• Біздің парақшалар:
  • Private Rayan «Өлімге бәс тіккендер жасағы» фильміне жазған рецензиясы

    • — 5 тамыз 2016
    • Баға: 6/10

    О обманчивая надежда человеческая!

    Цицерон

     

    Ешбір фильмді бұрын-соңды бұлай күткен емеспін. Негізі мұндай жанрды ұнатпасам да, былтыр нағыз шедеврге татитын трейлерін көргелі осы киноны көрмей қоймасымды білдім. Премьера күні де жаппай дүрмектен қалмайын дедім, сөйтсем...

    Ұнамағандарынан бастайын: сценарийінде шалағайлық көп. Фильмнің авторлары сюжетті ойластырудан бұрын суперқаһармандардың жеке бастарын сыпаттаймын деп біраз  тер төккен, алайда кейбіреуіне әлгіндей қасиеттердің қалай қонғаны сәл түсініксіздеу болып қалды. Кейбіреулерінің көзсіз батыр болуына ерекше қасиет емес, психикалық ауытқулар көбірек себін тигізген тәрізді. Әйтпесе шаш ал десе бас алатын жасақтан сұмдық суперқабілеттер көре алмадық – тек жақсы төбелеседі  («ондайлар біздің ауылда да толып жүр» дегендей).

    Басты жауыз демекші, негізгі оқиға аталмыш қаһармандар мен Джокердің арасында өрбиді деп сеніп келгенбіз.  Джаред Летоның Джокерін қызықтамақ едік, көңіліміз көншімеді. Джаредке қоятын кінә жоқ, жақсы ойнап шықты, бірақ рөлі негізгі оқиғадан тым алшақ. Бар болғаны жасақтың белді мүшесі Харли Куинмен көңіл жарастырып жүр.... Кинода тек махаббатқа масайып, шаруаларынан біраз қол үзіп қалған Джокер туралы үзінді беріледі.

    Ал басты жауыз ретінде өзге әлемдік сиқыршы «кемпірдің» хикаясы қазіргі заманғы көрермен үшін тым ебедейсіз көрінеді. Әсіресе оның өзінше әскер жинамақ болып, қолға түскен қалалықтарға «маңдайдан иіскеу» рәсімін (басқаша сипаттау мүмкін емес) өткізгені күлкіні келтірді. Бұлай жекелей «өңдеуден өткен» жүз шақты жауынгердің де қауқары шамалы еді: оққа ұшты, қылышқа жаншылды. Осының әсерінен бе, жалпы көрсетпек болған орасан зор апат ауқымы сезілмейді: үлкен үрей жоқ, қала жым-жырт.

    Әсіресе сиқыршыға қатысты финалдық сцена тым қарабайыр: оның телепаттық қасиеті бар, бірақ алдағанға сеніп қалады, ол – ерекше күш иесі, дегенмен адаммен «адамша» алысып жүр. Сөйтіп тойдың соңы қып-қызыл боевикке айналды. Бүгінгі таңда талғамы өсіп, анау-мынау алдағанға көнбейтін жұртшылыққа мұндай Мортал Комбатты қайталаудың қажеті жоқ еді. Соның ішінде диалогтары мен монологтарынан да 80-90 жылдардың арзанқол дүниелерінің иісі аңқып тұр. Зу-зу ұшқан оқтың астында қалып, талай бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болған қаһармандардың қағытпа әзілдері бір тыйылмады. Десек те, сәтті шыққан тұстары комедия жанрынан қалыспайды. Классикалық үлгі бойынша осындай қалжыңбастардың ішінде қалжыңды дым түсінбейтін, дым күлмейтін әйтеуір бір азиялық жүреді. Ал оның және басқаларының адам сенгісіз сентименталды монологтарынан мысал келтіру бұл жерде артық енді.

    Ал енді фильмнің жақсы тұстарын айтсақ, ең біріншіден ол – актриса Марго Робби! Ол – фильмнің мәні мен сәні. Үздік комедиялық, ең романтикалық, ең әсерлі сәттер көбінесе оның кейіпкеріне (Харли Куинн) байланысты. Құдайға шүкір, рөліне экран уақытының біраз бөлігі жұмсалыпты (есесіне қалғандары осының кесірінен ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр).

    Жалпы актерлер жақсы таңдалған, шеттерінен бәрі жұлдыз (Уилл Смит, Кара Делевинь, Юэль Киннаман, «біздің» Джей Эрнандес және тепсе темір үзетін тәтелердің образынан шықпайтын Виола Дэвис), киноны да «тіреп» тұрған солар. Бірақ Клинт Иствудтың баласы сияқты актерлерді танымалдығы үшін түк қажеті жоқ рөлдерге шақыру артық болды.

    Дегенмен, негізгі сюжетке көңіл бөлмей, қызылды-жасылды кадрлар мен жұлдызды ойындарды көргіңіз келсе, өз еркіңіз. Жекелеген эпизодтары шынымен әдемі түсірілген екен.

     

    Беретін бағам 6/10, оның 5-і Марго үшін!

Пікірлер