• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 420)

  • Әсия Бағдәулетқызы

    Барлық рецензиялар: 9

    Эмирдің сабақтары

    Көптен күткен «Асланның сабақтарын» («Уроки гармонии») қайбір күні барып көрдік. Содан отырып талқыладық. Эмирден басталып, Мағауинмен аяқталған әңгіме түнгі 3-ке дейін жалғасты-ау деймін. Кейде кино туралы «бір көруге болады» дегеннен асып ештеңе айта алмайсың. Ал «Сабақтар» туралы... таусылмайтын, түгесілмейтін сияқты. Мүмкін, Ақберендерді сынайтын ағалар Эмирді де «жалған күрделілікке ұрынады» деп сыбайтын шығар, бірақ бұл баланың киносында "шындық" деген алапат күш бар.

    Фильмдегі алғашқы оқиға – Аслан қойды бауыздайды. «Піссіміллә» деп айтпадың ғой» дейді апасы. Мұнда үн жоқ. Ол неге қойды өзі сойды? Өйткені әкесі жоқ. Ағасы да жоқ. Міне, осы жалғыз бала медкомиссиядан өткенде Болат деген баламен қатар келеді. Және мұның күші көптеу болып шығады. Алғаш рет Болаттың эгосын біз осы кезде байқаймыз. «Мен тағы көрейін» дейді ол дәрігерге. Бір қарағанда күлкілі, қарапайым ғана көрініс сияқты. Баланың «бақталастығында» тұрған не бар? Бірақ бір сөз, бір көзқарас, бір мінез тағдырларды шешіп жатады. Эмир бізге осыны ескертті. 

    Сөйткен Асланды Болат бүкіл балалардың алдында қорлайды. Ол жауап бермейді. Мүмкін, қорықты. Мүмкін, бұл жай ғана оның табиғатында жоқ. Өмірде нендей конфликт болса да ол сол мезетте шешілуі керек. Эмир бізге соны үйретті. 

    Аслан аластатылды. «Ешкім оның қолынан алмайтын болсын». Мектепке келеді. Көретіні әлсіздің қорлануы. Бірақ шын мәнінде кім күшті, оны уақыт көрсетеді. Бәрі бетперде. Күштінікі де бетперде. Әлсіздікі де бетперде. Біз осы кішкентай балалардың үлкен текетіресін көріп, шиыршық атып отырғанда... оқиға өрби береді. «Мейірімді болыңдар» дейді «грев» жинайтын жігіт. Аслан қайта-қайта жуына береді, бұл тәнін емес, жанын тазалағысы келетін жанталасқа көбірек ұқсайды. Ол теледидардан деректі фильм көреді. Тарақандар «осындай да осындай ауруларды таратушы» екен. Бұл тарақандарды ұстап алып, электр үстеліне қойып соттайды. «Тамақты неге ұрлайсың?». Былай қарасаң, онда тұрған не бар? Балалардың бәрі жыбырлаған жәндіктерді қинағанды жақсы көреді. Бірақ осыны Эмир баяндағанда - жаның түршіге қорқасың.

    Біз баласының не істеп, не қойып жатқанына мән бермейтін халықпыз ғой. Олардың өмірі ертең басталатын сияқты. Сөйтсек, олар өмір сүріп жатыр екен. Және кейде тартыстары ересектердікінен бетер қатыгез екен. Балаңызға көңіл бөліп қойыңызшы. Асланның жүрегінде махаббат та болатын. Ол сыныптағы ең сұлу, қол жетпейтін қызға ғашық болды. Хиджап киетін қыз бен мұғалімнің арасында да қақтығыс. Сыныпқа Мирсаин деген жігіт келеді. Комплекс жоқ, жүрегі ашық, әділ де әділетті. Біртіндеп оны да жүйе «сындыруға» тырысады. Мұғалімдер де ылғи Мирсаинға қарсы. Тарақандарды соттап жүрген бала енді адамдарды да соттауға бекінеді.

    «...Или право имею?» дейтін Раскольников еске түседі. Зұлымдықтың көзін жою үшін қылмыс істеу әділетті ме?.. Аслан үндемейді. Ол үндемеген сайын жаның байыз таппайды. Қолын жуып жатқан екі полицей «Бұлар кінәсіз болса ше?» – «Басыңды ауыртпа, бұл біздің жұмысымыз» дейді ғой. Сөйтеді де, қолын жуып, әрі қарай кете береді. Біз де өмірде, кейде әділетсіздікті көріп тұрып, қолымызды жуып жүре береміз ғой...

    Мирсаин қиналғанда, әлденеден қашып, әлдеқайда тығылғысы келгенде «Хэппилонды» еске алады. Өйткені оның ата-анасы ажырасып жатыр. «Маған бәрібір. Есейдік қой» дейді ол өзін жұбатып. Өйткені бала болып еркелеп, біреудің қолтығына да тығыла алмайды. Ееей, біздің ғасырдың қорғансыз балалары...

