• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 420)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Айналып қана кетейін" (с) Наташа Романофф

    Екінші "Кек алушыларды" аса қатты күткен адам ретінде сезініп келіппін осы күнге дейін. Егер жабық көрсетілімге шақырмағанда, өз ниетіммен барамын ба, әлде жоқ  па - білмейді екенмін. Бірақ, бармау мүмкіндігім жоғары көрінеді. Көп жерде "ең көп күтілген", "жылдың басты фильмдерінің бірі" деген айдарлармен жазылып жүрген соң, өзім де сол ағынға еріп, еркімнен тыс сол нанымдарға сеніп кетіппін. Оны мен сеанс кезінде түсіндім.

    Еріксіз бірінші "Кек алушылармен" салыстыра бастайды екенсің. Шынымды айтайын, бұл жолы іш пыстырарлық жерлері көп болды. Кейбір сәттерінде оп-оңай басқа нәрсеге алданып кетіп отырдым. Бұл менің мұқиятсыздығымнан емес деп ойлаймын.

    "Бұл жолы не жетіспейді?" деген сұрақ туындайды. Арнайы эффектілер бар, әзіл бар, төбелес бар, шым-шытырық бола тұра бас қатырмайтын сюжеті бар. Менің ойымша, бұл жерде мәселе біреу: "Marvel" соңғы жылдары өте көп болып кетті. Әр шаршы метрге екеуден. Жыл сайын бір қаһарманның релизін көреміз. Сондықтан да шығар, аздап жалықтыра бастаған тәрізді. "Альтрон дәуірін" көріп отырып түйгенім осы.

    Бірақ бұның бәрі фильмді жерден алып, жерге салуға ешқандай да себеп болмауы тиіс. Жаңа кейіпкерлер қосылған, жаһандық қатер бұрынғыдан да үдетіле түскен, оқиғалар ауқымы кеңейтілген. Әсіресе, маған ұнағаны екінші деңгейдегі кейіпкерлерге көп көңіл бөлініпті.

    Мысалы, Қыран көздің отбасы, Наташа мен Халк/Брюс Беннердің арасындағы қарым-қатынас. Ол аз десеңіз, бұрын Темір адамның виртуал көмекшісі болып келген Джарвистің негізінде пайда болған Вижен. Ол аздық етсе, "Х-адамдар" әлемінен көшіп келген Сынап пен оның сыңары Алқызыл Мыстан. Аталғандардың әрқайсысына жекелей тоқталып, көрерменмен жақын танысуына 2 сағаттық хронометраждың ішінен орын табылыпты.

    Қазақша дубляж

    Мені кешірсін, бірақ бұл жолы көңілімнен шықпады. Асығыс жасалғандай көрінді. Егер бұл ең алғаш дубляждалған фильм болса барлық кемшілігіне көз жұма қарауға болар еді. Осыған дейін 1 емес, 10 фильмді сәтті аударып келіп, біршама тәжірибе қалыптастыра отырып, үйлеспей қалған, жеткізе айтылмай қалған кейбір сөйлемдерін, сөз тіркестерін естіп, кішкене көңілім түсіп кетті. Іштей: "Мына жерін былай айтуға болар еді ғой, мына жерінде былай жеткізсе ғой ғой", - деумен болдым.

    Бірақ, Қара жесірді дыбыстаған Мақпал Исабековаға ризамын. Әлгі, Скарлетт Йоханссонға тән сәл қарлығыңды секси дауысты керемет келтіріпті. Әрине, Мақпалдың аздап акценті сезіледі (орыс тілді ғой), кейбір интонациялар сол кездегі кейіпкердің эмоциясына сәйкес келмей қалған тұстары кездеседі. Бірақ әдемі дауысы бұлардың барлығын жеңіп кетті. Әсіресе, "Айналып қана кетейін" деген жерінде жүрегің езіліп кетеді екен :)

    Темір адамның қуақылығы қалай жеткізілер екен деп ойлап едім. Ешқалай да жеткізіле алмаған, тым әспеттелген, фильтрленген әзілдер. Сондықтан да Тони Старк бұрынғыдай аса күлкілі емес.

    Сонымен, фильм балалар үшін, жасөспірімдер үшін керемет әсер ететін туынды болуы мүмкін. Алайда ересек адамның іші пысып кететін секілді. Кешіріңдер, бірақ сөйлейтін роботтың қатыгездігі сендіре алмады.

    Жалпы фильм: бұрынғы жетістіктерін ескере отырып, болашақта дами түседі деген үмітпен - 7/10.

    Қазақша дубляж: қыруар еңбектері үшін - 6/10.

     

    P.S. Кинопарк, экрандарың тым қараңғы, көз ауыртады

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Мен сияқты Marvelдің өнімдерін жақсы көретіндер үшін нағыз қуанышқа толы фильм болды.  Шыны керек, бұл киноларды жай теледидардан не комптан көре салу Марвелге жасалған қастандық дер едім. Себебі киноның барлық керемет көрі үшін кинотеатрдан 3D дан қараңыз дер едім.

    Сонымен, "Кек алушылар: Альтрон дәуірі" фильмін қарауға 7 себеп:

    1. Ол жоғарыда айтқандай Марвел өнімі, фантастика болғанымен адамды дамуға, жаңа техниканы меңгеруге итермелейтін алғашқы сүйреушілік күші бар. "Шынымен роботтар адамдар сияқты ойлай бастаса, әлемде шынымен ерекше қасиетке ие адамдар пайда болып бізге көмекке келеді" деген қияли ойға жетелейді. Әрі осы қаһармандар сияқты батыл, батыр, мықты, ойлы болуға жетелейтіні даусыз.

