• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 442)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Киноға 8 балл қойғаным, киноның сапасы мен актерлардың ойыны тамаша болды. Бірінші бөлімі мағынасы жағынан жақсырақ болған.

    Ұнамағаны: 1. Зомбилер темасы кәдімгідей жалықтырды. Жалпы кино өндірісіне басқа тақырып ойлап тапса дұрыс болатын сияқты. Білмеймін, мүмкін адамның бас формасының өзгеріп, ауытқушылықтар пайда болса.))

    2. Киноның мағынасында "Аштық ойындарына" ұқсастық байқадым. Ол жерде де біреулердің ойыны, солардан құтылуға тырысқан адамдар.

    Ұнағаны: 1. Кино өте сапалы, эффект, дауыс, музыка жақсы таңдалған. 2. Актерлар құрамы ұнады, жас адамдардың ойыны жақсы шыққан. 3. "Осындай заман туа қалса өмір шынымен қандай болады" деген ой тудыра алды. 4. Роза Салазар. Өте керемет ойнады.

    Жалпы киноға берер бағам 8, бір емес 2-3 рет көруге болады. Айтпақшы, Алматыда болсаңыз Достық плазадағы лабиринт столдарда өз бағыңызды сынап көріңіз дер едім, керемет.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Бұрынғы төрттіктің фанаты болғандықтан жаңа құрамды қабылдау қиынға түсті. Фильмнің идеясы ұнағанымен алдыңғы актерлардың шеберліктері мыналармен салыстырғанда күштірек сияқты. Тас адамның түрі мында тым қорқынышты және бітпейтін бір басқа әлемді ашатын есіктер жалықтырды.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Біз кімбіз?

    Фильм хакерлердің басынан кешкендерін суреттейді десеңіз қателесесіз. Сюжеттегі оқиғалардың өзі сыртқы қабат, бетперде секілді. Арғы жағында адамның болмысы, өз-өзіне деген қатынасы мен өзгелердің көзқарасына қатысты тәмсіл жатыр.

    Бұл кинодан кейін өзіңе сұрақ қоя бастайсың: Мен кіммін? Бетпердесіз адам жоқ екен қазіргі әлемде. Әлеуметтік желіде басқамыз, өмірде басқамыз, әр түрлі ортада түрлі маска киеміз. Тіпті кейде өз-өзімізге арналған, ішкі "меннің" алдына тағып баратыз бетпердеміз де бар. Шын мәніндегі кім екенімізден шатасып кеткендейміз.

    Фильм бел ортасынан аса бастағаннан кейін Финчердің "Төбелес клубы" мен Бойлдың "Трансына" ұқсастықтар кездестіре бастайсыз. Уақыт өте келе неміс кинематографистерін тіпті плагиат, арзан көшірме үшін айыптай бастайсыз. Бірақ түпкілікті қорытынды жасауға асықпаңыз.

    Картинада ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі мен ақпарат заманында өмір сүріп жатқан адамдардың психологиясы ерекше қарастырылған. Хакерлік шабуылдар мен желідегі түрлі құйтырқы тірліктер қарапайым көрерменге түсініксіз көрінбеуі үшін, сюжеттің осы күрделі бөлігі керемет визуализация арқылы ұғымды формамен жеткізіледі. Бұған техно стиліндегі электронды музыкамен әрленуін қосыңыз, сонда кино авторлары бергісі келген атмосфера толығымен көз алдыңызда жасақталып шыға келеді.

    Фильм кейіпкерлерін де, экран алдындағы көрермендерді де керемет фокус күтіп тұр. Менің кинодан осылайша үлкен ләззат алмағаныма көп болыпты.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Әр кім өз отбасын қалай сақтағысы келсе өз еркі. Киноның басқа кинолардан ерекшелігі мәселені басқалай өзгертіп бергендері. Негізі біздің санада қалыптасқан ой бойынша қандай ата-ана болмасын балаларын өзіне алып қалғысы келеді, ал бұл жерде екеуі де балаларынан құтылғысы келеді. Әрине, баналды тақырып болғанымен өзіндік айтар ойы бар.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Шыны керек, бірінші бөлімін көрмегесін шатасып қалдым. 1-2 сағаттық фильм емес бір ұзын-сонар сериялдың бір сериясын қарап отырғандай күй кештім. Ең қызығы кинодағы оқиға бір адамның төңірегінде ғана өрби береді, не ол оқиға дамымайды не бір өзгеріс жоқ.