    Біз ылғи біреудің ығына тығыламыз ғой. Ал жеме-жемге келгенде бәрібір, барлық қиындықтарды өзіміз еңсеруге тура келеді. Болат алып жүйенің бөлшегі (мүмкін құрбаны) ғана болатын. Бір адамды өлтіргенімен (кім өлтірсе де), екі баланы соттағанымен, жүйе қала береді. Ал Асландар ардың сотынан зардап шегеді. Мектептегі әлімжеттікті кім көрмей жүр? Бірақ осыған дейін сол жүйеге кім назар аударды? Ешкім.

    Эмир әдейі балаларды алып отыр. Егер жүйе желіктірмесе – Болат, мейірім көрсе – Аслан мен Мирсаин қандай болып өсер еді? «Асланның сабақтары» біздің суық ғасырдың құрбандарын жоқтау.«Кино деген оқиға» дейді ғой. Меніңше, кино деген қақтығыс. «Асланның сабақтары» тұнып тұрған қақтығыс.

    Эмир оқиғаны өрбітіп әкеле жатады да, шарықтау шегіне жеткенде аттап өтіп кетеді. Қалай болды, не болды – өзің тарқатып ал. Операторлық жұмысы да мағынасыз емес, музыка қолданбай-ақ жүрегіңнің қылын шерте білетіні – өз алдына жетістік. Әр бала өзін ойнап жүрген сияқты, ал олардың тілі, сөйлеу мәнері – бәрі кәдімгі өмірден алынған... Қысқасы, дүниеге суреткер келді. Тарқатып кейін жаза жатармыз.

  • Әсия Бағдәулетқызы

    Барлық рецензиялар: 9

    Өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Бірдеңені сындырып жатып, «сосын түзеп алам» деп ойлайсың. «Ертең». Бірақ ертең - уақыттан жеңілгеніңді ғана түсінесің. («Ертең» ылғи кешігіп жетеді).

    «Ұлы Гэтсбидің» кітабын оқымаған адам бұл махаббат туралы шығарма деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл ең алдымен «америкалық арман» мен сол арманның, АЛДАМШЫ арманның қойнындағы «америкалық трагедия» туралы шығарма. Байлықтың соңына түсіп бақытқа жетем деген Гэтсби қателесті, бақ пен дәулет ылғи да қосақтасып жүрмейді екен. Азаматтықты қалтаның қалыңдығымен өлшейтін дәуірде таза адамның, адал адамның жеңілмеуі мүмкін емес екен. Гэтсби де ұлы арманның, ұлы махаббаттың, ұлы иллюзияның құрбаны болып елестейді. Бұл - өзін таппай жатып, жоғалтып алған адамның трагедиясы. Гэтсбидің ақылын (бәріне өз күшімен жетті ғой), батылдығын (соғыста шынымен де батыр болды ғой), толып жатқан басқа да мүмкіндіктерін жоқтау бұл. Бұл – жоқтау, бір-ақ рет берілген өмірін жалған дүниеге қор қылған адамды жоқтау. Бұл - жоқтау, болған күндерді ғана емес, болуы мүмкін күндерді (арманды) да жоқтау. Ендеше осы, жоқтан өзгеге шашылып қалған бейшара кейіпкерді неге «ұлы» дейді? Өйткені Гэтсби – ашқарақ бола тұра, мөлдір еді. Арсыздық дәуірінде арманын былғамаған еді. Оның осы мөлдір арманға, кіршіксіз махаббатқа жанкешті ұмтылысы ешкімге қажет болмай қалғаны қандай өкінішті...

    Айтпақшы, иә, бұл таза, мөлдір, идеалистік махаббат туралы да шығарма. Ылғи да осылай, махаббат адамды әлсіз қылады. Дейзи үшін дүниені төңкеріп тастай алатын Гэтсби сол бейқам қыздың алдына келгенде бейшараның күйін кешеді. Қарап отырып ойлайсың: оны Уилсонның өлтіріп кеткені қандай жақсы болған. Өйткені оның бүкіл өмірі бір ғана Дейзиге арналмап па еді. Гэтсбидің сөйткен Дейзиінің сатқындығын, өзінің ғажайып махаббатына лайық болмай шыққанын көрмей кеткені қандай жақсы болған...

    Өз басым Ди Капирионы актер ретінде сұмдық бағалаймын, бірақ бұл «Авиатор» емес, бұл «Пляж» емес. Гэтсбиді «нервный» қылудың қажеті шамалы болатын. Оны дүние-құртқа шын алданып қалғандай ұсақтатып жіберудің де қажеті жоқ еді. Өйткені Фитцжеральд жазған Гэтсби қанша бақытсыз, қанша мұңды болғанымен романтикалық образ еді ғой. Ал Кэрри Маллиган, Тоби Магуайэр, Джоэл Эдгертон сияқты басқа актерлер 100 пайыз нысанаға дөп тиген. Баз Лурман бізге «Мулен Руж» стиліндегі ертегі ұсынды. Кейбір тұстарында жалт-жұлт еткен арзан байлық жүйкеңе тие бастайды. Бірақ осы от-шашудың көлеңкесіндегі трагедия да фильмнің соңына қарай сұлбалана түседі.