    1. 2. "Кек алушылар: Альтрон дәуірі" фильмі қазақ тіліне аударылған 11- фильм әрі бірінші рет 3D форматындакөрсетілген қазақтіліндегі әлемдік кино. 
    2. 3. Аударма сапалы, эмоция бар. Әрі жәй өмірде Мақпал Исабекованың дауысының қандай екенін байқай аласыз. Меніңше, Мақпал өзіне қойылған талапты жақсы алып шыққан. Әсіресе Наташа Романоффтыңқырындау кезіндегі дауыстарын құбылтуы, мейірімділігін дауысы арқылы бере алған. Бірақ, бізде әлі де "мәдениеттілікә жоғары. Кинода айтылған жаман сөздер сол қалпында қазақша жақсылап айтылса киноның бағасы аса түсер еді. 
    3. 4. Актерлық құрам. Мен өлердей жақсы көретін Скарлет Йоханссонның өзі неге тұрады? Әр рөлге байланысты өзгеруі әрі сол фильмдегі барлық трюктерді өзінің орындауы таңқалдырмасыңды тудырмай қоймайды. 
    4. 5. Элизабет Олсен "Кек алушылар" командасында жаңадан пайда болған Алая ведьманыойнайды. Кино әлемінде өзін басқа қырынан танытып келе жатқан жас актриса. Бұған шейін тек романтикалық фильмдерден көріп үйреніп қалғасын мына рөлді алып шығуы ұнады.
    5. 6. Спецэффектілер. Мен голливуд киноларындағы спецэффектілерге қатты қызығам. Адамды ерекше баулап алады және қай жерде қандай эффект берсе адам қалай әсер беруін біледі. Халк мен Темір адамның төбелесін көру керек. Оны жеткізе алмайсың сипаттап.
    6. 7. Осы жылдың көктемінің ең күтулі фильмдерінің бірі болғандықтан сен міндетті түрде көруге тиіссің. Ең қызығы қазақша қалжың сөздердің үйлескені ұнады. Мың оқығанша бір рет барып көргенге жетпейді. Сәттілік!
  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Машиналар ұшпайды"

    Кейбір фильмдер болады, әр жалғасы шыққан сайын өз құнын жоғалта түседі. Кейбіреулері керісінше - әр бөлім сайын қарқын алып, үдей түседі. "Жылдам және жойқын" франшизасы соңғысына жатады. Жетінші фильмде бұрынғылардан да бетер мықты трюктер, әдемі қойылған төбелестер, жойқын жарылыстар мен атыстар көреміз. Фильмнен драмалы қойылымдар мен логикалық сәттер күтпеңіз - олар тым аз. Бірақ "Форсаждың" атмосферасына енгеннен кейін бұлардың бәрі қисынды көрінеді, барлық ақылға қонымсыз оқиғаларға сенесіз, олардың абсурдтығына мән бермейтін боласыз. Оның көрермендерін жоғалтпай, әр фильм сайын дами түсудегі сиқыры да осында шығар.

    Жетінші картинаның түсірілімі бәрімізге белгілі себептермен созылып кеткені белгілі. Франчайздың фанаттары Пол Уокердің мезгілсіз қазасы кинотуындының жалпы нәтижесіне кері әсерін тигізеді деп ойлаған еді. Менің ойымша, бәрі біз ойлағаннан да жақсы шықты.

    Тұрақты актерлік құраммен бірге, мен үшін тағы екі әртістің қосылуы керемет жаңалық еді, олар: соңғы жылдары аса көп көзге түспей жүрген Курт Рассел мен "Онг Бак" арқылы танылған Тони Джа. Тай актері туралы бірдеңе айтудың өзі қиын, өйткені оның фильмдегі актерлігі бар болғаны бір-екі ауыз ғана сөзбен шектелді. Көрініс тапқан бірнеше минуттық ойынының барлығын төбелеспен өткізді. Оны алыстан алдыртқанына қарап, оған негізгі рөлдердің бірі беріледі деп ойлап едім, қателесіппін.

    Ал, Курт Рассел таңғалдыра алды. Харизмасы қаншалықты рөл ойнағанын білмеймін, бірақ оның образы позитив пікір жазуға себеп болып отыр. Болашақтағы бөлімдерде тағы да шығады деген сыбыс бар, несі бар, оның рөлі фильмнің әрін келтірмесе, кемсітпейтіні анық.

    Саундтректі ерекше атап өту керек. Бұған дейінгі бөлімдер де әдемі әндермен ерекшеленгені белгілі. Сюжеттегі оқиғалардың атмосферасына дәлме-дәл, өте үйлесімді таңдалған әндер менің плейлистімен енетіні сөзсіз.

    Франшизаның осыған дейінгі фильмдері таңғаларлық автотрюктерімен талай аузымызды аштырғаны белгілі ғой. Бұлардың бәрі экстримнің шарықтау шегі, бұдан артық жойқын көріністер болмайтындай көрінетін. Қателесіппіз. Жетінші бөлімде автомобиль басқарудың бұрынғыдан да керемет үлгілері ұсынылады. Фильмдегі кейіпкерлердің өздері мойындағандай: "машиналар ұшпайды". Бірақ, олар стереотип сындырудың шеберлері екен.

