• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 420)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Мектепте оқыған Н.Гогольдың "Ревизор" деген шығармасы есімде ерекше қалыпты. Тексеруші боп келіп елдің бәрін ақымақ жасаған адамның оқиғасы неге екенін есімде жақсы сақталыпты. Кеше осы оқиғаны қазіргі заман көзімен, әрі киносын көріп қуанып қалдым.

    Бекмамбетов ұсынған "Ақымақтың күні" киносында: банкке көп ақша қарыз болған жігіт кепілдік ретінде әкесінің егістік жерін бермекші болып ауылға жолға шығады. Ауылға өтетін басты көпірдің бұзылып қалғанына байланысты олар жақын маңдағы аудан орталығында қалуға мәжбүр болады. Бар қызық осы кезден басталады....

    Балық басынан шіріп, жемқорлық жайлаған аймақтың "тексеру келді" деген кездегі қызықтары мен адамдардың өз мансабы үшін неге дайын екенін жақсы айқын сипаттай білген. "Тамақтарынан" өтіп кеткендері көп адамдардың "жан қиналысын" тиімді пайдаланып жас жігіттің ісінің немен аяқталатынын көріп, біздің елдегі біраззззз мәселелермен салыстырғыңыз келсе, тіпті өзіңіз көріп жүрген бірақ айта алмаған "құпияңызды" анық көрсеткіңіз келсе, "сол аурудың" біздің елде ғана емес басқа елде де бар екенін сезіну үшін баруға кеңес берем :).

    Тіпті мансаптың қаншалықты дәмді екенін сезініп қана қоймай әйелің мен қызыңды да осы "ұлы мақсат" жолында қалай жақсы пайдалануға болатынынан аздап сабақ алсаңыз да болады.

    Кино өте қызықты, күлкілі, ұқсастықтарды көрген кезде өзіңіздің қалай күлгеніңізді білмей қаласыз, сапалы. Берер бағам 7/10.

  • Askat Abdikary

    Барлық рецензиялар: 3

    Ноланның жаңа тамаша туындысы

    Не де болса мәңгілік емес. Нақты қай жылдары белгісіз, бірақ біздің планетамызды шаңды жел басып, әрі қарай тіршілік құруға мүлдем мүмкін болмауға шақ қалып тұр. Аталмыш фильм дәл осы сәттерді бейнелейді. Сондай аласапран кезеңдерге сай атмосфера, адамдардың тіршілік және де олардың тірі қалып, әрі қарай тіршілік жасауы үшін күресі шебер көрсетілген. Фильм әртүрлі қызық пен өкінішке, қайғыға, адамдардың бір-біріне деген махаббаты мен жеккөрініштік сезімдеріне толы деп айтуға болады. Фильм басталды. Залда тыныштық. Көрермендер фильмнің ішінде атақты Купер (МакКоннахи) және оның серіктесі Амелидің (Хэттеуэй) көргендерін бірге көріп, сезімдерін бірге сезінді десем артық болмас. Әсіресе, фильмдегі кішгірім әзілдер оның шынайылығын арттыра түскен секілді. «Интерстеллар»-дағы тағы бір айта кететін нәрсе, ол, әрине, робот. Ол роботтың да адамзаттың аман қалуына үлесі зор болды. Жалпы тоқсан сөздің толықтай түйіні—мағынасы бар, тамаша фильм көріп, тыныққыңыз келсе, интерстелларға қош келіпсіздер! Менің бағам толыққанды 10! Ағайынды Ноландарға алғысым шексіз.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Жалпыда 2- Дүниежүзілік туралы киноларды көп көрмеймін, жүрегім қатты ауыр алғандықтан қарай алмаймын. Мен үшін соғыс туралы кино көру "Сволочи" фильмімен аяқталған болатын. Алайда, америкалықтардың осы соғысқа деген көз қарасы олар түсірген нұсқа қалай болатынын көргім келетін.