    Ұзын сонар сериалдың бір бөлігі сияқты және алдыңғы бөлімін көрмей-ақ түсініп аласың деген сияқты идея жоқ. Жалпы киноның идеясын да мағынасында түсінбедім. Кімге не айтқысы келетіні де түсініксіз.

    Кинода атына сай дым жоқ. Тек бандиттер бар, олардың бір сұрақ шешіп немесе біреуге қорлық көрсетіп жатқанын байқамайсың. Жалпы, кинотеатрдан көріп ақша жұмсаудың қажеті жоқ, әрі кино іш пысарлықтай.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Сөзімді халыққа арнаумен бастағым келеді:

    - Жалғасын сұраған өздерің. Енді анау жаман, мынау жаман дей бермей, қалай болып шықты - сол күйінде ың-шыңсыз қабылдап, үнсіз жұтыңдар.

    Ал не күтіп едіңдер? Онсыз да логикалық тұрғыдан аяқталған фильмнің жалғасын талап етудің соңы қандай нәтижеге алып келетінін енді біліп жүретін боласыңдар. Бірінші фильм берген әсерді екіншісі қайталай алмайтыны онсыз да белгілі еді, енді суперкино күтудің өзі артық сияқты.

    Менің бұл сөзімнен екінші бөлім тым нашар дегенді білдірмейді. Әрине, аз да болса өрлеу бар, заманға сай өзгеріс бар. Бірақ бәрін құртқан "сериал әртістері" болды. Бұларды мен солай атаймын: Аружан Жазылбекова, Дәстен Шәкіров, Аян Өтепберген. Жарайды, Өтепбергеннің дебюті кинодан басталды, ал қалған екеуі күні-кеше республикалық арналардың тапсырысымен аутсорсерлер түсірген мини-сериалдардың актерлері ғой. Оның үстіне орысша акценттері "ұрып" тұр, аздап тіл жаттықтырулары керек пе еді.

    Сәйкесінше, Қазақстан сериалдарына тән мағынасыз диалогтар, ешбір нәтижеге алып келмейтін, немесе нәтижесі маңызсыз қимыл-әрекеттер бүкіл хронометраждың жартысын алды. Тіпті, көп бөлімнен тұратын детектив көргендей әсерде болдым.

    Ал бұл өз кезегінде сюжеттің баяндалу стилін мүлдем басқа арнаға бұруға себеп болған тәрізді. Естеріңде болса, түпнұсқа көп жағдайда бірінші жақтан әңгімеленетін, ал оқиғалар геометриялық қарқынмен жоғары өрлейтін. Яғни, өрбудің нақты схемасы құрылған еді. Бұл жолы бәрі тым баяу, сериалдық жолмен жүреді.

    Шамамен, фильмнің орта тұсынан аса бастағанда ғана нақты әрекеттер мен шешуші сәттер орын ала бастайды.

    Жан Байжанбаев пен Саят Исембаевтың әртістігіне тұрып қол шапалақтауға болады. Ақан Сатаевқа культқа айналған кейіпкерлерді қайта "тірілткені" үшін мың алғыс.

    Сонымен, сиквел жасауға тұрарлық па? Иә, тұрарлық.

    Сиквел өз мақсатына жетті ме? Меніңше, жоқ.

    Бірақ менің бұл сөздерім үлкен кассаға кедергі болмасы анық, жұртшылық бәрібір көреді, бәрібір барады. Ендеше көрісу құтымен болсын. Ал мен екінші рет көрмеймін.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Абай жолын" оқымағанмын, Құнанбай Өскенбайұлының өмірімен таныс емеспін. Оның сұлтан болғанын ғана білемін. Сол себепті кинода келтірілген көптеген фактілерден мақұрым екенмін. Көп нәрселерге көз ашып бергені үшін, осы жазбамды аяқтап, ой түймей жатып-ақ алдын-ала бір "плюс" бағамды бердім.