    "Форсаж 7" Пол Уокердің аруағына арналыпты. Актерлік құрамның соңғы серияға бар күш-қуатын салғаны көрініп тұр. Пол Уокердің кейіпкеріне де ерекше мән берілген.

    Әрине өкінішті, бірақ енді оны экраннан көрмейміз. Доминик Торетто бастаған жанұя өз бауырларымен фильмде де қоштасыпты. Егер жоғарыда аталған нәрселердің бәрін ысырып тастап, бұл картинаны не үшін көреміз деген сұрақ туындыса, дәл осы ақырғы минуттары үшін көруді ұсынар едім. Қош бол, Пол.

  • rakishevaa

    Барлық рецензиялар: 7

    Режиссер Саламат Мұхаммед-Əлидің "Весь мир у наших ног" фильмі өлім-жітімнің көптігін санамағанда өөөте ұнады. Алайда атыс-шабыс, қааанға толы боевиктерді ұнататындарға бұл отандық өнім көңілдерінен шығатытына сенімдімін. Актерлер құрамы деген ееенД керемет! Мемлекеттің қаржысына түсірілмегендіктен неге шетелдік актерлерді көп шақырған, ел қаражатының бәрі шетелге кетті деп ішің ашымайды. Алайда өзге отандық "крутой" фильмдермен салыстырғанда оқиға толықтай дерлік Қазақ жерінде өткендігі өте қуантты. Фильмді көре отырып шетелдің әдемі аралдарына емес, өзіміздің елдің әсем табиғатына, ғимараттарына тамсанасың. Көре алмай жүрген Ақтаудың кәрі Каааспиін көріп бір мәз болдым. Бір жағынан мафияның іс-әрекетін көре отырып елімізде осындай топтар шынымен де бар ма екен деп ойланыыып кетеді екенсің. Иә, бәәәәрі әдемі, бірақ қорқыныштыыы... Аздап адамның өмірін бір тиынға бағаламайтын адамдарға деген жиіркеніш туындайды. Фильмнің сапасы өте жақсы, голливудтық актерлер көп болғандықтан бааа фильм "голливудский", бірақ фильмді көргендер дыбыстау сапасының жоғарылығынан осындай әсер қалдырып отыр деген пікірлерін де білдіруде. Не дегенімен фильмді жасаушылардың бұл туындыға деген махаббаты шынайы сезіледі... Соңында жылаааайын, жылаааайын, жылааайын депппп қалдым :( Біраааааққ... Бірақ өздеріңіз көріп алыңыздар спойлер емеспін :) Өзім Голливуд жұлдыздары Майкл Мэдсен, Арманд Ассанте, Кэри Тагава, Боло Йенг, Дон «Дракон» Уилсон жəне əйгілі Питер О'Тулдың, Қазақстан мен Ресей актерлері Қарлығаш Мұхамеджанова, Алексей Франдетти, Мұрат Бисенбин, Нұрлан Алтаевтардың әдеттегідей күштііі ойындарына көзім тойып, рахаттанып шықтым.

    Жылқының любопытный взгляды, мафияның басшысы Мұсаның соңында бір сәтке доообрый болып кетуі, Әлияның Русланды өлтіріп, көтеріп алғандығы сынды біраааз қызық сәттері киноны көріп болғаннан кейін де есіңе түссе күлкіңді келтіреді. 

    Бір сөзбен айтқанда "Весь мир у наших ног" фильмін көруге кеңес беремін :) 

    P.S. Өзім үшін жаңа Алексей Франдетти есімін аштым.

    Бірінші көргенімде оны кәріс актері Ким Гын Сокқа қатты ұқсаттым. Небір жұлдыздар келіп жатқанда сол шығар деп ойлап қойдым. Бірақ ол түссе қазақстандық БАҚ үнсіз жатпас еді ғой деген тағы бір ой келді. Сосын мүмкін "Рекетирдегі" Саян шағыр деп ойладым. Өйткені оған да өте ұқсайды. Алайда жас. Сөйтсееем ол Өзбекстанның тумасы, ресейлік актер Франдетти екен :)

  • Назгүл Қожабекова

    Барлық рецензиялар: 1

    Түпнұсқа ертегіден де, баяғыда түсірілген мультфильмнен де осы фильмнің ерекшелігі - кейіпкерлеріне эмоция дарытқан, сезім қосқан. Золушканың ішкі ызасын, ішіндегі сезімдер арпалысын жеткізуге талпынған. Тағдырына мойынсұнып жүре беретін ертегі кейіпкерін жек көре алатын, өзінің қорлықта жүргенін білетін, соған наразы, соған қарсылық білдіре алатын адамға айналдырған.

    Өгей шешенің қызға көрсеткен қорлығы тек үйді иеленіп, өзінен құтылудың амалы ғана емес, оның жастығын, сұлулығын қызғану екені қосылған. Сосын, интрига, сарай құпиялары сияқты шиеленістер қосуға тырысқан, бірақ ол линияны аяғына дейін жеткізе алмаған.