    Қаһар / Fury / Ярость - киносы бүгіннен бастап көрсетіледі. Әрбір өзін жігітпін деп санайтын жігітке көруге кеңес беререм. Әсіресе, болмайтын нәрсеге көз жасын сығуға дайын тұратын жігіттерге. Жігіттер жыламайды емес жылайды, бірақ олардың жылайтын себебі басқа...

    "Қаһар" деп аталатын танкке бес адамның тағдыры байлаулы. Шебер қолбасшы бәрін тек алға жетелеп қана қоймай командасының әр мүшесіне үйіне аман қайтуына уаде береді.... Жаудың 300 әскерімен жалғыз қалған бесеуінің күресі жайлы түсірілген фильм. 

    Осы киноға түсу барысында Шайа Лабаф түк жуынбай қойыпты дейді. Шайа Лабаф өзін осы фильм арқылы басқа қырынан таныта білген. Бұрын церкв қызметкері болған ол өзінің жауыздық алдында өзінің адам өлтіруге деген ерекше қасиеті бар екенін ашады. Әр адам атқан сайын көзінен аққан жас пен күнәсін жуу мақсатындағы іс әрекеті адамға әсер етпей қоймайды. 

    Брэд Питт өзін кино саласында әр қырынан танытып үлгерген актер болса да оның нағыз қатыгез бола тұра жүрегіндегі адамшылық бар екенін айқын көрсете алған. Ол кинода өзіне тапсырылған міндетті жақсы атқара алған. Маған әсер еткен жері жас әскерді адам өлтіруге үйретуі. Шынайы соғыста да солай болғанына сенем.

    Джон Бернтал - Шайа Лабафқа қарама-қарсы мінездегі қарапайым әскер.Өмірдегі ішу-жеу мақсаттағы адамдардың ролін жақсы берген. Дегенмен, адам қандай жағдайда адам болып қалудың жақсы үлгісі. 

    Логан Лерман- жас болса да кино әлемінде қиын рольдерді сомдап үлгерген актер. Яростьта нағыз соғысқа келген таза, жауыздықты көрмеген, әлі де бала ролін жақсы сомдаған. Оның алғаш адам өлтіру кезіндегі жан қиналысы ешкімді бей-жай қалдырмайды.

    Кино жайлы қызықты фактілер:

    • Америкалықтардың танкілерінің немістердің танкілерінен әлсіз болғанын анық көрсеткен.
    • Бовингтондық британиялық танктер музейі кино түсірушілерге әлемдегі жалғыз жүріп тұрған немістердің Тигр I танкысын түсірілімге берген
    • Мықты актерлық құрам Брэд Питт, Шайа Лабаф, Логан Лерман, Майкл Пенья, Джон Бернтал
    • Махаббат тақырыбы "Сталинград" киносына қарағанда жақсы романтикалық түрде берілген.
    • Брэд Питт арнайы неміс тілінен сабақ алған.
    • Брэд Питт ұстаған винтовка - немістердің StG 44, Sturmgewehr 44 деп аталатын соғыс кезінде шығарған винтовкасы.
    • Кинодағы танктердің соғысындағы спецэффект жақсы берілген, адам тура сол жерде тұрғандай әсер алады.

    Не үшін бұл фильмді көру қажет деген сұраққа келсек, салыстыру үшін дер ем. Әрі америкалықтардың көз қарасын айқын көру үшін. Әрі қандай жағдай болмасын адамгершілік жоғары тұратындығын әрі адамдардың қаншалықты қатегез бола алатындығына көз жеткізу үшін көруге тұрарлық фильм.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңін суреттейтін америкалық фильм көрсең - 4 жылдық қантөгіс әдемі, эффектілі, тіпті көңілді өткендей әсер аласың. Онысы аздай, америкалықтар әлемді фашизмнен азат етуші болып шыға келеді. Бірақ "Қаһар" сәл өзгешелеу.