    "Құнанбай" тарихи тұлғаның өмірі туралы кино ғана емес, онда сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әсіресе ауқаттылар қалай өмір сүргені, би-болыстардың қалай кеңес құрғаны, той-жиындардың қалай өткені өте әдемі көрсетілген. Әсіресе, бұған дейінгі тарихи картиналарда көрсетілмеген кейбір ұлттық ойын түрлері аздап шок әкелгені рас.

    Диалогтардың өзіне бөлек тоқталған дұрыс сияқты. Әр сөз, әр сөйлем өз орнында. Мәні жоқ, ешбір логикалық түйінге апармайтын артық айтылған сөзді көрмейсіз. Бұған марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыздың зор еңбегі сіңген шығар.

    Пейзаж, костюм, атмосфера - бұлардың бәрі бірігіп кеткенде тап сол 19-шы ғасырға тап болғандай әсерде отырасың. Әр оқиға, әр шиеленісті жіберіп алмауға тырысасың. Бұл тұрғыда, яғни фильмді тартымды ету жағынан авторлардың көп еңбектенгені көрініп тұр.

    Досхан Жолжақсынов "Біржан салды" түсіргенде Көкшетау өңірінің әсем табиғатын мейлінше тиімді пайдаланып, сұлулықты әдемі операторлықпен үйлестіруге сеп болып еді ғой. Енді Шығыс даласының қатал қысы мен жайдары жазын көрдік. Жайыла орналасқан үлкен ақбоз ауылды көрдік. Демек, режиссер жақсы актер ғана емес, шебер суретші, оқиғаға сай орта жасай алатын мықты қоюшы. 

    "Біржан сал" арқылы түсірілу техникасының, операторлық жұмыстың жаңа стилі, жоғары дәрежесі қалыптасқан еді. Сол биіктік "Құнанбай" арқылы тағы бір сатыға көтерілді.    

    Құнанбайдың осыған дейінгі бейнесінен бейхабар болғандықтан, бас актеріміз кейіпкерін қалай сомдай алды, оны бағалап беру қиын мен үшін. Бірақ, Д. Жолжақсынов өзі ойлаған, өзі мақсат еткен образды барынша сеніммен орындап шықты деп ойлаймын.

    Бұл жерде жұртқа белгілі түпнұсқадан ауытқып кетті деп ренжу артықтау (ал солай ренжігендер болды деп естідім). Бұл - "Абай жолы" романының тікелей экранизациясы емес. Бұл режиссер мен сценарийшінің өз пайымы, өз көзқарасы.

    Әдетте, қазақтың тарихи фильмдері (әсіресе Кеңес заманында түсірілген) көп жағдайда жарлы мен қорлық көрген қара халықтың жағынан беріледі. Сәйкесінше, байлар мен ақсүйектер жексұрын кейіпте, өте жағымсыз формамен көрсетіледі. Бұл жолы керісінше - бәрі ауқатты адамдар тұрғысынан баяндалыпты, кедей-кепшікті көп кездестіре бермейсіз. Сол себепті оқиғаларды соны тараптан, жаңа бағыттан беру тәсілін ескеретін болсақ, картинаның қазақ кино әлемі үшін құндылығы арта түседі.

    Кейбір оқиғалардың созылыңқы шыққанына, басқа да ұсақ-түйек кемшіліктеріне қарамастан "Құнанбай" жергілікті классикаға айналуы үшін барлық алғышарттарын қалыптастырған сияқты.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Балаңызды өз арманына жетуге итермелеудің жолын білмейсіз бе? Онда мен сізге Диснейдің жаңа туындысы "Болашақтың жері" киносына апаруға кеңес берер ем. Бұл кино тек ұлдарға ғана емес қыздарға да өте қызықты болатынына сенімдімін. Себебі, дамыған заман әр адамды жоғарғы технологияны меңгеруге итермелейтіні рас.

    Болашақты өзгертеткісі келетін адамдардың әрқашанда қоғамда өз орындары болатыны сөзсіз. Себебі ондай адамдар әлемді құратыны анық. Осындай идеяға толы, армандарына берік адамдарды болашақты өзгертуге арнайы медальон көмегімен "болашақтың жері" деп аталатын паралелль қоғамға шақырту алады. Өз өмірінде әкесінің жұмыссыз қалғанын қаламайтын қыз ерекше қоғам мүшесінің көзіне түседі. Осылай ол бір кездері сол қоғамның үлкен үмітінің бірі болған өнертапқышпен дос болады. Осы кезден қыздың өмірінде үлкен өзгеріс орын алады...