    Фея крестнаяның атынан оқылатын ЗКТ комментарийлер ұнамады. Қажеті жоқ еді.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Апта сайын ондаған фильм шығаратын Голливудтың фонында ерекше дүние жасау оңай емес екені айтпаса да түсінікті. Жаңа блокбастерлер, ремейктер, сиквелдер мен приквелдер, экранизациялар мен ребуттар. Ішінен ұнағанын таңдай бер. Ұнамағанын бір категорияға бөліп, "шаблоннан шыға алмаған" дей саламыз, "жанр дағдарысы" деп сөгеміз. Біреулері шықпай жатып ұмыт болады, біреулері екі апта бокс-офистен түспегеніне мәз. Голливуд айтатын дүниелердің бәрін айтып, қозғалмаған тақырыптары қалмағандай көрінеді кейде. Бірақ, ешқашан өлмейтін дүниелер бар екен.

    Бәсекелестік деңгейі адам баласы әлі ойлап таппаған шамаға жеткен Голливудта есте қаларлықтай туындыны жарыққа әкелу қиынның қиыны шығар деп топшылаймын. Әсіресе, бұрыннан келе жатқан шығарманың кезекті экранизациясы болса. Онсыз да белгілі дүниені қайтадан жасау ең ұтымсыз әрекет секілді көрінеді. Өйткені көрерменді соны сюжеттік желімен таңғалдыра алмайсың. Бірақ бұндай негатив болжамдарды жоққа шығаратын шығармалар бар екен.

    "Золушка". Қаншама рет сахнада қойылды, қанша рет экранға шығарылды, қанша рет оқулықтарға басылды? Бірақ өмірде мейірімділіктің бар екеніне сендіретін ертегі өз мәнін әлі жоғалтпапты. Көрерменді ғажайыпқа сенуге, ешқашан үмітіңді үзбеуге, жақсылық тек игі істер арқылы келетінін үйрететін мысал үлкенді де, кішіні де тәнті етпей қоймайды. Мысалы қарапайым, идеясы балаға да түсінікті, сонысымен де тартымды шығар.

    Өз басым, "Золушканың" осыған дейінгі нұсқаларын көрмеппін. Әлде есімде жоқ. Кеннет Брана түсірген жаңасы бұрынғылардан қатты ауытқып кетпеген шығар деп ойлаймын. Шығарманың классикалығы да осы шығар, әйтеуір қанша нұсқасы шықса да өз құндылығы жойылмайды.

    Диснейдің өзі ғажайыптар әлемі емес пе? Осыған дейінгі жобаларының барлығы өз көрерменін тауып жатады. Осы картина арқылы да аудиториясы кемімейтініне сенімдімін. Сәтті таңдалған актерлік құрам, әдемі жазылған музыка, керемет визуал эффектілер көрермендердің жаңа буынына лайықтап жасалғандай.

    Бұл ертегі әлемнің барлық елдерінде танымал. Қазақша дубляждың арқасында енді Қазақстан көрермендерінің де сүйікті фильміне айналады деп сенемін. Жас талғамайтын, ерекше әсер беретін ерекше картина іздесеңіз кинотеатрға асығыңыз. Бұл - "Күлбике".

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Кітабынан гөрі киносы романтикаға толы болған сияқты... Кітапта БДСМ туралы көп жазылып, жыныстық қатынасқа көп мән берілгенін білеміз, ал кино көпшілікке арналғандықтан көп сценаларды жасырған, әрине кітап бойынша түсіретін болса порно боп шығатыны анық еді. Мүмкін кітаптағыдай әрекетті күткен оқырманның киноға көңілі толмай шығып жатқанының себебі осында сияқты. Режиссер мен киноны түсіруші компанияның кітаптың танымалдығына бола кино түсіруді қолға алғаны білініп тұр...

    Стдуент қыз үлкен компанияның жап-жас басшысынан сұхбат алуға келеді, сол арқылы ол денесі, киімі, ұстанымы, өмір сүруі мінсіз Кристиан Греймен танысады. Сымбатты мінсіз жігіт махаббатқа келген кезде шорқақ, себебі оған махаббат емес махаббатпен айналысу процессі өте маңызды. Әлсіз, қарапайым қыздарды ол өзінің "құлына" айналдырғысы келеді...

    Киноға келсек, оқиға тез дамып, киноның нағыз тақырыбын тез көрсетуге тырысқандай тез-тез іске асады. Киноны көріп отырып бір жаққа асығып отырғандай әсер аласың. Кітапты оқыған кезде мінсіз, әдемі адамдарды елестесің ал кинода ондай мінсіздік байқалмайды. Анастейша Стилді сомдаған Дакота Джонсон өз ролін жақсы алып шықты, ашық көрністерде денесінің мінсіздігі анық байқалады. Ал Кристиан Грейді сомдаған Джейми Дорнан кітаптағыдан өзгеше. Ол өте мейірімді жүзі күлімдеп бейне бір мысқылдап тұрған сияқты әсер қалдырады. Кітап бойынша ол өте суық адам болуы керек еді...

    Кино әдемі, түсірілімі сапалы. Мағынасы мен сюжетке баға берудің өзі бір түрлі себебі сен киноның не жайлы екенін білесің ғой. Мораль, тәрбие бірдеме іздеп бару дегенің енді нағыз мазохистік іс-әрекет.

    Әдемі қала, биік үйлер, тік ұшақ, ұшақпен серуендеу, қымбат көлік, қымбат гаджеттер, сымбатты-романтик жігіт кез-келген қыз Анастейшаның орнында болғысы келетіндей арманға жетелейді...

    Меніңше киноға 21+ деген шектеу қою керек пе еді? Біздегі кинотеатрлардың әр бір 20 минут сайын сеанс қою табысты көп түсіріп қалудың жолы екенін білсекте, олар қатыгездік арқылы ләззат алуды насихаттап жатқандарын түсіне ме?...

