• Біздің парақшалар:
  • Private Rayan «Мисс Перегриннің өзгеше балаларға арналған үйі» фильміне жазған рецензиясы

    • — 18 қазан 2016
    • Баға: 8/10

    Тим Бертонның анау айтқан бір фанаты болмасам да, «Мисс Перегриннің өзгеше балалар үйі» фильмі ұнамады дей алмаймын. Тәп-тәуір фэнтези шығыпты.

    Фильмнің басында Джейкоб деген америкалық қарапайым, аздап бұйығы баланың қызықсыз өмірі көрсетіледі. Оның жалғыз ғана досы бар – қарт атасы. Ол Джейкобқа түрлі қызықты әңгімелер айтып беретін, әсіресе түрлі қабілеттері бар ерекше балалар туралы ертегілерді құлағына құйып отырды.  Бірде оның атасына қастандық жасалады, бірақ ол өлер алдында Джейкобқа мән-жайдың шет жағасын түсіндіріп үлгереді. Бас қаһарман алыс жолға шығып, атасының шын мәнінде не шаруа бітіріп жүргенін білмек болады...

    Қысқа-нұсқа қайырып жіберсек,

    Фильмнің ұнаған тұстары:

    - Жақсы сценарий, тың идея. Бұрынғы фэнтези жанрындағы фильмдерге ұқсамайды. Басқаша ертегі. Ренсом Риггздің қорқыныштылау келген ескі суреттермен безендірілген «Өзгеше балалар үйі» тырнақалды романы бүкіләлемдік бестселлерге айналғанда, Голливуд қол қусырып қалмағаны белгілі. Әйткенмен, дәстүр бойынша кітабын оқығандар фильмді жақсылап тұрып сынап жатыр.

    - Ева Грин. Рөлінде қатып тұр. «Көз ойындарын» айтсаңызшы! Жалпы образы, костюмдері, гримі өте сәтті шыққан. Евадан басқа ауадан да жеңіл қыздың рөлін ойнайтын Элла Пернелл де фильмге жақсы үйлесіп-ақ тұр.

    - «Алиса айнаның арғы бетінде» сияқты (ол да Бертондікі) кейбір фэнтези-фильмдердегідей қым-қуыт қойылымдар жоқ. Барлығы «шынайы өмірдегідей», бірақ готикалық атмосферамен түсірілген. Әсіресе уақытты тоқтатып қою, қайталау, минут-секундына дейін дөп басу сияқты эпизодтар өте қызықты.

    Ұнамаған тұстары:

    - Әдемі басталып келе жатыр еді, соңғы жағы ұйпа-тұйпа болып кетті. Құлағыңды түріп отырмасаң, фильмдегі құбыжықтар туралы маңызды бэкграунд ақпараттан құр қалдым дей бер. Ева Грин әлгілер туралы екі-үш қайырып, тез-тез түсіндіріп тастайды да, дереу шым-шытырық сюжеттер басталып кетеді. Бұл кітаптағы оқиғалардың жалпы тарихын фильмге сыйдыру үшін жасалғаны көрініп тұр.

    - Айқас барысында кезек күтіп төбелесу әдебі. Бір зұлымның көзі құртылғанша, екіншісі бұғып отыратындай әсер қалдырады (фильмнің монтаждалуына сын).  Сосын зұлымдар кішкентай қаһармандарды баласынып менсінбеді ме екен, әйтеуір аздап жайбарақат. Ал Сэмюэл Л.Джексон сомадаған жағымсыз кейіпкер дарақылау көрінді.

    Фильм жас балалар үшін тым қорқынышты. Өзгеше балалардың қабілеттері жүрегіңді тітіркендіреді. Кішкентай балаларға көрсетпеңіз. Нүкте.

Пікірлер