    Киноның түсірілімі Диснейдің әр туындысындай ерекше, салыну технологиясы, құрастырылуы, кейіпкерлерді таңдауы бәрі мінсіз.

    Кез-келген адамның, тіпті баланың, бұл қоғамда өз орны бар екенін анық көрсеткен. Бала да әлемнің сақталуына, жерді сақтап қалуға өз үлесін қоса алатынын жеткізге білген. Қоғамды, заманды өзгертетіндер адамдардың өздері. Болашақта жерді сақтау ол өзіміздің қолымызда. Біз өзіміз оны сақтауға талпынбасақ, оны біз үшін біреу аспаннан келіп жасап бермейтінін нақты жеткізген. Кинодан шыққасын тіпті көшеге мусор тастағың келмейді, себебі сен оның жерді, өзіміз өмір сүріп жатқан әлемді ластайтынын білесің. "Менің арманын қандай еді?" деген ойға келесің және мен оған жету үшін не істеп жүрмін деп өзіңе есеп бересің.

    Мүмкін, сіз айтарсыз "фантастика" деп, бірақ ойланыңызшы, сол фантазия болмаса қазіргі сіз қолданып жүрген нәрселер болар ма еді? Мүмкін, болашақта бізде ұшып жүретін пойыздарға қол жеткізерміз, басқа жұлдызға саяхат жасау ауылға барып келумен тең болатын заман туатын шығар а?

    Міне, осы себепті де сіз балаңызға осы фильмді көрсетуге тиіссіз. Әрі балаңыздың арманына жету үшін бар күшін салуға сізде талпынуыңыз керек. Жарқын болашақ бәрімізді алға жетелеуге итермелейді.

    Киноға берер бағам 8/10

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Болашақты өзіміз жасаймыз

    Топан су, зілзала, соғыс, жаһандық жылыну... Біз өз келешегімізге өз қолымызбен көр қазып жатқандаймыз. Төңіректе, әлемде болып жатқан түрлі апаттар мен қайғылы оқиғаларды көре тұра, біле тұра - осылардың бәрін қалыпты нәрседей бей-жайлық танытатын да жағдайға жетіппіз (мүмкін бұл күйден ешқашан өзгермеген де шығармыз, кім білген). Жер-ананы, онда тіршілік ететін барлық тірі организмдердің болашағы бұлыңғыр екенін сеземіз, бірақ бұл фактіні сол күйінде қабылдап отыра береміз. Біздің орнымызға басқа біреу келіп, бәрімізді құтқару керек деп есептейміз.

    Қырып-жоюшы да өзіміз, жақсартып-көркейтуші де өзіміз екенін қаншалықты сезінеміз? Міне, фильм осы тақырып төңірегінде ой қозғайды.

    Бастапқыда Диснейдің бұл туындысы қызық оқиғаға толы, елеусіз өтіп кететін кезекті интертейнмент дүниелердің бірі көрінгені рас. Тіпті кең ауқымды жарнамасын да өзім байқамаппын. Ал трейлерде Джордж Клунидің жарқ етуі сәл таңғалыс туғызғаны болмаса, ғажайып бірдеңенің келе жатқанынан аса хабар бермеп те еді.

    Кинодраматургияның акуласы Дэймон Линделоф пен көрерменінің жалығуына ешқашан жол бермейтін Disney студиясының әріптестігі өз нәтижесін беріпті. Бір қарағанда қызықты оқиғаларымен баурап алатын, әдемі пейзажы бен футуристік әлемі бар кинокартина арқылы ғаламдық мәселелерге назар аудартқан әсем дүние жасалды. 

    Зерек қыздың хикаясын баяндай отырып, преапокалипсистік өмірдің әсері жеңіл формада болса да керемет берілген. Негізгі философия сол: адамдар соншалықты орасан зор ғылыми жетістіктерге қол жеткізді, небір технологиялар ойлап тапты. Бірақ табиғатты, өзі өмір сүретін ортаны жақсартуға сол жетістіктің бір тұтамын да жұмсамаған. Сонысына қарамай: "ойбай өлетін болдық, болашағымыз қараңғы" деп байбалам салуға шебер.

