі.

    Актерлердің ойынына да мақтау жоқ. Мария Кожевникова(Дайан Джонс ), Гоша Куценко(Иван Грозный, Сүйінбике мұнарасының күтушісі), Виктор Вержбицкий(әскери коммиссар полковник Морковников) тіс қаққан, сақа актерлар болғандықтан, олар үшін мұндай салмағы жоқ рөлдерді алып шығу-ышқынуды қажет етпейді.

    Татар қызы Эльвира Ибрагимованың ойыны- «Су астындағы достық» («Подводная братва», «Shark Tale») анимациялық фильміндегі кірпі-балық Сайксты еске түсіреді. Көргендер біледі, сондағы Сайкстың дауысы ішіне ауа толтырылса қатайып, ауасы кетсе шиқылдап шығатынын. Міне, фильмдегі Гульнара да сондай. Алғашында тәкаппар, өр мінезді, қолға түспестей болып көрінген ол, фильм ортасында жынынан айырылған бақсыдай желі шығып, дауысы да бәсеңдеп, мүләйімси қалады.

    Кирилл(Алексей Воробьев) болса, еркін, қимылдары үйлесімді, суда жүрген балықтай сезінеді өзін. «Қаланың баласы ауылға келсе түлкі болады» дегендей қаладан ауылға келген баланың рөлін алып шыққан расын айтқанда.

    Кинода есте қалған екі ғана кейіпкер болды, ол Азим атай(Сергей Шакуров) мен қытайлық Ли(Михаил Водзуми). Екеуі де орыс тілін акцентпен сөйлеп, у-шу(у-ся) өнерімен фильмге аз да болса қызу берді.

    Есте қалғанмен қоса, кесіп алып тасталынса да киноға еш нұқсан келтірмейтін және екі рөл бар. Бірі-Любасик(Светлана Чуйкина) пен оның иті Скотик және Альберт (Денис Ясик). Бұл адасқандарды фильмге неге қосқаны белгісіз. Бір-бірлерін білгені болмаса, оларды ешкім танымайды, керек те етпейді.

    Руслан Муратов бас компазиторлық еткен екен. Алексей Воробьев те бар композиторлық құрамда. Руслан мұның алдын да танылып үлгерген композитор. «Высоцкий. Спасибо, что живой», «Турецкий гамбит», «Адмираль» сияқты сүйекті туындыларды әуенмен әрлеген. Толық көрмесем де бір-екі жерін іліп-қағып шалып қалғанымда музыкасы түрпідей тимеген-ді. Ал, «Қ.К. қазынасына» келгенде өз жолынан бұра тартып, Воробьевтың ығында кетіпті. Киноның музыкасы-қыртымбай арзан әуен. Ара-тұра татар сазы да қосылып қояды. Жайлылық жоқ. Воробьев пен Бьянка бірлесе жазған «Золото манит нас» саундтрегі те еліте алмады.

    Фильмді көріп отырып, пафосты жасыруға тырыса тұрып, сол пафостың сезілуін қалайтын да әдіс болады екен ғой деген ой келді. «Қ.К. қазынасында» осы әрекет қылаң береді. Фильм соңында әскери антын берген Кириллдің патриотизмге толы сөздері, барынша жасақталған әскери оркестр, Лев Лещенконың баритон даусымен ән салуы - комедия үшін жабайы санасам да, қазіргі түсініктер ығында пафос пен әсірелеуге толы боп көрінсе де мұны киноны жасаушылар дұрыс деп тауыпты. Және сол кезде ғана комедия түсіріп отырғандары есіне түсіп кетіп, Кириллге «Сен шық дағыны, қыртым-қыжым бір әніңді айтып, аяқтай сал» дегендей әсерде қалдырды. 110минуттық сапырылып, ығып жатқан хронометражды шыдап көріп болған соң, Азим атайдың татар акцентінде былдырлаған дауысы ғана жадта сақталыпты. Жалпы грузиндік, кавказдық акценттерге елегізи қалатындығымнан болса керек, татар акценті де әуезді естілді. Атақты Сүйінбике мұнарасы да, Азим атайдың ағаш шарбақпен қоршалған, іші бұйымға толы татар үйшігі де ұтымды шыққан. Қыртқан әзілге құрылған диалогты естуге пейіл болса, не көретін ештеңе жоқ болған кездегі бостықты толтыру қажет етілсе бір кіріп шығуға болады.

    Тақырыпты қай-қай мағынасында да қабылдай беруге ұлықсат)

Пікірлер