    Менің ойымша, жаһандық қырғынды барынша шынайы көрсетуге тырысқан Голливудтың сирек фильмдерінің бірі - осы "Қаһар". Бірақ осы арқылы картинаны тарихи дәйегі бар материал деп қарастыруға тағы болмайды. Қатігездік мен шынайылықты үйлестіріп көрсетемін деп тым артық кеткен тұстары да баршылық.

    Техникалық тұрғыдан фильмнің түсірілуі керемет. Арнайы эффектілерсіз "таза" соғыс. Әсіресе танкілердің жекпе-жектері ерекше әсер береді.

    Актерлік құрам да сәтті таңдалған дер едім. Шағын танкіге бес адамнан құралған экипаждың тым көптеу көрінгені болмаса, "соғыс барысында" әрқайсына берілген рөлдің өз маңызы бардай көрінді.

    Америкалық боевик қашан пафоссыз болып еді?! Бұл жолы да жалынды сөздер мен мақтаныш сезімін туғызуы тиіс іс-қимылдар көрініс тапты. Мүмкін мен қателесетін шығармын, бірақ кей сәттерінде Екінші Дүниежүзілік соғыс заманына тән емес, қазіргі заманға сай сөздер мен сөз тіркестері қолданылғандай болды.

    Айтылған артық-кемшіліктерді былай қойып, философиялық сарапсыз көрерменнің көзімен қарасақ "Қаһар" - ерлік пен достықты әдемі көрсете білген кинотуынды.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Маймылдар ғаламшары" алғашқы фильммен тоқтап қалса, оған деген төмендеу бағам сол күйінде қала берер еді. Енді ше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында баяндалған тақырыпты жалғастырып, дәлірек айтқанда - оған дейінгі оқиғаны көрсетті, біздің ғаламшардың мекиендердің әлеміне айналуына қатысты себептердің бәрі түсіріндірілді. "Маймылдар ғаламшарының көтерілісі" соны ғана жеткізгендей болды және әрі қарай тақырыпты өрбіту логикалық тұрғыдан тиімсіз еді, әрі бір нәрсені созғылап бірнеше фильм бойы қаузай беру де көрерменнің жүйкесіне тиер еді. Менің сиквелге қатысты ойым осылай болатын. Бірақ...

    Сценаристтер бұл жерде де күтпеген бұрылыс жасап, ұтымды сюжет құрастыра алыпты. Оқиға тек көтеріліспен бітпегенін, адамдар мен маймылдар қауымы арасындағы әрі қарай шиеленіс тамаша жеткізілген. Өркениеттен айрылмау үшін барын салған адамдар мен орманды өз үйіне айналдырып, өз тағдырларының эволюциясын қарапайым ғана алғашқы қауымдық құрылыстан бастаған Цезарь төңірегіндегі маймылдардың құндылықтар тұрғысынан бір-бірінен айырмашылығын көреміз. Дұрысы - айырмасы азғантай екенін ұғамыз. Аналар да өмір сүргісі келеді, мыналар да. Алайда, бауырласып, параллель тіршілік етуге жол жоқ. Себебі, екі жақ та бір-біріне сенбейді, ешкім де бейбітшіліктің жалғасатынына кепілдік бермейді.

    Бұл жерде бар мәселе бір нәрсеге келіп тірелетін тәрізді. Ол - сенім. Ал сенім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке орай, жауапкершілікті сезінер адам/маймыл иесі жоқтың қасы.

    "Маймылдар ғаламшарының таңы" жай ғана фантастикалық боевик десеңіз - қатты қателесесіз. Бұл біздің қоғамның айнасы, біздің ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық құрылысымыз бен өркениет философиясымыздың миниатюралы үлгісі. Ізгі ниетті көшбасшы, сенімді серіктер мен одақтастар мінсіз қоғам жасаудың кепілі бола алмайды, өйткені бәрібір сенің жолыңды теріске шығарып беретін жексұрын табылады, көпшіліктің бірігуі арқасында әупірімдеп қол жеткізген бейбіт те жайлы заманды аздық еткен бүлдіргі бәрібір шығады.