    Киноғаламда "Эдем" деген ұғым кеңінен қолданылады ғой: қиялдағы ең идеял әлем, ешбір мәселе жоқ, жарқын өмір бар бір мекен. Фантастикалық фильмдерде әдетте бұндай "жұмақ" ғарышта салынған алып станция, адам аяғы жетпеген арал немесе ғарыштың түкпіріндегі планета кейпінде беріліп жүр. "Болашақтың елінде" бұл параллель әлемде адам қолымен тұрғызылған қала түрінде көрсетіліпті. Бұнда ешбір бюрократия, саясат, жаугершілік деген түсінік жоқ. Онда тек таңдаулы адамдар ғана барып, сол мекенді көркейтуге атсалыса алады. Соған байланысты кинода айтылған бір ой керемет әсер етті: бұл жерге кез-келген адам өте алмайды, себебі барлығы өтсе бұл "Tommorowland"-тың ерекшелігінде еш мән қалмас еді. Себебі өз Жер-анасын "өлтірген" адамдар бұл мекеннің күл-талқанын шығаратыны сөзсіз.

    Фильмнің утопияға жетелейтін идеясына қарамастан, адам ойын өзгертуге талпыныс та бар. Болашақтың қалай өрбитіні тек қана өзімізге байланысты, ешкім келіп біз үшін ештеңе істемейді.

    Сөзімді фильмде айтылған үндістердің бір даналық сөзімен аяқтағым келеді:

    - Адамның ішінде екі қасқыр өмір сүреді. Бірінші қасқырдың аты - Жақсылық, екіншісінікі - Жамандық. Адам ішіндегі сол екі қасқыр үнемі бір-бірімен қырқысумен болады.

    - Түбінде қайсысы жеңеді?

    - Қайсысына азық берсең - сол жеңіп шығады.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Айналып қана кетейін" (с) Наташа Романофф

    Екінші "Кек алушыларды" аса қатты күткен адам ретінде сезініп келіппін осы күнге дейін. Егер жабық көрсетілімге шақырмағанда, өз ниетіммен барамын ба, әлде жоқ  па - білмейді екенмін. Бірақ, бармау мүмкіндігім жоғары көрінеді. Көп жерде "ең көп күтілген", "жылдың басты фильмдерінің бірі" деген айдарлармен жазылып жүрген соң, өзім де сол ағынға еріп, еркімнен тыс сол нанымдарға сеніп кетіппін. Оны мен сеанс кезінде түсіндім.

    Еріксіз бірінші "Кек алушылармен" салыстыра бастайды екенсің. Шынымды айтайын, бұл жолы іш пыстырарлық жерлері көп болды. Кейбір сәттерінде оп-оңай басқа нәрсеге алданып кетіп отырдым. Бұл менің мұқиятсыздығымнан емес деп ойлаймын.

    "Бұл жолы не жетіспейді?" деген сұрақ туындайды. Арнайы эффектілер бар, әзіл бар, төбелес бар, шым-шытырық бола тұра бас қатырмайтын сюжеті бар. Менің ойымша, бұл жерде мәселе біреу: "Marvel" соңғы жылдары өте көп болып кетті. Әр шаршы метрге екеуден. Жыл сайын бір қаһарманның релизін көреміз. Сондықтан да шығар, аздап жалықтыра бастаған тәрізді. "Альтрон дәуірін" көріп отырып түйгенім осы.

    Бірақ бұның бәрі фильмді жерден алып, жерге салуға ешқандай да себеп болмауы тиіс. Жаңа кейіпкерлер қосылған, жаһандық қатер бұрынғыдан да үдетіле түскен, оқиғалар ауқымы кеңейтілген. Әсіресе, маған ұнағаны екінші деңгейдегі кейіпкерлерге көп көңіл бөлініпті.

    Мысалы, Қыран көздің отбасы, Наташа мен Халк/Брюс Беннердің арасындағы қарым-қатынас. Ол аз десеңіз, бұрын Темір адамның виртуал көмекшісі болып келген Джарвистің негізінде пайда болған Вижен. Ол аздық етсе, "Х-адамдар" әлемінен көшіп келген Сынап пен оның сыңары Алқызыл Мыстан. Аталғандардың әрқайсысына жекелей тоқталып, көрерменмен жақын танысуына 2 сағаттық хронометраждың ішінен орын табылыпты.