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Тонаудың әр түрлі болатынын білесіз бе? Мысалы, "Қазақша тонау", "Италяндық тонау" енді міне "Америкалықтарша тонау". Бірақ, барлық тонаудың мақсаты бір- байлық.

    Қызық, әр киноны қарап отырып, әр елдің тонауға өзінше дайындалатынын байқайсың. Сол алмақтың да бағасы бар екенін ұмытып кететіні жаман... Бірақ, ұрлыққа ешкімнің жақсылықтан бармайтынын білесің...

    Мені ылғи мынандай сұрақ мазалайды: "түрмеден шыққасын адамдардың өмірі қандай болады?", "бұрынғыдай еркін бола ала ма?" дегендей. Себебі, түрмеден шыққан адамдардың 70% қайтадан түрмеге түседі екен.... Себебі оларға біреулер бірнәрсеге "міндетті" сияқты боп тұрады...

    Түрмеден шыққан Джеймс түрмеден соң өз өмірін енді өз арнасына түсіріп жаңа өмір бастайды. Бірақ, оның өмірін түрмеден шыққан ағасы Френки қайта бұзбақшы. Ол өз достарымен банк тонамақ жоспарын құрады. Жоспар керемет, тек бірлігі жоқ команданың қосымша жоспарының жоқтығы істің аяғын басқалай аяқтауға мәжбүрлейді.

    Кино жігіттер тақырыбын жақсы көтерген. Бауырлық, достық, сенім жақсы көрсетілген. Сотталғандардың бәрі бірдей емес екенін көрсететін бір фактор анық көрсетілген. Ол - ұрылардың басқа ауыр қылмыс жасаушылармен бірге есептелінетіні. Ұрлық жасап жатқан кезде адам "ой, мен ешкімді өлтіріп жатқаным ғой, бұл аналармен салыстырғанда ештеме емес қой" деп ойлайды. Ал, тек ұрыларға ғана арналған түрменің жоқ екенін ескермейді....

    Киноны көруге екі себеп бар:

    1. Эдриан Броуди.

    Эдриан Броудиге өзінің актерлық өнерінің барлық қырын көрсетуге көп мүмкіндік берген. Тіпті бауырына айтқан монолог Эдрианның өзі жазған деседі. Бауырына айтқан монологы қатты ұнады маған. Екі бауырдың бір-бірін көрмей кетуге себебі бола тұрса да бауырмашылдықтары ұнады.Эдриан Броуди өзін әр түрлі рөльде сынап көруге дайын актер екенін білеміз. "Пианист" киносынан кейін оны жақсы көріп кеткем. Бірақ, дәл осындай сүмелектің рөлін ол бірінші рет сомдап тұр. Оны көріп отырған кезде ісіне қарап жәй ғана ұрып тастағың кеп кетеді, ол сүмелектерді тура бере білген. Тіпті олардың қозғалысы, ондай адамдардың ішкі стреженьннің жоқтығында айқын берген.

    2. Алим Заиров.

    Осы фильмге композитор ретінде алғаш рет Қазақстандық жігіттің музыкалары таңдалынып алынды. Ол фильмнен шыққан кейін өзінің әлеуметтік желісінде премьераның жақсы өткеніне қуанышты екенін білдірді. Ол үшін мен де қуаныштымын.

    16 дан асқан жігіттердің атыс-шабысты ғана емес арасында бауырмалдығы бар осы бір фильм ұнайды деген сенімдемін.

    Берер бағам 5/10.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Тим Бертонның "Үлкен көздерін" көрдім. Сонда бір қызық диалог бар:- Менің картиналарымды миллиондар ұнатады!- Бірақ бұл факт оның өнер екенін білдірмейді.

    Соңғы сөйлем Қайрат Нұртастың әндерін, Еркін Рақышевтің фильмдерін үлкен өнерге теңейтіндерге жауап ретінде айтылуы керек сияқты. Иә, оларды миллиондар тыңдайды/көреді. Бірақ көп көрілу деңгейіне қарап оны өнерге жатқыза беруге болмайды.

    Ал "Үлкен көздерге" келсек. Маған режиссердің өз фильмінің тематикасына сай стиль қолданғаны ұнайды. Мысалы, "Уолтер Миттидің жұмбақ өмірін" алып қарайық. Онда бәрі фотография төңірегінде өрбиді. Сәйкесінше, фильмнен неше түрлі фотографиялық жұмысқа тән әдемі кадрлар көреміз. Бұнда да сол: кинотуынды бейнелеу өнері жайында. Ал фильм түрлі-түсті бояуларға толы. Бір реңді зат кездестірмейсіз, бәрінің өз түсі бар.

    Эми Адамс пен Кристоф Вальцтың ойындары керемет енді. Адамсты мен Дэвид О. Расселлдің "Жауынгер" фильмінен бері көріп жүрмін. Рөлдері қаншалықты саналуан болса, өзі де соншалықты жан-жақтылығымен тәнті етіп жүр. Вальц туралы бірдеңе айтудың өзі артық, ол өзін әлдеқашан дәлелдеген адам.

    Біреуіне шын көңілмен аяныш сезімін білдіріп, екіншісін жек көріп кетесің. Сөйте тұра, Вальц кейіпкерінің кейбір қылықтарына кәдімгідей күлесің.