    Фильмнің апокалипсистен кейінгі атмосферасы керемет берілген. Жоғары технологияларға сүйенген тамаша графика мен арнайы эффектілер картинаны толымды қабылдауға өзінше бір үлкен үлес қоса түсетін тәрізді. 

    Финалы да әлі де айтарым бар дегендей әсер қалдырды. Ендеше күтейік.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Марвелден кейін жақсы көретін екінші дүнием ол - Дисней. Диснейдің әр мультфильмін жақсы көрем. Олар сондай әдемі әрі балаға тәрбиелік мәні бар жақсы өнім ұсына алады. "Город героев" / "Ержүректер қаласы" - мультфильміде Диснейдің кезекті шедеврі екеніне сеніп бардым, рас өзім ойлағандай болды. Мына бір шардан жасалған ыңғайсыз, томпақ сүйкімдіні екі ініммен бірге өзімде жақсы көріп кетем деп кім ойлаған? Танысып қойыңыздар, оның есімі - БэймаксСанфранциско қаласында 14 жасар роботтар құрау мен оларды төбелестіру ойынында алдына жан салмайтын Хироағасы мен әпкесімен бірге өмір сүреді. Аяқ асты жағдай болып ағасы Тадашиденайырылып қалған бала бұл әлемде өзін жалғыз қалғандай болады. Алайда, оған ағасы жасап берген адам денсаулығын күтуге жасалған арнайы роботы Бэймакс серік болады. Ол ағасының кездейсоқта қайтыс болғанын білмей, кек алу жоспарын құрып достарымен бірге"Ержүректілер алтылығы" деген суперқаһармандардан топ құрады...

    Мультфильмде атыс-шабыс төбелеске құрылғанымен мультфильмде баланы жақсылыққа, достыққа, бір нәрсені білуге, мейірімділікке үйрететін тұстары өте көп. Мультфильм мейірімге толы. Бэймакстың адамға көрсеткен мейірімділігі мен қамқорлығынан өзіңде сондай бір Бэймакс иеленгің кеп кетеді. Балаларды апаруға тұрарлық жақсы туынды. Өзім екі інімді апарып ем, екеуі сондай риза боп шықты. Үйге бара сала екеуі Бэймакс жасап шығу жоспарын құрып шықты :). Берер бағам 10/10. Қуана бірнеше рет көруге дайынмын.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Big Hero 6" деген комикстің бұрын барын білмеппін, ұятыма орай. Сол бойынша Marvel мен Disney бірігіп анимациялық туынды жасайтынынан да соңғы күндерге дейін хабарсыз болып шықтым. Бұл үшін де ұялуым керек.

    Жапон мен Америка мәдениеті әдемі үйлесім тапқан футуристік мультфильмде бәрі бар: әдемі де бояуы қанық сурет, әдемі музыка мен дыбыс, қарапайымдау болса да жақсы құрылған сюжет. Балалардың түсініп әрі қызыға қарауы үшін басқа не керек? Балалар тұрмақ ересектерді де елітіп әкетерлік сиқыры бар бұның.

    Кейіпкерлердің мінез-қылықтарын ашып көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Әрқайсысы қайталанбас өзіндік сипатқа ие. Туындыдағы әр кейіпкерге тағы бөлек бір-бір спин-оффтан жасап шығуға болады. Тіпті екінші дәрежелі кейіпкерлерге де.

    Бұны мультипликациядағы суперқаһармандардың жаңа да бөлек дәуірі деп атау керек шығар. Өйткені, бұлар экранға осыған дейін әлі шығып көрмеген дебютанттар. Сол себепті "6 қаһарман" әлемі болашақта кеңейтіліп, телевизиялық және басқа да көркем форматтарда дамытылып жатса таң қалмаңыз. 