    Сценаристер романнан ең қажетті сөздерді теріп алған. Музыка 20-жылдардағы музыка емес, бірақ соның өзімен режиссер мырза тақырыптың өзектілігін айтқысы келгендей елестеп кетті. Фильм кітаптың идеясын жеткізе алды ма, алмады ма, пікір таластыруға болады. Бір анығы, бұл фильмнен мағына іздеген адам табады. Қатардағы мелодраманы көретіндерге де таңғалмаймын.

  • Том Хэнкс

    Барлық рецензиялар: 2

    Автор айтарын сондай қияли пішінде жеткізген, бірақ мазмұны мүлде бөлек. Кейбір фильмдер болады, шылқыған маргарин-кремді драмалатып баттастыра берген, қызылды-жасылды жасанды эмоциялар мен химикат бояғышқа толы, кесек-кесек каллориялы торт жегендей боласың. Тойып алып, асқазаныңа тас түскендей ұйқтай алмай дөңбекшіп жатасың. Ал мынау төмен калориялы творожный пирог сияқты. Миға күш салмайд, бірақ дәмі аузыңнан біразға дейін кетпейді.

    Еш пафосы жоқ, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін қыз болсам, Донал Глисонның кейіпкеріне де ес түссіз ғашық болар едім. Міне, менің ойымша, "дені дұрыс жігіт" деген осындай болады.

    Тим ешқандай да мачо емес, буылтық-буылтық бұлшық еті де жоқ, жымиса қатындардың лыпасы өзінен өзі сыпырылып түсе беретін бойы екі метрге жуық Бен Аффлек те емес. Ол кәдімгі тәрбиелі ағылшын баласы. Аңқылдаған. Мейірімді. Қарапайым. Адал. Міне, мен өзімнің інімнің, баламның қандай болғанын қалайтынымды түсінген сияқтымын. Тіпті өзім де осындай жігітке ұқсағым келіп кетті. Ал Рейчел Мак Адамсқа бұрыннан ғашықпын. Рейчел Мак Адамстан асқа біреуді бұл рөлде елестету қиын. Екі сүйкімді адамға қарап, адамның адам болып қалуы үшін үстіне маска киіп, жексұрындарды қырып жойып, әлемді құтқаруы қажет еместігін көрсеткендей Кертис. Ал әкесі мен Тимнің қарым қатынасы ол мүлде бөлек абзацқа тұрарлық оқиға. Дәл осы қарым қатынас көзімнен жас шығарды. Эизодтық рөлдегі семіз актерден бастап, Рориге дейін қысқа ғана өз рөлдерін әдемі алып шыққан. Фильмнен осындай әсер алмағалы көп болды. Айтпақшы, Рейчел макАдамс бұрын да осыған ұқсас рөлде ойнаған. Тіпті дәлме-дәл десе де болады. "Уақыт саяхатшысының қатыны" деген фильм естеріңізде болар. Болмаса, қарап көріңіз. Екі фильмнің арасында бір байланыс бар сияқты. Екеуі де құр мелодрамма шеңберінің сыртына шығып кеткен. Бірақ, "Дер кезінде" фильмінде бұны сезбейсіз. Барынша жеңіл. "Көрерменді қатырдым" деген месседжсіз, бұлттардың үстінде қалқып жүргендей сезімде боласыз. Бірақ, фильмнің шынайы моменттері бір аяғыңыз үнемі жерде қалуына себепкер болады.Айтарым, бұл фильмнен атып тұрып, ду қол шапалақтап "уау" деп қалпағыңды аспанға лақтыратын әсер күтпеңіз. Фильм ондай мақсат қоймайтын да сияқты.  Дәмі тілге біртіндеп сіңіп, біртіндеп ашылатын сирек фильмдер қатарында. Еш ойбайсыз, кісі өлімін ерекше айшықтап арнайы екпін қоюсыз, кәдімгі өзінше бақытты отбасылық өмір. Бір сондай жып-жылы бауырмалдығы бар фильм әйтеуір... Я бір сөзбен суретте десе, мен оны "Бауырмалдық" деп суреттер едім. Мейірім деп те атар едім, жоқ, өзіңді құрбан етіп, қаһарман болатын шексіз-шетсіз, бүкіл адамзаттың мойнына қарыз болып жазылатын, айқайлаған мейірімділік емес, қарапайым мейірімділік, отбасыңа, ата-анаңа, досыңа деген. Өзіңді аспан тозағын қайдам, жердегі ішқұсалық тозақтан құтқаратын мейірімділік. Дәл солай. Өзіңді құтқару кейде әлемді құтқару сияқты ғой. Таза субъективті бағам, 10 ұпай!

