• Біздің парақшалар:
  • Раймбек Егембердиев «Күрескер-бір: Жұлдызды соғыстар хикаясы» фильміне жазған рецензиясы

    • — 26 желтоқсан 2016
    • Баға: 9/10

    Жетінші эпизодтан соң фанаттардың жүрегінде қалған жырықты жамайтын кино. Ақшаны қуған мыжыма кино ма деген қорқынышпен барып едім, ерекше әсер алып қайттым. Түсірілу деңгейі, актерлар, барлығы жоғары деңгейде. Эффектілер, ғарыштағы соғыстар да барлығы шебер, оларсыз қалай болсын, өйткені бұл "Жұлдызды соғыстар" ғой. Гарет Эдвардсты бұрын танымайтын едім, енді оны Жұлдызды соғыстар фильмін өз ізіне қайтарған адам ретінде танитын боламын.

    Кино сюжеті өте шебер құрылған, басқа эпизодтарда түсініксіз қалған жайларды ашып береді. Үшінші және төртінші эпизод арасындағы оқиғаларды көрсетіп, сол кездегі көтерілісшілердің жанкешті әрекеттері мен саяси жағдайларды, өлім жұлдызының құрылу тарихын көрсетеді. Осыған дейін барлық эпизодтарда көтерілісшілер пәк, тек жақсылық үшін күресетіндер болып көрінсе, бұл эпизодта олардың да жай саяси құрылым екендігін, оның да кемшілігі бар екендігін ашқан.

    Фильмнің кульминациялық ең мықты сәті, ол Дарт Вейдердің пайда болуы. Осы рецензияны тек осы сәт үшін жазып отырмын десем де болады. Ешбір эпизодта "күш" дәл осы сәттегідей тамаша көрсетіле алмаған. Сенімдімін, киноның осы сәтінде әрбір фанаттың кірпік қағуға шамасы келмей қалған болар. Киноның соңына дейін көтерілісшілер ерекше адам қызығатын жандар болып көрінеді, олар батырлар, күрескерлер. Бірақ, олар шынайы "күш" алдында, құмырсқа, түкке тұрғысыз. Спойлер жасағым келмей отыр, мұны тек көру керек.

    Қазақша дубляжға келетін болсақ, әлі де сапаны көтеру керек секілді. Дауыстар адам характеріне қарай таңдалуы және басты кейіпкерлер дауыстарының бір-бірінен айқын айырмашылығы болуы керек. Ондайды байқамадым. Әйтсе де бұрынғыға қарағанда жақсылау.

Пікірлер