    Тим Бертонның картинасы өмірде болған оқиғаға негізделген. Бұл факт оның тартымдылығын арттыра түседі.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Кейде киноға барған кезде киноның ендігі сәтінде не болатыны маған белгілі боп тұратын сияқты көрінеді...

    Бірақ, "Ерсі оқиғалар" киносы сізді жүйрік ойыңыздың алға шабуына кедергі келтірері анық. Себебі, сіз голливуд киноларындағыдай "қазір, анау у ішті бітті өледі" деген сияқты бір жүйелік ой ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, осы бір кино сізді күтпеген оқиғасымен, күтпеген сюжеттер мен сіз күтпеген өмірдегі бар оқиғалармен сізді таңқалдырады.

    Иә, мойындаймын кино сіз барып көңіл көтеріп қайтатын кино емес. Ойланып, шынымен өмірде болған оқиғаның шынайы түрде қалай өрбігеніне боямасыз көз жеткізіп қайтасыз.

    Кино әр түрлі адамдардың бір сәттік өмірлерінен құралған, өмірде шығарға жол жоқ деп тірелген жердің өзінен сәл басқаша ойласаңыз болды сізге басқа мың жол шығатынын көрсетеді.

    Мысалы: 

    Мына қыз әкесін өлтірген адаммен бетпе-бет келеді. Қалай ойлайсыз, ол қалай әрекет етті? Кейде адамдарға Алла өзі көмектесетінінің куәсі боласыз. Бастысы адал ниет, жамандық жасамауға деген ниетіңіз. 

    Өміріңізде сізді ренжіткен барлық адамдарды бір самолетқа сыйдыра алар ма едіңіз? Мейлі сіз кінәлі болсаңызда. Айтпақшы, бұл әрекетті қайталамауға кеңес берем. Енді сіз есіңізден алжаспаған шығарсыз. Маған кейде осындай ойлар келетін енді адамдарған ренжіген кезде )))))). Айтпақшы, оларды жарып жібермейді. 

    Ал мына моментті суреттеп жеткізу қиын, бірақ сондай оңбағандар өмірде расымен бар ғой. Оқиға шынымен ерсі болса да шын өмірде көп болған бұл. Кейде түкке тұрғысыз "жолда жолымды қиып кетті" деп ашуланатын кездеріңізде осы моментті есіңізге аларсыздар. Осы жерді ашуланшақ жігіттер көрсе деген ой келді. 

    Ал, мына қыздың күйін күніне қанша қыз көріп жүр екен? Қанша қыз ақымақ боп, өз өмірін қиып жіберді екен. Мына қыздың маған ақылдығы ұнады. Иә, сіздің ойыңызға "мен былай кек алам" деген ой сол сәтте келмес еді. Тіпті менің ойыма келмес еді, болшақта есіме жаттап алуым керек деп шештім (әрине, бұндайдан аулақ қылсын дегенмен де).

    Неге әр оқиға тоқталып отыр деп ойлайсыз? Себебі әр оқиғаның өз айтары бар, сізге ой салады. Мен екінші рет қайта барып көргім келер еді.

    7/10

  • Әсия Бағдәулетқызы

    Барлық рецензиялар: 9

    • Нұх
    • 2014
    • Рейтинг: 7,5
    • Дауыс саны: 2

    «Тағдыр бізге ондай уәде берген жоқ» деп Танакөз (Толқынқызы) айтпақшы, Аронофски де «Нойды» қандай да бір діни кітаптармен сәйкестендіріп түсірем деп уәде бермеген болатын. Сондықтан оның режиссерлік құқы мен таңдауына құрметпен қараймын, өйткені ол ең алдымен адамның жанына үңілді. Ал пайғамбар туралы, оның Қазығұртқа келіп табан тіреуі туралы өзіміздің жігіттер де түсіре жатар)).

    Мен көрген «Ной» құтқарушы пайғамбар туралы фильм емес. Арлы адам туралы. Жаратқанның таңдауы өзіне түссе де тәуір адам «мен осыған лайықпын ба?» деп ойланады. Оның немерелерін өлтірем дегені – ешқандай да қатыгездік емес. «Мен лайық емеспін, біз лайық емеспіз» деген кішіпейіл күмән ғана. Жаңа өмірді бастау үшін адамзат баласы күнәдан пәк болу керек емес пе? Ол айтады: «Біздің қайсысымыз күнәдан пәкпіз? Сим – қалауының құлы, Хам қызғаншақ, Иафет біздің көңілімізді табу үшін бәріне дайын, сен олар үшін бәріне дайынсың...».

    Бұл «Ной» – Топан судан аман қалған пайғамбар отбасының... бақытты емес, қасіреті туралы. Миллиондаған адамдардың жалынышты үнін естіп отырып, қыңқ дей алмасаң, сол да бақыт болып па? Басқалардың көз жасының құнымен келген өмірден Муфасаил шалдың құшақ жая қарсы алған өлімі артығырақ көрінеді.

    Бұл мүмкін, Ной туралы фильм емес. Әр адам үшін маңызды, тағдыр мен таңдау туралы фильм. Құдай адамға он сегіз мың ғаламды берді. Әр пендесіне қайталанбайтын тағдыр берді. Сонымен бірге таңдау берді. «Құдай салды, мен көндім», «Жазмыштан озмыш жоқ» дейміз. Рас. Бірақ бәрін үтір-нүктесіне дейін жазып қойса, қиыс басуға болмайтын өмірдің мәні қайсы? Әр сәт, әр мезет – таңдау, сенің ниетің, жүрегің, ақыл-таразың, иманыңның өлшеуі де сол кішкентай таңдаулар. Өмір – сол таңдаулардың тізбегі.