    Бэймакс - мультфильм сюжетінің өзегі және ең маңызды кейіпкері. Осы мейірімді робот арқылы барлық дерлік юморлық және драмалық сәттер мен оқиғаның шарықтау шегі баяндалған. Бэймакс арқылы көрермен өзіне қажетті құндылықтарды түйеді.

    Сіздерді білмедім, ал мен жалғасын көргім келеді. 

  • qwerty0

    Барлық рецензиялар: 2

    Кәдімгі орманды-далаға ұқсайтын Глейд мекені үлкен дуалдармен қоршалған, ал ішінде - дерексіз ересек балалар. Бұл - Джеймс Дашнердің бест-селлері. 

    Ешбір жасөспірім қалай, не үшін онда келгендерін білмейді. Тек аттарын ғана біледі, ал кім екендері естерінде жоқ. Шығудың жалғыз тәсілі -  күніне бір рет қана ашылатын лабиринтті соңына дейін жүріп өту. 

    Спорттқа бейімірек Глейдтіктер "Жүгірушілер" қатарына енеді. Олардың жұмысы - лабиринттен шығар жолды іздеп табу. Бірақ екі кедергі бар:

    1. Лабиринт түн сайын пішімін ауыстырады, кешегі жол - бүгін басқаша.
    2. Түнде Гривердер - механикалық хайуандар - аңшылыққа шығады. 

    30 күн сайын Глейдтіктер қатары толығып отырады: біртүрлі жылдамсаты (лифт) арқылы адам және керек-жарақ жіберіліп отырады. Бір күні Глейд еліне Томас есімді бозбала жіберіледі. Құрты жыбырлап, тыныш отыра алмайтын бала, көп ұзамай Жүгіруші болады. Ғажайып пайда болып, бір күні Томас пен жолдасы Минһо екеуі лабиринтте қалып қойып, таң атқанда аман-есен оралады. Дәл сол күні жылдамсатымен Глейдке соңғы тұрғын жіберіледі, ол - алғашқы қыз - Тереза. Өзімен бірге оғаш жазба әкеледі. 

    "Лабиринтте жүгіруші" суретшісі (Марк Фисичелла) және сазгері (Джон Пэзано) арқасында жоғары баға алуда. Фильм жақсы-ау, алайда Гриверлерге тым аз уақыт бөлінген сияқты. 

    Екінші пландағы актерлер тым белсенді емес, осылайша негізге кейіпкерлерге көбірек назар бөлінген. Уилл Полтер Галлидің - "почти- native" Глейдтік - рөлін сомдаған. Оның келгеніне үш жылдай болып қалған. Галлидің көздегені - лабиринттен шығар жол тапқанша, Глейдтің статус-квосын сақтау. Полтер "Біз - Миллерлерміз" фильмінде ақымақтың рөлін сомдаған болса, бұл фильмде барлығы қарама-қарсы. 

    Әйтседе, арнайы эффектілер мен айналаның оғаштығы үлкен интрига туғызады. Қыз-жігіттердің қалай келгенін білеміз, бірақ "неге" екені фильмнің соңына дейын құпия сақталады. 

    Фильм "Аштық ойындарын" еске түсіруі мүмкін. Бірақ мұнда барлығы басқаша. 

    Алда бізді екі сиквел күтіп тұр. Тек сонда ғана барлық құпиялар жауаптарын табады. 

    Жалпы, фильм ұнады. Артық не орынсыз сәттер жоқ. Қалжыңдар түсінікті. 

    Бағам:

    • Арнайы эффектілер 7.0/10
    • Актерлер 7.5/10
    • Саундтрек 6.5/10
    • Гривер 7.0/10
    • Жалпы 7.0/10
  • Нұрлан Жанай

    Барлық рецензиялар: 1

    Жалпы отандық фильмдердің бәріне баруға тырысамын. Тек өзім ғана бармай достарымды немесе ата-анамды да алып барамын, бұл рет ата-анамымыздың уақыты боп, бірге кино тамашаладық... 