    Қазақша дубляж

    Мені кешірсін, бірақ бұл жолы көңілімнен шықпады. Асығыс жасалғандай көрінді. Егер бұл ең алғаш дубляждалған фильм болса барлық кемшілігіне көз жұма қарауға болар еді. Осыған дейін 1 емес, 10 фильмді сәтті аударып келіп, біршама тәжірибе қалыптастыра отырып, үйлеспей қалған, жеткізе айтылмай қалған кейбір сөйлемдерін, сөз тіркестерін естіп, кішкене көңілім түсіп кетті. Іштей: "Мына жерін былай айтуға болар еді ғой, мына жерінде былай жеткізсе ғой ғой", - деумен болдым.

    Бірақ, Қара жесірді дыбыстаған Мақпал Исабековаға ризамын. Әлгі, Скарлетт Йоханссонға тән сәл қарлығыңды секси дауысты керемет келтіріпті. Әрине, Мақпалдың аздап акценті сезіледі (орыс тілді ғой), кейбір интонациялар сол кездегі кейіпкердің эмоциясына сәйкес келмей қалған тұстары кездеседі. Бірақ әдемі дауысы бұлардың барлығын жеңіп кетті. Әсіресе, "Айналып қана кетейін" деген жерінде жүрегің езіліп кетеді екен :)

    Темір адамның қуақылығы қалай жеткізілер екен деп ойлап едім. Ешқалай да жеткізіле алмаған, тым әспеттелген, фильтрленген әзілдер. Сондықтан да Тони Старк бұрынғыдай аса күлкілі емес.

    Сонымен, фильм балалар үшін, жасөспірімдер үшін керемет әсер ететін туынды болуы мүмкін. Алайда ересек адамның іші пысып кететін секілді. Кешіріңдер, бірақ сөйлейтін роботтың қатыгездігі сендіре алмады.

    Жалпы фильм: бұрынғы жетістіктерін ескере отырып, болашақта дами түседі деген үмітпен - 7/10.

    Қазақша дубляж: қыруар еңбектері үшін - 6/10.

     

    P.S. Кинопарк, экрандарың тым қараңғы, көз ауыртады

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Мен сияқты Marvelдің өнімдерін жақсы көретіндер үшін нағыз қуанышқа толы фильм болды.  Шыны керек, бұл киноларды жай теледидардан не комптан көре салу Марвелге жасалған қастандық дер едім. Себебі киноның барлық керемет көрі үшін кинотеатрдан 3D дан қараңыз дер едім.

    Сонымен, "Кек алушылар: Альтрон дәуірі" фильмін қарауға 7 себеп:

    1. Ол жоғарыда айтқандай Марвел өнімі, фантастика болғанымен адамды дамуға, жаңа техниканы меңгеруге итермелейтін алғашқы сүйреушілік күші бар. "Шынымен роботтар адамдар сияқты ойлай бастаса, әлемде шынымен ерекше қасиетке ие адамдар пайда болып бізге көмекке келеді" деген қияли ойға жетелейді. Әрі осы қаһармандар сияқты батыл, батыр, мықты, ойлы болуға жетелейтіні даусыз.