    Сосын, қалай болғанда да бұл адам баласына деген үмітпен түсірілген кино. Нойға Құдай үлкен жауапкершілік артты. Тым үлкен. Бірақ әділетті Құдай тек көтере алатын жүк береді дейді ғой. Хамның қуылмай, өз бетімен кетіп қалуы, Нойдың жан азабы, Сим мен Иланың сүйіспеншілігі – адамзат бастауы мейірім, ар мен ұят, сүйіспеншілік шығар деген үміт оятады. Және, сөзсіз, есі дұрыс адам бұл кинодан діни қалып емес, өзін іздеп шығады.

    Шындығында фильм маған бастан-аяқ ұнады дей алмаймын. Компьютерлік әсерлері, костюмдері, суретшінің жұмысы, кейбір қақтығыстар... көңілден шықпаған тұстар көп. Бірақ біреулер әлсіздік деп бағалаған тарихтан ауытқушылығы – дәл осы фильмнің артықшылығы сияқты. Өйткені бүкіл тартыс, психологиялық диллема сол «ауытқулардан» (бір отбасының ішіндегі шиеленістерден) өрбіп тұрған жоқ па? Мұнда Нойдан кейінгі кілт образ – Хам. Ол туралы әкесі айтады ғой: «Тым қызыққұмар» дейді. Ила пайда болатын сәттен бастап ағасына бәсекелес болатын ініден қауіптің боларын сезесіз. Түрлі жолдарда құбылып, адасып барып, ол түбінде әкесін таңдайды. Адамның құны осындай таңдаулармен өлшенсе керек. Ал қазіргі адамның түсінігімен әкесінің тәнін көріп қалу да күнә болып па? (Айтпақшы, фильмнің идеясы да сол Нойдың мас болуынан туған шығар. Неге мас болады? Өйткені жаны азапты. Неге Хамды қуды? Мүмкін, өзі кеткен шығар?).

    Аронофскидің «Реквием по мечте», «Черный лебедь» сияқты фильмдері мен үшін «Нойдан» қымбат, бірақ мұны да бір көруге болады екен)

  • Әсия Бағдәулетқызы

    Барлық рецензиялар: 9

    Ридли Скотт өзінің, Кристиан Бейлдің және Моисейдің беделін пайдаланып, өзімді алдап кеткендей әсерде жүрмін. Бірден айтайын, мұндай тақырыпты алдым екен деп, режиссер қасиетті кітаптың ешбірін көшіруге тиісті емес. Бірақ сондай күрделі тұлғаға деген авторлық көзқарастың болуы шарт. Ридли Скот Мұса пайғамбардың аса таяғын алып, орнына қылыш беріпті. Ал жақсы, ол қолбасшы, батыр, еврейлерді соғыс өнеріне үйретуші екен. Бірақ не үшін күресіп жүр?

    1. Езгідегі ұлтына жаны ашып, құтқару үшін. Осы ракурстан қарайын десең, Моисейдің еврейге емешегі езіліп тұрғаны шамалы, тіпті Құран мен Інжілдегі сияқты, еврей мен египеттік текетіресінде қандасына болыспайды. Оның үстіне кинода еврейлер өте аз көрсетіледі. Онда да көбінде қорлық көруші емес, өсекші, сатқын, тасаланып жиналыс өткізетін қарақшы топ қана. Яғни, көрерменнің еврейлерге жаны ашымайды. Египеттіктерді де жетістіріп жек көре алмайсың, себебі ақымақ Рамзестен өзге мысырлықтардың оңбағандығын байқай қоймайсыз. Ал патша үшін халық жауап бермейді ғой? Яғни, Мұса ұлт үшін күреспеді дейік.

    2. Тегінде, Жаратушы тіл қатқанда, ол ең алдымен Құдайдың алдында басын иетін, сосын барып «Менің қолымнан бұл келер ме екен?» деп күдіктенетін. Сосын Харун пайғамбарды көмекшілікке сұрайтын. Ал мына Моисейге ондай ой кіріп-шықпайды. Скотт бойынша бұл өзіне сенімді адам. Сенімді болатыны сонша, Құдайымен ұрсысады да жатады. Көп сөздерінен ол Құдайға емес, Құдай бұған мұқтаж сияқты әсер қалады. Яғни, ол дін үшін күреспеді дейік.

    3. Кез келген ортанқол сценарист біледі, бас кейіпкердің ұлы мақсаты, өзіндік ұстанымы, күресуге тұрарлық принципі болуы керек. Құдайшыл болмаса, ұлтшыл болмаса, Моисейдің бойында "әйтеуір бір сәуле" болу керек. Мысалы, әділет дейік. Фильмде Мұса «Құдаймен» сөзге келгенде: «Көп адам қасірет шегіп жатыр, мынауыңды тоқтат!» дейді. Бірақ өзі, пайғамбар болып тұрып, батыр болып тұрып, жазықсыз жапа шеккен бірде-бір қарапайым египеттікті құтқармайды, қол ұшын созбайды. Ол әділет үшін де күреспеген екен. Яғни бұл Мұсада кейіпкерге керек ең маңызды нәрсе – әрекетке жетелейтін ішкі мотив жетіспейді. Пайғамбарлықты былай қойып, даналық, адамгерлішік, көркем мінезін көрмедік (Суаттың басындағы қылығы, мысалы). Тілінің мүкістігі жоқ Мұса - іші бос қаудырлақ сияқты... 

