• Біздің парақшалар:
  • Раймбек Егембердиев «Фантастикалық жануарлар және оларды қайдан табамыз» фильміне жазған рецензиясы

    • — 18 қараша 2016
    • Баға: 6/10

    Абылай Әділхановпен киноны бірге көрген адам ретінде 5 тиынымды қосып кетейін.

    Гарри Поттер әлемімен жақсы таныспын деп айта алмаймын, бірақ кинолардың барлық серияларын көріп шыққанмын. Әр серияда бір оқиға болады, яғни, әр серия жеке кино бірақ жалпылама оқиға желісі біреу. Ол үлкен артықшылық. Ал мына фильмде ешқандай да ондай асқан ойластырылғандық болмайтыны көрініп тұр. Үш серия ма бес серия ма болады дейді, бірақ келесі сериялардан не күту де белгісіз. Егер келесілерінде дәл осы сериядағыдай тек әдемі эффектілер мен таяқты ары-бері сермеу болса барудың түк те қажеті жоқ. Қалғандары да дәл осы секілді "одноразовый" болып шығады.

    Ескерту! Келесі абзацтарда спойлерлер бар.

    Кино тек ойдан шығарылған жануарларды көрсетумен болады, иә, қылықтары қызық, оқиғалары да қызық, одан ары аса алмайды. Барлық ставканы сол жануарларға қойған. Бұл бірінші желі, екіншісі Грин Де-Вальд туралы. Былай сырттай қарайсың жануарлар мен оның қатысы не? Ал қатысы мынада екен: атақты жауыз сиқыршы қара түнек сиқыр күшін іздеп жүреді екен де, ол да қайдан алынғаны белгісіз тылсым жануарлар қатарына жатады екен де, сөйтіп Ньют чемоданында сондай тылсым күштің біреуі жатады екен де (яғни, Ньют ондай күшпен таныс), сол жерде Грин Де-Вальд желісімен байланыс пайда болады екен. Қандай шебер байланыстырып жіберу? Өз басым олай байланыстыру тек келесі серияларда да оқиғаларды саусақтан сору үшін жасалған деп ойлап отырмын.

    Оқиға желісіндегі тағы миым касета шайнап қалған жер ол Ньют пен қасындағы қыз оп-оңай өлім жазасына жазылады да, соңында Грин Де-Вальд (атақты жауыз, өте қауіпті сиқыршы, көп қираулар мен қасіреттердің кінәлісі) ұсталғанда "біз сені өлтірмейміз, жәй ғана қамап қоямыз, келесі серияларда қажет боласың ғой" деп "алып кетіңдер" деп президент пафоспен сөз сөйлейді. Ал Грин Де-Вальдтың шын бейнесін кім ойнайды?! Кім-кімсің Джонни Депп! Киноның ең соңында бірнеше минут қана көрсетіледі, не үшін екені бірден түсінікті, әрине келесі серияларды қарауға шақыру, интрига жасау. Сонда кино келесі сериялардың болуын және оған шақыруды оқиға желісімен емес актер арқылы көрсетті. Кино түсірушілер қызықтырып емес жалынып шақырып тұрғандай болып тұр. Бұл енді детальдарына тиісіп кету шығар, бірақ репутациясы мықты әлем үшін, сценарист пен режисерлар үшін үлкен кемшілік жасалды деп есептеймін.

    Мүмкін әлемді жақсы білмегендіктен көп нюанстарды түсінбей отырған шығармын, бірақ егер солай болса онда киноның триллеріне "Ескерту: тек Гарри Поттер әлемінің фанаттары үшін" деп жазылып қойса да жарасар еді.

    Ал бағамды (6 бал) тек сапалы эффектілер мен актерлардың жақсы ойындары үшін қойдым. Оқиға желісіне 3 бал қойсаң да жарасатын сияқты.

Пікірлер