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Сергей Бодров Голливудтағы ең ауқымды жобасын жасаған екен, біз оны премьераға дейін бірнеше күн бұрын көруге мүмкіндік алдық.

    Фильм осыған дейін жарық көрген "Гензель мен Гретель: Мыстан аулаушылар", "47 ронин" секілді ертегілер мен аңыз-әңгімелерде кездесетін құбыжықтармен күресу туралы фильмдерді еске түсірді.

    Актерлік құрамда ірі тұлғалардың (Джулианна Мур, Джефф Бриджес, Оливия Уильямс) болуы фильмнің сәтті шығуын құтқара алмайтын тәрізді. Бұл жерде үлкен минус - тартымдылықтың болмауы.

    Сюжет бастан-ақ немен аяқталатыны көрініп тұратын бірізді өрбуден тұрады. Вампир аулаушылар, мыстан аулаушылар, құбыжық аулаушылар туралы, оқиғасы ортағасырлық Еуропаны еске түсіретін әлемнің фонында өрбитін сан мыңдаған фильмдерден үлкен айырмашылық табу қиын.

    Фильм жасаушылар да белгілі бір философиялық түйін түйіп, көрермендеріне мораль оқуды да мақсат етпеген тәрізді. Бәрі бір демде өте шығатын, төбелесі мен қызық оқиғалары жетерлік жеңіл фильмді ұнататындарды басты аудиториясы деп таңдалғандай әсер берді.

    Бірақ жеңіл киноның бір ұтымды тұсы бар - сюжетте өлім-жітім мен қайғы деңгейіне қарамастан, орынды әзілі мен күлкілі диалогтары міндетті түрде болады. Бодровтың фильмінде ол атымен жоқ. Өзім үшін 1-2 езу тартар сәтін ғана байқаппын.

    Әдемі қойылған төбелесә бар және графикалық бейнесі сапалы жасалған демесеңіз, негізі бір реттік туынды. Попкорн жеуді ұнатсаңыз - бұл сізге арналған.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Бұрын "мюзикл" деген нәрсені естігеніммен барып көрмеппін. Жалпы көп өлең айтылатын кинолар мен үшін тек  үнді фильмдерімен астасатын еді...

    "Орманға тереңдей бергенде..." комедиялық-мюзиклы бізге жақсы таныс "Золушка", "Рапунцель", "Қызыл телпек" сияқты бірнеше ертегіні біріктіріп өз ертегілерін көрсеткісі келген қойылым. Әрі біз сеніп өскен ертегілердің басқалай аяқталуы мүмкін ғой деген мен сияқтылардың ойларын қозғаса керек...

    Өз мақсатына жеткісі келген мыстан кемпір балалары жоқ наубайханашы мен жарын орманға жібереді. Орманнан қызыл жамылғы, алтын туфли, сары шаштар, сүттен аппақ сиырдың сүтін алып келіңдер дейді. Барлық ертегілер бақытты аяқталуы керек деген сіздің ұғымыңызды өзгертуі мүмкін.

    Маған ұнағаны:

    • Кинодағы түстердің қанықтығы және әр кейіпкердің бейнесінің анық берілгені.
    • Актерлық құрам. Джони Депп мен Мерил Стрип үшін мюзикл болсада баруға дайынмын.
    • Өлеңдердің оригиналда беріліп астындағы субтитрлармен аудармасы мен сөздерінің үйлесуі ұнады.
    • Жалпы мюзикл дегеннің не екенін енді түсінген сияқтымын. Кино емес театрлық қойылым көріп отырғандай күшті әсер алдым.
    • Екі ханзаданың өмірдің әділетсіздік туралы ән айтатын жерлері қатты ұнады және ең қызықты сәт осы болған сияқты.
    • Айтпақшы, Золушканың өгей шешесі қыздарының аяғына туфлиді қалай кигізіп жібергенін көрсеңіз кәдімгідей таңқаласыз.

    Киноның түсіріліміне берер бағам 9, мағынасына 5 беретін шығарм. Жақсы мюзикл, көруге кеңес берем.

  • Askat Abdikary

    Барлық рецензиялар: 3

    Осылай Бэггиснтің соңғы хикаясын да ақтадық

     

    Аталмыш фильм Толкиен шығармасының бір бөлігі болып табылғандықтан және де оның туындыларын өте ұнататын болғандықтан бұл фильмді бір жыл бойы күттім. Қуанышыма орай, күткенім бекер болмапты. Питер Джексон тағы да жарады. Аса шеберлікпен фильмді өз деңгейінде түсірді деп толыққанды айтуға болады.

