• Біздің парақшалар:
  • Batyrbek Alimzhan «Варкрафт» фильміне жазған рецензиясы

    • — 16 маусым 2016
    • Баға: 9/10

    Уоркрафт (Варкрафт емес). Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Киностан әкімшілігі фильмнің қазақша атауын УОРкрафт қылып өзгертсе деген ұсыныс бар. ВАР - орыс тілінің өзіндік ерекшелігіне бейімдеп айтқан сықпыттары. Біздің тілде түпнұсқадағыдай етіп (соған барынша жақын) дыбыстауға еш кедергі жоқ деп ойлайм. Тем более, совет кезінде шығып, цементтеліп қалған термин емес. [Доктор Ватсон – Эмма Уотсон дегендегі айырмашылық жайлы естіген боларсыздар]

    Енді фильмнің өзіне келсек.

    Көпшілігіміз білетіндей, аталмыш фильм Blizzard Entertainment компаниясының шығарған Warcraft ойындар сериясының негізінде түсірілген болатын. Өз басым ойынды соншама көп ойнадым жəне керім ойнадым деп айта алмайды екем. Бірақ, достарым ойнаған болатын. Өзім ойнағаннан гөрі олардың əскер жинап, бір-бірімен соғысып жатқандарын сырттай бақылайтынмын көбіне. Жалпы, ойынның идеясы, құрылымы, дизайны маған ұнайтын. Бұл айтып отырғаным осыдан 12-13 жыл бұрынғы нұсқасы. Одан кейін сан рет жаңартылып, жетілсе де, ойынның негізгі оқиғасы, басты кейіпкерлері аса қатты өзгеріске ұшырамаған, қателеспесем.

    Фильмнің сюжеті, арнайы эффектілер, персонаждардың барынша шынайылығы (яғни, ойындағыдай келбет, дауыстары) - барлығы ұнады. Керемет үйлестірген. Тіпті, грифон да дəл ойындағыдай. Көктен түсірілген кадрларда ұрыс алаңдарын кезекпе-кезек көрсеткен кезде сол баяғы компьютерде ойнап отырып, мышкамен бір орыннан екінші орынға ауысып отырғандай əсерде болдым.

    Фильмді қарап болғаннан кейін де оқиға желісі əлі бітпеген, тіпті ортасына да келмеген сияқты боп көрінді маған. Кем дегенде трилогия күтем. Күткенде асыға күтетін жанкүйерлер тізімінде болам деп шештім.

    Эх, Дуротан, Дуротан (Н емес. :) ).

    Нағыз еркек, нағыз орк!

    Ойынды бұрын-соңды ойнап көрмегендер 10/10 деп бағаласа, осы ойынның нағыз майталмандары толық көңілдері толмай 7/10, 8/10 деген баға беріп жатыр дегенді естігем. Олардың пікірінше, сюжет желісі ойындағыдай емес, ауытқып кетіпті-міс. Кей маңызды кейіпкердер де тыс қалып қойған дей ме...

    Режиссері Данкан Джонстың осыған дейін түсірген шығармаларынан «Исходный код» (Source code) фильмін ғана біледі екем. Маған ондай қатты ұнамаса, атап өтуге тұрарлық туынды деп бағалаған болатынмын.

    Музыкасы: Әйгілі «Тақтар ойынының» саундтрегін жарыққа шығарған Рамин Джавади осы Уоркрафттың да музыкасын да жасағанын білген кезде таң қалмадым. Білікті маманның ісі екені бірден білінді.

    Айтпақшы, Америкада прокатқа біздегіден гөрі кеш шықты, яки бір апта бұрын. Еуропаның кей елдері мен Ресей (+Қазақстан), Филиппинде екен ертерек шыққаны. Көптеген батыс киносыншылары негатив баға беріп жатыр дейді. Мұхиттың арғы жағындағы қарапайым көрермен не айтатынын Солтүстік Америкалық прокатқа шыққаннан кейін білетін боламыз. Прокат әлі де жүруде. Орыстілді прокатта керісінше өте жоғары бағаға ие болыпты. Мен де сондай жоғары баға берушілердің қатарындамын.

    9/10

Пікірлер