• Біздің парақшалар:
  • Димаш Зиядин «Абайлаңыз, сиыр!» фильміне жазған рецензиясы

    • — 6 наурыз 2014
    • Баға: 7/10

    Ғашық жүрек немесе коктейль для коровы

    Кейбір фильмдер болады, ұнаған-ұнамағанын біле алмай қор боласың. Көңіліңе жақпады дейін десең, әне бір жерінде жер тепкілеп күліп, риза болғаның бар, айызың қанып, рахаттандың дейін десең, мына бір тұсында телефон шұқылап кетіп, қалғып отырғаның бар. Бүгіннен бастап қазақстандық кинотеатрлар кестесінен орын алған Ұзабаев-Есентаева тандемінің «Осторожно корова» романтикалық комедиясы осындай кинолар қатарынан болып шықты мен үшін.

    Сірә, әрі-сәрі болып өзімнің де, оқырманның да басын қатырмау үшін, фильмнің менің ойымша сәтті-сәтсіз шыққан жерлерін тізбелеген дұрыс-ау.

    Алдымен, жобаның Тарантиносы бас продюсері, басты рөлдегі актрисасы және бас жарнамалаушысы болған Баян Есентаева мен қазақтілді болмаса да қазақ аудиториясының талаптарына сай кино түсіріп жүрген Асқар Ұзабаев фильмі не туралы екенін білейік.

    120 келі салмағы бар Айгүл атты кеңестік кезеңнің студенті бүгінде бай-бағландардың қатарында: жеке мұнай компаниясы бар, бақуатты әйел, артық салмақтан айрылған кербез сұлу. Бір кездері өзін елдің алдында аймандай еткен Әйгерім атты группаласының себепші болуымен жастық шағының махаббаты Марленді қайта жолықтырған ол бұрынғы сүйгеніне ерегіскенде Аққайнар ауылының атынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайлануға таласып, бірге түспек болды. Алыстағы ауылға аттанған қалалық керімнің қызығы мен шыжығы, көрер құқайы осы жерден басталады.

    Сонымен, не ұнады:         

    • Алғашқы бір сағаты. Фильмнің нәрі мен сөлі, айтары, берері осы жартысында дер едім. Әлгі бағана біз айтқан жер тепкілеп күлетін жері де осы кез. Көрерменді күтпеген контрастармен, кадрлармен мәз қылатын тұсы. «Ә, бәсе, Ұзабаев өстісе керек-ті» дейтін кезіңіз.
    • Студенттік жылдарды көрсететін жері. Киім, ғимарат, жиһаз, қысқасы қоршаған орта мен реквизиттер тамаша таңдалған. Қарап отырып, сол жылдары оқыған әпкемнің студенттік суреттеріндегі атмосфераны сезіне алдым.
    • Әбунасыр Серіков. «Нысана» әзіл-сықақ театрының директоры (қателеспесем) кейіпкерінің бейнесін ашуда өзге актерлерге шаңын ғана көрсетіп, озып кетті. Шаршатып алған фильмнің финалында да осы Әбунасыр Серіковтың ойнауындағы ауыл әкімі ғана мойын бұрғызып, назар аударта алды. Осы уақытқа дейін жеке өзім тек театр мен жаңғырып шығатын дыбыспен жазылған телеарна түсірілімдерінен ғана көріп жүрген маманды енді үлкен кинодан көремін деп үміттенемін, қатты үміттенемін.
    • Ауыл тұрғындарының ойыны. iPod тыңдаған атадан бастап арбаға қыз жегіп «шү-шүлеп» бара жатқан балаға дейін фильмнің сәнін кіргізді деп айта аламын. Қайсысы актер, қайсысы шынымен сол Аққайнардың азаматы екені белгісіз болып қалады.
    • Айгүл Иманбаева мен Азат Сейітметов. Әлгі Майра Итаяқова рөлінің «қаққанда қанын, соққанда сөлін» шығарған Айгүл де, қарапайым, мейірімді, кемшіліксіз, қалалық сұлуды өзіне ғашық қыла алған кейіпкерді жақсы көрсеткен Азат та бір қарағанда білінбегенімен, жалпы панорамада өзіндік салмаққа, маңызға ие. 
    • Саундтректер. Ғалымжан Молданазардың керемет тректері мен КешYou тобының орындауындағы қазақша танго көңіл-күйді күшті көтереді екен. 

    Не ұнамады:

    • Фильмнің екінші жартысы. Әрине, шытырман сәттер, Марлен мен Айгүл Маратовна тайталасының ширыққан тұсы осы кезде көрсетіледі. Бірақ, бір шиеленіскен оқиғадан кейін тағы біреуін, одан соң тағы біреуін көрсету майға май жағып жегендей әсер қалдырады екен.
    • Азамат Сатыбалды. Баян Есентаеваның кейіпкерімен быт-шыт болып жүрген Азамат рөлін мүлдем алып шыға алмады деу орынсыз, әрине. Виски ішіп, темекісін будақтатып, қалай да депутат боламын деген сұрқия саясаткер бейнесі бірден көзге оттай басылады. Бірақ, тек орысша (тек қазақша акцентпен) сөйлейтін антиқаһарман жеке мен үшін сенімсіздеу болды.
    • Қазақ киносына тән жасандылық. Әрине, Есентаева фильмдерінде бұл кемшілік басқаға қарағанда аз, әлдеқайда аз. Алайда, отандық өндірістің көрермені ретінде менің баса назар аударып, бөліп-жарып, сынайтыным дәл осы жасандылық еді.
    • Фильмнің дыбысы. Кейбір бірнеше дауыс/дыбыс қатарласқан кезде құлағыңды жарып, басыңның ішінде ақырзаман орната жаздайды. Мүмкін, кейбір кадрға сүйсініп, қабылдай алмағаныма дәл осы техникалық аспект себепші болған шығар.

    Сөзсіз, фильм сәтті шыққан. Әсіресе, сапалы киноны ара-тұра көретін қазақ көрерменіне ұнай алады деп айта аламын. Оның үстіне, қазақтілді-орыстілді болып бөлініп отырған қоғамда хипстерлерді осы уақытқа дейін олар түрін көрмек түгілі атын естімеген Әбунасыр Серіковпен таныстырып, қазақи ақ көңілді көрсететін, ал арман қуалап үлкен қалаларға келген жастарға «success story-ды» шынымен жүзеге асыруға болатынын жеткізетін фильмнің ұнамауы мүмкін емес сияқты.

    Қалай болғанда да, қала мен дала ерекшеліктерінен тұратын коктейльді армансыз ішкен ғашық жүрек туралы коммерциялық потенциалы мықты, көптің аузында жүретін жоба жарыққа шыққан секілді. Көруге кеңес беремін.

Пікірлер