     

    Алдыңғы Хоббитті тура бір жыл бұрын тамашалған едім. Кейбір кейіпкерлердің есімдері есімнен шығып кетсе керек, фильмнің басында біраз еске түсіруге тура келді. Дегенімен, бұл фильмнің шырқын мүлде бұзған жоқ. Тіпті, Толкиеннің туындыларымен мүлде таныс емес адамдар да өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп, осыған дейін болған оқиғаларын міндетті түрде тамашалайтынын айтып жатты.

     

    Киноны кеше тамашалаған болсам да, онда болған бар оқиғалар әлі де көз алдымнан кетер емес. Фэнтези жанрына сай қоршаған орта бірден баурап, табиғаттың сұлулығын тамаша жеткізе білді десем, қателеспеспін. Оған қазіргі заманғы талаптарға сай компьюермен әрленген арнайы эффектілерді қосыңыз. Фильмнің сюжеті де мағыналы, достық пен сүйіспеншілікке үйретеді. Әсіресе, Бильбоның тапал хоббит болғанына қарамастан аса ержүрек, адалдығы көзге түседі. Ториннің де қазына деп басын жоғалта жаздағаны қазіргі заманғы байлыққұмар адамдарды бірден есіңа алғызады.

     

    Питер Джексон мен Толкиенге аталған туындылары үшін мың алғыс! Кинотеатрға баратын болсаңыз міндетті түрде көруге ұсынамын. Менің бағам - 9/10.

  • Бекзат Әділжанұлы

    Барлық рецензиялар: 1

    Кеште болса жазып жатырмын. Жалпы бұл фильмді қазақ тілінде емес, орыс тілінде ғана көріп шектелдім. Ғаламторда қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ, ал кинотеатрға жол түспеп еді. Жалпы бұл фильмді жазда екі рет, және жақында тағы бірнеше рет көрдім. Жеті рет өлшеп, бір рет кескендей болдым. Орыс тілінде жеті рет қарап, бір қазақшаны шығардай болдым дегнім ғой.Жалпы фильм ұнады! Себебі сюжет бір қалыпты тұрмады. Күтпеген оқиғалармен есте қалдырды. Алғашқа сахна Ричард Паркер мен оның әйелі Мэри Паркердің қалай қаза тапқанын көрсетті. Кейін Питер Паркерді көрсетті. Жалпы Марк Уэбб комедия жанрына жақын болғандықтан күліп алдық. Жаңа кейіпкер Алексей Ситцевичті де байқадық. Оны Пол Джамати сомдады. Алексейді тыр жалаңаш қалдырып кеткені күлкілі болды. Стэн Ли де өзіне жақсы камео тауыпты. Жалпы маған Тоби Магуайрға қарағанда Энжрю Гарфилдтің Өрмекші-адамды ойнағаны ұнайды. Себебі ол жай ьғана құтқарушы емес, сонымен қатар романтик! Питерден романтикті шығарған әрине ол - Марк УэббЕнді композиторларға келсек. ьАлғашқы фильмнің композиторы Джеймс Хорнер дің әуендері құлаққа жағымды естілтін еді. Ал бұл фильмнің композиторы Ханс Циммердің әуендері кішкене қатты шығама, басқаша ма білмедім. Операторларға келсек, Дэн Миндел керемет оператор. Дауа жоқ! Ал алғашқы фильмнің операторы Джон Щварцманға("Жаңа Өрмекші Адам" фильмнің операторы) кішкене операторлық тәжірибе қажет. Себебі ол  кейіпкерлерді аса жақын көрсетеді. Ал Дэндн ондай қателіктер бола қоймады.

    Енді әр кейіпкерге жеке тоқталып өтсек. Питер Паркер - басты кейіпкер. Яғни - Өрмекші-адам. Бізді біраз күлкілі бөлегені рас. Бірақ оның фильмнің ортасында Гарриге неге қан бермегенін түсіне алмадым. Бірақ бұл ежелден келе жатқан комикс дәстүрі. Гвен Стейси - Біздің қаһарманымыздың ғашығы. Эмма СТоун бірінші фильмдегі ГВен Брайас Даллас ХОвардғқа қарағанда, жақсы көрініс тапқан. Оның күлгенін әйтсейш. Оның қаза тапқаны бәрінен жаманы сол болды. Бірақ "SONY" оны қайта тірілтуді ойлап жатыр дид.Макс Диллон - Аңқау, ақкөңіл "OsCorp"-тың жұмысшысы. Токқа ұрылғаннан кейін, оны аяп кеттім. Бірақ оның "добрый персонаж" ретінде де қалыптасуына да болатын еді. Бірақ СТив Дитконың комиксынен аттап өтуге болмас.Гарри Озборн - ауруға шалдыққанын білгенде ол жанын сақатп қалу үшін әбігерге түседі. Питерден Өрмекші-адамды шақыртып, қанын беуруін сұрайды. Бірақ оған келіспейді. Ал Гарри болса, Максты өз жағына бағындырып, Дональд Менкеннен  сиворотканы салдырғызады. Ол аурудан айығады және құбыжыққа айналады. Сол сәтте ол Питердің Өрмекші-адам екенін біледі де ГВенді өлтіреді.