    Кино әдеттегідей бір күтілмеген оқиғадан басталды. Тергеуші қасы жарылып кеткен әйелді тергеп отырады, "Күйеуіңізді сіз өлтірдіңіз бе?" - "Жоқ". Бірақ бас кейіпкер Айман (рөльде Мақпал Исабекова ойнайды) жұбайын аямай сабағанын мойындайды. Содан Айман өз басынан кешіргенін айтып береді. Күйеуі үйленгенше ЕРКЕК боп жүріп, үйленген соң, оңдырмай ұрып-соғып, "малдың образын сомдағанын" толық баяндап береді. Мен оның бәрін тәптіштеп айтсам, сіздер үшін киноны көрудің мәні қалмайды. Киноның сценарийі жалпы жақсы, бірақ адамды кішкене жалықтырады. Бір деммен көріп шыға алмайсыз, арасында Инстаграмды ашып, лайк басып, бір-екі туит жазып үлгересіз. Ал режиссердің ісі сол барлық қазақстандық фильмдердікіндей, асып бара жатқан түгі жоқ! 

    Маған ұнамаған тұстары: Қазақстандық кинолардың көбісі кейінгі уақытта эротикаға өш болуы. Әйел адамның жыныстық қатынасқа түсуі және оның дене мүшелерін көрсетпей де адам тартуға болады. Ата-анаммен көріп отырған маған, кішкене ыңғайсыздау боп қалды. Себебі киноны +16 деген, ал киноның анадай жерлерін көргенде кинотүсірушілердің алдағанын түсіндім. 

    Ұнаған жерлері: 1. АуруханаАурухана қызметкерлерінің жауапсыздығы. Айман орнынан тұрып кеткенін кезекшілікте тұрған медбике байқамай қалады, соның кесірінен бас кейіпкер дәріге уланады. Қазіргі кезде кез келген ауруханада дәл осындай болмаса да, дәрігерлердің көп кемшіліктерін көз көріп жүр.

    2. Көршілер Күйеуі әйелін сабап жатқанда, ести-біле тұра көршілері барып, "қой, демейді", баласы анасына "шаруаң қанша?" деп, беймарал теледидар қарап отыра береді. Қалада көршілердің бір-бірімен қарым-қатынасы жоқтығының салдарынан қоғамда көптеген қылмыстар орын алып жатыр. Себебі көрші деген бұрындары көзің һәм құлағың болатын.

    3. Қатынды сабау, қылмысты суреттеу Әлемде ең көп және белең алған қылмыстың түрі - нәзік жандыларды ұрып соғу. Фильмде осы мәселені жақсы көтерген. Өз басым риза болдым.Әйел адамды ұру - ол еркектің әлсіздігі, басының жасамайтындығының айқын көрінісі.Киноның соңында көрсетілген статистикаға жүгінсек: "Әлемде 10 әйелдің алтауы өмірінде бір рет кинодағыдай зорлық-зомбылыққа душар болады екен. 603 миллион әйел үйінде таяқ жегенін қылмыс деп санамайды".

    4. Спортпен айналысу

    Мейлі, әйел болсын, еркек болсын, спортпен айналысу керектігін әдемі көрсетті. Жақсы мотивация берді. Әрине, күйеуің жынды болса, спортпен айналысып, оны ұрып-соғып, жындымен жынды болудың қажеті жоқ. Бірақ деніміз және жанымыз сау болуы үшін спорт ең дұрыс жол және болашақта дені сау ұрпақ әкелудің кепілі. 