    1. 2. "Кек алушылар: Альтрон дәуірі" фильмі қазақ тіліне аударылған 11- фильм әрі бірінші рет 3D форматындакөрсетілген қазақтіліндегі әлемдік кино. 
    2. 3. Аударма сапалы, эмоция бар. Әрі жәй өмірде Мақпал Исабекованың дауысының қандай екенін байқай аласыз. Меніңше, Мақпал өзіне қойылған талапты жақсы алып шыққан. Әсіресе Наташа Романоффтыңқырындау кезіндегі дауыстарын құбылтуы, мейірімділігін дауысы арқылы бере алған. Бірақ, бізде әлі де "мәдениеттілікә жоғары. Кинода айтылған жаман сөздер сол қалпында қазақша жақсылап айтылса киноның бағасы аса түсер еді. 
    3. 4. Актерлық құрам. Мен өлердей жақсы көретін Скарлет Йоханссонның өзі неге тұрады? Әр рөлге байланысты өзгеруі әрі сол фильмдегі барлық трюктерді өзінің орындауы таңқалдырмасыңды тудырмай қоймайды. 
    4. 5. Элизабет Олсен "Кек алушылар" командасында жаңадан пайда болған Алая ведьманыойнайды. Кино әлемінде өзін басқа қырынан танытып келе жатқан жас актриса. Бұған шейін тек романтикалық фильмдерден көріп үйреніп қалғасын мына рөлді алып шығуы ұнады.
    5. 6. Спецэффектілер. Мен голливуд киноларындағы спецэффектілерге қатты қызығам. Адамды ерекше баулап алады және қай жерде қандай эффект берсе адам қалай әсер беруін біледі. Халк мен Темір адамның төбелесін көру керек. Оны жеткізе алмайсың сипаттап.
    6. 7. Осы жылдың көктемінің ең күтулі фильмдерінің бірі болғандықтан сен міндетті түрде көруге тиіссің. Ең қызығы қазақша қалжың сөздердің үйлескені ұнады. Мың оқығанша бір рет барып көргенге жетпейді. Сәттілік!
  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Машиналар ұшпайды"

    Кейбір фильмдер болады, әр жалғасы шыққан сайын өз құнын жоғалта түседі. Кейбіреулері керісінше - әр бөлім сайын қарқын алып, үдей түседі. "Жылдам және жойқын" франшизасы соңғысына жатады. Жетінші фильмде бұрынғылардан да бетер мықты трюктер, әдемі қойылған төбелестер, жойқын жарылыстар мен атыстар көреміз. Фильмнен драмалы қойылымдар мен логикалық сәттер күтпеңіз - олар тым аз. Бірақ "Форсаждың" атмосферасына енгеннен кейін бұлардың бәрі қисынды көрінеді, барлық ақылға қонымсыз оқиғаларға сенесіз, олардың абсурдтығына мән бермейтін боласыз. Оның көрермендерін жоғалтпай, әр фильм сайын дами түсудегі сиқыры да осында шығар.

    Жетінші картинаның түсірілімі бәрімізге белгілі себептермен созылып кеткені белгілі. Франчайздың фанаттары Пол Уокердің мезгілсіз қазасы кинотуындының жалпы нәтижесіне кері әсерін тигізеді деп ойлаған еді. Менің ойымша, бәрі біз ойлағаннан да жақсы шықты.

    Тұрақты актерлік құраммен бірге, мен үшін тағы екі әртістің қосылуы керемет жаңалық еді, олар: соңғы жылдары аса көп көзге түспей жүрген Курт Рассел мен "Онг Бак" арқылы танылған Тони Джа. Тай актері туралы бірдеңе айтудың өзі қиын, өйткені оның фильмдегі актерлігі бар болғаны бір-екі ауыз ғана сөзбен шектелді. Көрініс тапқан бірнеше минуттық ойынының барлығын төбелеспен өткізді. Оны алыстан алдыртқанына қарап, оған негізгі рөлдердің бірі беріледі деп ойлап едім, қателесіппін.

    Ал, Курт Рассел таңғалдыра алды. Харизмасы қаншалықты рөл ойнағанын білмеймін, бірақ оның образы позитив пікір жазуға себеп болып отыр. Болашақтағы бөлімдерде тағы да шығады деген сыбыс бар, несі бар, оның рөлі фильмнің әрін келтірмесе, кемсітпейтіні анық.

    Саундтректі ерекше атап өту керек. Бұған дейінгі бөлімдер де әдемі әндермен ерекшеленгені белгілі. Сюжеттегі оқиғалардың атмосферасына дәлме-дәл, өте үйлесімді таңдалған әндер менің плейлистімен енетіні сөзсіз.

    Франшизаның осыған дейінгі фильмдері таңғаларлық автотрюктерімен талай аузымызды аштырғаны белгілі ғой. Бұлардың бәрі экстримнің шарықтау шегі, бұдан артық жойқын көріністер болмайтындай көрінетін. Қателесіппіз. Жетінші бөлімде автомобиль басқарудың бұрынғыдан да керемет үлгілері ұсынылады. Фильмдегі кейіпкерлердің өздері мойындағандай: "машиналар ұшпайды". Бірақ, олар стереотип сындырудың шеберлері екен.