    Мэй Паркер - Тәтеміз Мэй бұл фильмде Питердің ата-анасы жайлы шындықты білуіне үлкен септгін тигізеді.

    Дональд Мэнкен - Оскорп жұмысшысы, Гарридің көмекшісі болып келген Дональд Мэнкен сценарий бойынша қаза табу керек болған. Бірақ ол аман қалды.

    Және бұлф ильмнің жалғасы "Зұлым алтылық" фильмінің жалғасы жайлы көптеген әңгімелер айтылып жатыр.  Сценарийге көз жүгіртсек. Фильм была йбасталады. Естеріңізде болса, "Жаңа Өрмекші-адам 2" фильмінің соңында Өрмекші МҮйізтұмсыққа қарсы шығатын еді. Сол сюжетті ұстап, жалғастырады.Өрмекші-адам қоландағы қала канализациясының қақпағымен Мүйізтұмсыққа бір сілтейді. Сол кезде оның костьюмі жан-жаққа шынытап сынады.Бұл кезде Оскорп жұмысшысы Густав Фриске келіп, "Сэр, Осьминогтің шупальцасы жоғалды"- Ол қайда?- Өзімде білмеймін, сэр... Сэр, оны кім жасағаны есіңізде ме?- Отто Октавиус

    - Ол да Оскорпта жоқ.

    Фирс далаға қараса Өрмекші-адам Мүйізтұмсықты жеңіп, Осьминогпен айқасып жатыр екен.

    Фирс:

    - Сен сондай костьюммен жеңіліп тұрсыңба?

    АЛексей Ситцевич:

    - Сэр, өтінем, маған тағы бір мүмкіндік беріңізші!

    - Жарайд!

    - Рахмет, сэр!Міне дәл осылай фильм басталады! Фильмге берер бағам: 8.5

  • Ербол Серікбай

    Барлық рецензиялар: 1

    Хоббит: Бес әскердің шайқасын көріп келгеннен кейін, сіз енді ешқашан бұрынғыдай болмайсыз! (с) Мен

    Хоббит: Бес әскердің шайқасын көріп болғаныма 2-3 сағат болса да, әлі де құлағымда кинодағы айтылған диалогтар кетер емес:

    - Уәде мен абырой алтыннан да қымбат!

    - Егер барлығы өз үйін алтыннан да жоғары қойса... әлем жақсара түсетін еді. (c) Торин

    Әр адамға кино әр түрлі ой салатын шығар. Мен үшін киноның басты тақырыбы-Махаббат!

    • Туған жерге деген махаббат
    • Әкенің балаларына деген махаббат
    • Эльф пен Гномның арасындағы махаббат
    • Достардың арасындағы махаббат
    • Бауырына деген махаббат

    Осы махаббаттың барлығын Хоббит: Бес әскердің шайқасынан көруге болады. Тауриэльдің гномға дегені махаббаты, ұнатан жанының өліп бара жатып оған деген қимас сезімі көзіңе еріксіз жас келтіреді.

    13 жылға созылған 6 кино. Бүгін міне соның соңғы нүктесі қойылды.

    Питер Джексонға үлкен алғыс. Нағыз ертегі әлемін құрастырып, сонда жетелеп алып кетті. Әлі де көз алдымнан тамаша ертегі әлемі кетер емес.

    Кино біткеннен кейін бүкіл зал орнынан тұрып, қол шапалақтағаны бүкіл Хоббитті түсіруге ат салысқан мамандардың еңбегіне баға беруі деп білдім.

    Менің киноға берер бағам: 10/10

    Мен үшін биылғы жылдың 3 үздік киносы:

    1. Хоббит: Бес әскердің шайқасы
    2. Интерстеллар
    3. Галактика сақшылары
  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Киноны көру үшін міндетті түрде алдыңғы 2 бөлімін көріп барыңыз, егер көрмеген болсаңыз кино сізге аздап түсініксіздеу болары анық.

    Аштық ойындарының жеңімпазы Китнисс Капитоийге қарсы құрылған одақтың белгісіне әрі көтеріліске шығушылардың күш берушісіне айналады. Бірақ, басты арманы өз серігін босату болады, армандаған нәрсесіне жеткен кезде сүйіктісінің өзін өлтіруге арналған қаруға айналғанын байқайды.