    Ең ұнағаны Мақпал Исабекованың өз рөлін шынайы ойнағаны болды, жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Бас кейіпкердегі Айманның рөлін сомдау үшін физикалық және психологиялық жақтан үлкен дайындық керек. Ал Мақпалға осы рөлі үшін БЕС қоямын. Кино көруге тұрарлық. Отандық кино болған соң, көтермелеп 8 БАЛЛ қойдым.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Кино сюжеті "банальный" деген шаблонға келетін тақырып, мүмкін мыңдаған кинолардан осындай сюжет көргесін киноның соңы кино басынан белгілі боп отырған сияқты болды. Тақырып айқалап тұрған сияқты болғанымен елдер қадала қалған бір сөз туралы бірде-бір әсерлі дүние жоқ. Миллиондаған адамдар күнде көретін нәрсе. Әрине тек жігіттің кейбір батыл істері болмаса...

    Кинодағы әзілдерді дым түсіне алмадым, нәжіс туралы осыншама қалжың естіп дәл сондай күлкісіз қалжың естімеппін. Әлде менің түсінігім жетпеген қалжыңдар шығар.

    Жалпы бір романтикалық әсерге бөлегенімен, фильмде түйістірілу (стыковка) жоқ сияқты көрінді, бір күнді көрсетіп отырып, ортасынан үзіп тастаған сияқты әсерде отырдым.

    Әрине өмірлік романтиктерге ұнауы мүмкін. Маған ұнағаны Дэниел Рэдклиффтың жасыл сұр көздері ғана сияқты...

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Бірде менен бір жігіт "миыңның қанша пайызын қолданасың?" деп сұрады. Ойымда түк жоқ "100 пайызын" деп айтып қалдым. Енді ше, ол менің миым болса, еще тек менің ғана миым болса неге мен оны толықтай қолданбайды екем деп ойладым. Кейін оқыған материалдарымнан адам миының тек 10-20 % ғана қолданатынын естіген кезде өзімнің жауабымның да, ана баланың сұрағының ақымақтық екенін білдім.

    Енді сұрақ, сіз миыңызды 100% қолдансаңыз не болатынын ойлап көрдіңіз бе? Мен "жоқ"деп айтар ем, алайды бүгін көрген "Люси" осы сұрақты неге ойланбағанымды түсіндірген сияқты.

    Адам өз миының 30% қолдана алған кезде ол өз денесін толықтай меңгеріп, ауырлықты, жылулықты сезінбейтін күйге түсіп, оның өмірінде не болғанын бәрін есіне ұстайтын жағдайға жетеді. Ал 60% ға жеткен кезде ол өзгелерді басқаруды үйренеді дейді. Ал 100 %  жеткен кезде не болатынын енді ойлаңызшы?

    Люк Бессон ұсынған бұл фильм адам өз миын қаншалықты дәрежеде пайдаланса неге қол жеткізіп немен айналыса алатынын жақсы берген сияқты. Басында Люсиге Анджелина Джоли шақырылған екен, меніңше бұл роль оның ойнауында онша болмас еді, ал Скарлетт Йоханссон тамаша алып шыққан сияқты.

    Наркотик сататын жауыздардың қолына түскен Люси олардың тауар тасушы құралына айналып шыға келеді. Өз намысын қорғамақ болған кезде алған соққысынан ішіндегі наркотиктың ең күшті түрінің көп мөлшері оның денесінде өзгеріске түсіреді. Осы кезден бастап оның миының белгісіз қырлары ашылып ол бұрын адам баласы көрмеген білмеген жәйттарға қол жеткізеді. Ол өзі алған ақпаратты қайда жұмсарын, осыншама біліммен не істеу керектігін білмеген кезде оған Морган Фреман сомдаған ғалым көмек қолын созады.

    Кино төбелес, наркотик, ғылымға құрылған. Киноның ортасында документальный пайдалы фильм көріп көріп отырғандай әсерде қаласыз, бірақ Люсидің іс-әрекеті сіздің қиялыңыздың қайда апаратынын көрсететіндей әсер қалдырады.

    Бәрі жақсы, бәрі үйлесімді. Бір нәрсе ғана маған ұнамады: кейбір адамдарға наркотик арқылы миымның қолданысын арттыра алам деген ой салуы...