    "Форсаж 7" Пол Уокердің аруағына арналыпты. Актерлік құрамның соңғы серияға бар күш-қуатын салғаны көрініп тұр. Пол Уокердің кейіпкеріне де ерекше мән берілген.

    Әрине өкінішті, бірақ енді оны экраннан көрмейміз. Доминик Торетто бастаған жанұя өз бауырларымен фильмде де қоштасыпты. Егер жоғарыда аталған нәрселердің бәрін ысырып тастап, бұл картинаны не үшін көреміз деген сұрақ туындыса, дәл осы ақырғы минуттары үшін көруді ұсынар едім. Қош бол, Пол.

  • rakishevaa

    Барлық рецензиялар: 7

    Режиссер Саламат Мұхаммед-Əлидің "Весь мир у наших ног" фильмі өлім-жітімнің көптігін санамағанда өөөте ұнады. Алайда атыс-шабыс, қааанға толы боевиктерді ұнататындарға бұл отандық өнім көңілдерінен шығатытына сенімдімін. Актерлер құрамы деген ееенД керемет! Мемлекеттің қаржысына түсірілмегендіктен неге шетелдік актерлерді көп шақырған, ел қаражатының бәрі шетелге кетті деп ішің ашымайды. Алайда өзге отандық "крутой" фильмдермен салыстырғанда оқиға толықтай дерлік Қазақ жерінде өткендігі өте қуантты. Фильмді көре отырып шетелдің әдемі аралдарына емес, өзіміздің елдің әсем табиғатына, ғимараттарына тамсанасың. Көре алмай жүрген Ақтаудың кәрі Каааспиін көріп бір мәз болдым. Бір жағынан мафияның іс-әрекетін көре отырып елімізде осындай топтар шынымен де бар ма екен деп ойланыыып кетеді екенсің. Иә, бәәәәрі әдемі, бірақ қорқыныштыыы... Аздап адамның өмірін бір тиынға бағаламайтын адамдарға деген жиіркеніш туындайды. Фильмнің сапасы өте жақсы, голливудтық актерлер көп болғандықтан бааа фильм "голливудский", бірақ фильмді көргендер дыбыстау сапасының жоғарылығынан осындай әсер қалдырып отыр деген пікірлерін де білдіруде. Не дегенімен фильмді жасаушылардың бұл туындыға деген махаббаты шынайы сезіледі... Соңында жылаааайын, жылаааайын, жылааайын депппп қалдым :( Біраааааққ... Бірақ өздеріңіз көріп алыңыздар спойлер емеспін :) Өзім Голливуд жұлдыздары Майкл Мэдсен, Арманд Ассанте, Кэри Тагава, Боло Йенг, Дон «Дракон» Уилсон жəне əйгілі Питер О'Тулдың, Қазақстан мен Ресей актерлері Қарлығаш Мұхамеджанова, Алексей Франдетти, Мұрат Бисенбин, Нұрлан Алтаевтардың әдеттегідей күштііі ойындарына көзім тойып, рахаттанып шықтым.

    Жылқының любопытный взгляды, мафияның басшысы Мұсаның соңында бір сәтке доообрый болып кетуі, Әлияның Русланды өлтіріп, көтеріп алғандығы сынды біраааз қызық сәттері киноны көріп болғаннан кейін де есіңе түссе күлкіңді келтіреді. 

    Бір сөзбен айтқанда "Весь мир у наших ног" фильмін көруге кеңес беремін :) 

    P.S. Өзім үшін жаңа Алексей Франдетти есімін аштым.

    Бірінші көргенімде оны кәріс актері Ким Гын Сокқа қатты ұқсаттым. Небір жұлдыздар келіп жатқанда сол шығар деп ойлап қойдым. Бірақ ол түссе қазақстандық БАҚ үнсіз жатпас еді ғой деген тағы бір ой келді. Сосын мүмкін "Рекетирдегі" Саян шағыр деп ойладым. Өйткені оған да өте ұқсайды. Алайда жас. Сөйтсееем ол Өзбекстанның тумасы, ресейлік актер Франдетти екен :)