    Кинода көтерліске қалай дайындалу керектігін үйрететін кадрлар бар, барлық нәрсені қамтыдым деген күннің өзінде ескерусіз қалатын нәрселер бар екенін байқайсың. Киноны көріп отырып шынайы өмірде сізде сол жағдай болып жатқандай әсер қалдырады. Көруге кеңес берем.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    "Келинка Сабина" киносын көруге барған кезде бар артық ойларыңызды қалтаға салып қойыңыз, иа иа 7- арнадан сіз көріп жүрген бағдарламадағы таныс бейне болса да басқаша оймен барыңыз. Кино күлкілі, бір жағы тәрбиелік мәні бар...

    "Таңдаған тазға жолығады" деп арабтың шейхтарын армандаған Сәбина аяқ асты Жүгері ауылының келіні боп шыға келеді. Бұндай жағдайды күтпеген "келін" тек бұл ауылдан қашып кету жоспарын құрады. Интернеттен, шетелдік кинолардан көріп алғанын (Нұртастың еліктеушілігі қатты байқалады) ол өз тәжірбиесінде өткізеді. Бірақ, күндер өте оған ауыл өмірі ұнай бастайды, әрі өзінің келіндік міндетін жақсы атқара бастайды...

    Кино өте қызықты, әсіресе қала қыздарына кәдімгідей ой салған сияқты. Тіпті қалалық боп кеткен қыздарғада. Бізде қалыптасып қалған кейбір стреотиптерге басқаша көз қараспен қарауға мүмкіндік береді. Мысалы, қазақта "кіммен қарайсаң сомен ағар" деген мақалдың мәнін жақсы көрсеткен. Өмір сені бағытыңнан өзгертсе сен сол бағытта өз бақытыңды табуға міндеттісің дегендей. Әрине, тіл тақырыбы жақсы көтерліген, бірақ өзі таза қазақша сөйлей алмайтын Нұртастың бұл ісінде адамдарды кері итермелейтін ой қалыптасады. Дегенмен, комедияның аты комедия. Сондықтан тек күліп, көңіл күй көтеріп қайтуға болатын кино.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Сәбина келін Қазақстан телекөрермендеріне "7-ші арнадан" көрсетілетін "KZландия" скетчкомы арқылы белгілі. Образдың авторы - Нұртас Адамбаев Сәбинаның әлемін кеңейтіп, үлкен экранға шығаруды мақсат етіпті.

    Көрерменде екі ойлы көзқарас пайда болуы мүмкін. Жоба Қазақстан энтертейнменті үшін жаман құбылыс емес. Типаж жақсылап өңделген, артық-кемшілігі теленұсқада жиналған тәжірибенің арқасында ескерілген. Тіпті әзілдеріне шек-сілеңіз қатып күлуіңіз мүмкін. Бірақ Сәбинамен бұрыннан таныс мен үшін жаңа ештеңе таба алмадым.

    Әзілдері мен оқиғалары "KZландия"-дан сол күйінде дерлік көшіріліп алынып келіпті. Былайша айтқанда - "Келинка Сабина" - Келинка Сабина туралы бүкіл скетчтердің үздік жинағы.

    Тағы бір түсініксіздеу жері - фильмнің режиссері, сценарийшісі, продюсері Нұртас Адамбаев басты рөлді де өзіне қалдырды. Теленұсқада өзі ойнауы енді түсінікті, ал үлкен фильм жасағанда рөлді әйел жынысты басқа әртіске беру керек еді. Әйтпесе келіннің аузының айналасы қырынғаннан қалған сақал-мұрттың ізі ап-анық көрініп тұрды.

    Жеңіл-желпі әзіл мен ойландырмайтын сюжет өз дегенін істетті. Араға 12 сағат салып, фильмдегі детальдарды есіме түсіре алмадым. 

    Нұртас Адамбайдың еліктегіштігін бәріміз білеміз. "Наша Казаша", одан кейінгі "KZландия" - ресейлік "Наша Рашаны" басшылыққа алып жасалған дүниелер. "Наша Раша" авторлары да кезінде Джамшут пен Равшан туралы бөлек фильм шығарды ("Наша Russia: Яйца судьбы"). Бірақ онда скечтердегі оқиғалар қайталанған жоқ, бөлек сюжеттік желісі болды. Өкінішке орай, "Келина Сабинадан" ондайды байқай алмадым.

    Бір ұнаған жері - Сабина өзінің басынан өткен оқиғаны Форрест Гамп стилінде баяндауы болды. Еліктеу ме, әлде әзілдеу ме - білмедім, бірақ жаман амал емес сияқты көрінді. Бірде шынайы өмірмен үйлесетін, бірде тіптен ақылға сыймайтын әзілдері бар жеңіл комедия. Десек те оның да өз айтар моралі бар. Қандай мораль екенін фильмнен көре жатарсыз.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Махаббат қана уақыт пен кеңістікке, физиканың ешбір заңына бағынбайды

    Фильмнен кейін көңілім құлазып қалды. Біз - адамдар не деген қатыгез, эгоист едік! Тек дәл қазіргі күнімізді ойлаймыз, ал Жер ана бізге берер сыйын сарқып тауысып, қалпына келмейтін ресурстарынан айырылып жатыр. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ", ал ертең бәрі кеш болады.