    Егер барлық адам миының 100% қолданса онда әлемнің қажеті жоқ, тек шексіздігі жоқ материя боп қалатыныңды түсіндіреді. Кино бір қараған кезде Джонни Депп түскен "Превосходства" киносына ұқсастық бар сияқты.

    Сөз соңында айтарым, кино көруге тұрарлық. Алған әсерім миымда ревалюция жасап кеткендей...

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Жұмысыңыздағы ең керемет өткен корпартивті көз алдыңызға елестетіңізші. Не болып еді?

    Қайда өткізіп едіңіз, ұялатын жерлері жоқ па?  Байқайм, қызарақтап қалған сияқтысыз. Әлде қымбатқа сатып алған көйлегіңіз бен туфлиіңіз есіңізге түсіп кетті ме?

    Иа, иа бұл кинода сол сіз ойлағандай мен ойлағандай корпатив тақырыбына құралған. Бірақ, тура сіздің күйіңізбен салыстыруға асықпаңыз... Тіпті сіз бастығыңызбен билеген сәттерде жоқ.

    Білмеймін, кино сол тақырыпқа құрылғанымен ол жерде жалпы корпоратив туралы аз ғана көрсетіледі.

    Сіздердегідей керемет, ұзақ тост айтылып сіздің мазаңызды қашырмайды. Бар жоғы корпоратив өткеннен кейін кімнің немен айналысқаны ғана суреттеледі. Себебі, түптеп келгенде қираған офисқа біреу жауап беріп ақысын төлеу керек қой.

    Шынымды айтсам киноның тақырыбының неге олай алынғанын және не айтқысы келгенін түсіне алмадым. Иа, мастар мен ұрсысып қалған әйелдердің іс - әркеттері қызық болғанымен аздап жалықтырады.

    Кино бір көруге ғана жарайды, жәй өзіңіздің корпативті елестетіп, өзіңіздің корпаративтен қайтқан соң не істегеніңізді еске түсіріп қайту үшін. Арасында рас күлетін жерлер бар, бірақ толықтай қуаныш сыйлайды дей алмаймын.

    Жалпы берер бағам 3/10.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Мультик расымен балаларға арналған, артық ой, адам шошырлық қатыгездіксіз немесе үлкендерге арналған фишкаларсыз түсірілген. Мені қызықтырғаны ұшақтардан адам мінезін, жасын, қылықтарын, дәрежесін бірден аңғаруға болатындығы. Балалардың психологиясы ауыртпалық туындатпайтын әдемі қойылым.

    Мультик желісі: Үлкен спорттан өз жолын тапқан Дасти өзінің ескі ауыл шаруашылығына арналған тікұшақ екенін елемей жүре берер ме еді, егер өзінің ақау берген коробкасы болмағанда...

    Ол өзінің енді жарыста бас жүлделер ала алмайтынын, тіпті ұшу оған аз күнде арман болатынын түсінеді. Сол кезде ол ашуға бой алдырып өзінің мықты екенін дәлелдемек болады, бірақ расымен енді биіктерді ала алмайтынына көзі жеткен Дасти қонар жерге келген кезде байқамай өрт тудырады. Осының салдарынан ескі өрт сөндіруші көліктің іске алғысыз екенін елге көрсетіп қояды.

    Сол кезде ол ұшақтардың да өрт сөндіру жұмысына араласалатынын білгесін ол өрт сөндіруші боп жұмыс атқарғысы келеді. Осыдан бастап ол өзінің өзінің жаңа жолын табады...

    Балаларға өрттің қауіптілігін жақсы көрсете білген сияқты, әрі өрт сөндірушілердің де мықты адамдар екенін жақсы көрсете білген. Осындай "добрый" мультиктер көп бола берсе деген тілек бар, атыс-шабыстан балалар емес менде шаршаған сияқтымын...