• Біздің парақшалар:
  • Райан Лесли «Неон демон» фильміне жазған рецензиясы

    • — 15 тамыз 2016
    • Баға: 10/10

    "... сұлулық әлемді құтқарады."

    Ал мен, керісінше, "сұлулық әлемді құртады" дер едім. Сұлулық, әрине, жаратылыстың ең керемет бір ғажайыптарының бірі шығар. Ол күмәнсіз. Бірақ адам бар жерде, адам сұлулықты көрген кезде, міндетті түрде оның айналасында, оның көлеңкесінде көрінбей ібіліс жүреді. Сұлулық дарымаған адамдар оны үнемі қалайтын болады. Оны өзінің өмірінің ажырамас бір бөлігі болса екен дейді. Ал егер ол сұлулық бұйырмаған болса, басқа адамдағы сұлулық сол адамға әділетсіздіктің салдарынан дарыған деген арам ой келуі әбден мүмкін. Әрине, ол ой, тегіннен келмейді. Сыбыр-сыбыр етіп отырған бұтаның түбінде жасырынған ібілісті ұмытпадыңыз ба?

    Ауылдан қалаға өз бақыты мен өмір жолын іздеп келген қарпайым қазақтың американдық бойжеткені періштелер қаласын бірден таңдандырды. Басқа қалай болуы мүмкін еді? Пәктік, нәзіктік, силикондар мен небір түрлі пластикалық оталармен бүлінбеген тән ғана емес, жан да тазалығы әрқашан көз тартарлық мінсіздіктің белгісі болып қала береді емес пе. Тура бір жаңа түскен шықтай. Бірақ шықтың бір кемшілігі бар емес пе. Уақыт өте ол шаңның әсерінен былғанады. Күннің әсерінен кебе бастайды. Желдің әсерінен жапырақ бетінен аққан жұлдыздай құлайды. Пәктік пен нәзіктік те тура сондай. Оны адамзаттың құмарлығы, ақшаға деген ұмтылысы көп ұзамай өзінің өшпес ізін қалдырары анық.

    Сұлу да пәк Эль Фаннинг сомдаған Джессидің де өмірі осы сценариймен өтпек. Ел үйреніп, көзге сіңіп болғаннан кейін ол байырғы ел назарын өзіне аударғысы келетіні анық. Назар - есірткі. Сол бір "дозаға" бола ол да өзінің жаңа құрбылары секілді пластикаға, силикондарға көзі түсері тек уақыт еншісінде. Әзірге "гүл-гүл жайна, гүл-гүл ойна қыз-бозбала шағыңда..."

    Стереотип деген қоғам өмірінің айнымас бір бөлігі. Онсыз қоғам өмір сүре алмайды. Жас Джессидің осы уақытқа дейін еш еркекпен жатпағаны таң қаларлық жағдай ма? Жо-жо, Джесси, бұл жағдайды түзету керек! Құрбыңмен болса да... Болмаса...

    Жалпы Николас Виндинг Рефнның шығармашылығы мен кино өнеріне деген көзқарасы "Драйвтан" кейін өзіне назар аудартпай тұрмады. Үнсіз, сабырлы, бірақ ішкі сұлулығы мен қайраты көзінен көрінетін кейіпкерлері басқа режиссерлерге қарағанда әлдеқайда сәтті шығып жатқан секілді. Дат кино мектебі, сірә, бүкіләлемдік назарға лайықты. Кадрлардың қойылымы, актерлерді таңдауы, декорациялар мен костюмдердің үйлесімдігі - барлығы фильм атмосферасын толықтай беріп тұр. Әсіресе Клифф Мартинеске сеніп тапсырылған (бірінші емес) әуендік көркемдеу - Николастың ең бір сәтті қадамдарының бірі. Қазіргі фортепиано мен оркестрлік сүйемелдеу заманында таза электронды дыбыс, 80-ші "неонды" жылдарды еске салатын "аспаптарды" қолдану үшін біршама ерлік керек. Бірақ ол қадам өзін толығымен ақтады деуге болады. 

    Мен қазақстандық премьерасы күні таңертеңгі (жұмыс бабымен уақыттың ыңғайы болай болғандықтан) сағат онға билет алып, кинозалда жалғыз өзім отырып көрдім. Маған тіпті осылай көбірек ұнады. Ешкімнің мұндай киноларға қызықпайтындығы, әрине, жақсы емес шығар. Бірақ, бір жағынан артхаусты, өзіндік көзқарасы бар фильмдерге қызығушылықтың аз болуы тіпті жақсы да шығар. Себебі қазіргі кино саласы екіге бөлінген - кино өнері және кино бизнесі. Коммерциялық фильмдерді онлайн да көре салуға болады. Ал мынандай кинолардан кейін жаныңда, көз алдыңда бір ерекше дәм қалады. Мұндай кинолар ой салады, өмірге деген көзқарасты қайта қарастыруға шақырады. Кино өнерінің футбол секілді әбден қызыл ақшаға саудаға айналып кетпегендігіне сенуге үміт береді. 

    10/10. Биылғы көрген ең керемет фильмдерімнің бірі. 

    П/С: "Бәкі-адамды" көре алмай қалғаныма әлі өкініп жүрмін...

Пікірлер

  • Cіздің рецензияңыздан кейін көрдім. Ерекше әсерде отырмын. Қорыту қиын, бірақ көпке дейін есімнен шықпайтыны анық :)