    Ағайынды Ноландар ғылыми-фантастика емес, утопия дүние жасап шыққандай көрінді. Ғарыш, болашақтың технологиясы, салыстырмалылық теориясы - бұлардың бәрі керемет. Бірақ егер дер кезінде оның бәрі дайын болмай шықса ше?

    Сюжет Кип Торнның "Көртышқан іні" туралы теориясына негізделген. Ғалым кезінде уақыт пен кеңістікке саяхат жасауға болатынын, алыс галактикаларды аз уақытта бағындыруға мүмкіндік беретін ғарышта "тесіктер" бар деп болжам жасаған еді. Фильм сол теорияны негізге ала отырып, адамзаттың аяғы түгілі, ақыл-қиялы жетпеген алыс ғарышқа сапар туралы баяндайды. Былай алып қарасаңыз, квантты физика мен гравитация секілді ауыр ғылым салаларына арналған, тек таңдаулы ғалымдардың ақылы жететін күрделі заңдар мен теориялар. Алайда, бұлардың барлығы фильмде өте қарапайым көрініс тапқаны сонша, физикадан білімім өте шамалы мен секілді қатардағы көрермен оңай қабылдай алады. Соншама күрделі нәрселерді өте оңай жеткізу шеберлігі үшін сценаристтер кем дегенде "Оскар" алулары тиіс деп есептеймін. Ал фильмнің өзін болашақ физиктер мен астрономдарға көрнекі құрал ретінде ұсынып, оқыту бағдарламасына енгізуге болады.

    Әрине, бұл жерде физиктер тарапынан сюжеттегі кейбір детальдарға қатысты сын айтылатын болады, кейбір нәрселер мүлдем жоққа шығарылады. Бірақ бұл картинаның жалпы атмосферасына еш әсер етпейтініне сенімдімін. А. Куаронның "Гравитациясымен" болған оқиға бұл сөзіме дәлел бола алады. Түптеп келгенде бәрін дәлме-дәл көрсетіп, әр ұсақ-түйекті ескеретіндей Нолан физик емес қой, және олай жасауға үлкен қажеттілік те жоқ.

    Жоғары сапада орындалған визуализация мен графикалық безендіру адам қиялын шектен шығарып, алыс ғарыштарға сапарлауға мүмкіндік береді. Бұны асыра мақтағандық деп қабылдамаңыз. Ал музыкасы бөлек әңгіме. Біздің Күн жүйемізге мүлдем ұқсамайтын бөтен, жат әлемдердің қалыптан тыс көрінісін музыкалық сүйемелдеу арқылы бүкіл сезім мүшелерімізден сезе аламыз.

    Режиссер бұл жолы да актерлік құрамды іріктеуден шалыс басқан жоқ. Соңғы кезде драматикалық рөлдерімен сүйсіндіріп жүрген Мэттью МакКонахи "Интерстеллар" арқылы тағы да бір "Оскар" номинациясына ұсыныла ма деп отырмын. Алып жатса таңғалмаңыз.

    Фильмге Мэтт Дэймонның қатысатыны тіптен есімнен шығып кетіпті. Өзі кадрда пайда болғанда ғана есіме түсті. Оның бұндағы эпизоды аздап түсініксіздеу болды. Мүмкін, Ридли Скоттың "Марстық" жобасына дайындығы шығар, кім біледі.

    Ғарыш ғарышымен, фильмдегі кейіпкерлердің қарым-қатынастары мен туыстық махаббат хикаясы бөлек тарау. Бұл жерде бірдеңе айту қиын, өйткені спойлерге жол беріліп кетуі мүмкін. Сол себепті, сіздерге қарым-қатынас тақырыбы қаншалықты жақсы деңгейде көрсетілгенін жеткізу үшін мына фактіні айта кетейін: 1-2 сәтінде еркек басыммен көз жасыма ерік бердім. Бұл сәттерді айтып жеткізу қиын, тек көзбен көру керек.

    Кристофер Нолан кезекті шедеврін дүниеге әкелді және бұл ұзақ уақыт бойы ғылыми-фантастиканың классикасы болып қала бермек.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Кино өте қызықты, адамды кино біткенше біраз тығырықта ұстайды. Сіздің миыңыздың мүмкіншілігінің соншалықты мықты екенін өзіңіз сенбей дал боласыз және адамдардың сіздің миыңыз арқылы сіздің өткеніңізге саяхат жасап, сіздің санаңыздың алдауы мүмкін екеніне сенбейсіз. Психологиялық ойларға толы киноны жақсы көретін адамдарға көруге кеңес берем. Актерлар ойыны, кино желісі қызықты.