    Моисейді сөйткенде, Құдайды сазарып-көгерген қатыгез, сабырсыз баланың бейнесінде бергені мен үшін тіпті жұмбақ. Сөздері Тораға негізделген-ау: еврейге ғана тиесілі, әсіре еврейсүйгіш "бір түрлі" Құдай, әйтеуір. Сосын америкос актерлердің өзін ұстау манерасы жүйкеге тиеді. Рамзесі де, көріпкел әйелі де, қай-қайсысы арзан-құрзан боевиктен шыға алмай қалған. Тілдегі жаргон сияқты, кей адамдардың кей қылықтары тексіздігін білдіріп қояды ғой. Мұнда да көп актерлер «бөтен қой» болып, тарихи фильмге жараспай тұр. Жалғыз Кристиан Бейлдің сүйкімі киноны құтқара алған жоқ.

    Сценарий нашар, рас. Бірақ сценарийді түзейтін де, күзейтін де, өзіне керекті материал шығарғанша сценаристің мойнынан түспей қоятын да – режиссер. Кино сценаристің емес, режиссердің позициясын жеткізу үшін түсіріледі. Ол тұрғыдан алғанда, бұл тіпті көруге тұрмайтын кино. (Бірақ енді қазір кинотеатрда басқа кино да жоқ жөнді) Ридли Скот жылдан жылға жұтаңдап барады. Спец-эффекті тым жақсы дей алмас ем, египеттіктерге жіберген нәубеттерді, олардың күймелерінің құлауын жақсы көрсеткен. Бірақ судың екі жарылғаны мысалы, мен күткендей емес. Әрине, грим, киім-кешек, декорация – керемет. Басқа жетістік көре алмадық.

  • Әсия Бағдәулетқызы

    Барлық рецензиялар: 9

    Бір фильмдер болады, адамның санасында төңкеріс жасайды. Бір фильмдер болады, ешқандай жаңалығы жоқ, сен онсыз да білетін дүниені айтып береді. Бірақ тигізіп айтатыны соншалық, жүрегің бір түрлі езіліп қалады. Соғыстағы қарапайым немістер туралы «Воровка книг» осының екіншісіне жатады.

    1. Адам деген сондай нәзік жаратылыс. Бургомистрдің әйелі кітапхананы көрсетеді. «Баламның жақсы көретін дүниесінің бәрі қаз-қалпында» дейді. Бірақ өзі жоқ. АДАМ дүниеден көшіп кеткен соң да қайдағы бір шкаф, орындық орнында қалады, түкке тұрмайтын сағат сартылдап тұра береді екен. Сонысына қарамай адам деген сондай көнбіс жаратылыс. Баласынан айырылған, анасынан айырылған, ары тапталған кісі де түк болмағандай өмір сүре береді. Қасірет емей, немене?

    2. Сезім туралы айтқаның да, айтпағаның да емес, оның болғаны маңызды. Лизельге өгей шешесі «Мен сені...» дейді де, «Кейін айтам» деп кетіп қалады ғой. Ақсары шашты бала да үзіліп бара жатып сол сөзді айта алмай кетеді. Білесіз бе, кейбір сезімдер туралы айту міндетті емес. Өйткені «Махаббатты бар болса да, жоқ болса да – жасыра алмайсың».

    3. Кей адамдар сезімді білдіру әлсіздік деп ойлайды. Джефри Раштың өлім келгенде жаны қауырсындай ұшып шығатын ізгілікті Гансына тек қана қызығуға болады. Адам болу таланты да тумыстан берілетін болса керек. Эмили Уотсонның Розасы - кірпі сияқты, сырты ғана тікенек. Тек өлерінің алдында «Неге осы жұртты көбірек жылытпадым екен» деп ойлайды ғой... Сол үшін, жақындарымызды жақсы көріп, жылытып жүрейік. 

    4. Қанша өлімді көрсетсе де, фильм мейірімге тұнып тұр. Оны мейірімді қылатын – балалар. Немістің баласы негір болғысы келіп, үсті-басына күйе жағып алады. Олар еврейді де не үшін жек көру керек екенін білмейді. Коммунистерді де не үшін жаратпау керектігінен хабары жоқ. "ең адал жүрек соларда". Банально, бірақ солай ғой.

    "Аналардың бәрі балаларын жақсы көреді. Тіпті Гитлердікі де». «Гитлердің анасы да ұрса ма екен?» - «Әрине. Гер, канцлер! Тамағыңызды шашпай жеңіз!». Біреуге ертегі сияқты, біреуге сентиментальді көрінер, бірақ бұл фильм небір айуандықтар болатын соғыс кезінде де адамгершілікті сақтап қалғандар туралы. Антигерой жоқ деуге болады, Лизель жаңа әке-шешесіне де тез үйренеді, досты да оңай табады...

    Розаны да кешіресің, өйткені оның шынайы бейнесі мейірім ғой, жас фашисті де кешіресің, өйткені ол бала ғой. Зұлымдық – барлық жерде болу керек еді, бірақ кейіпкерлер онымен бетпе-бет келмейтін де сияқты, әне-міне келетін солдаттар да фашизмнің елесі ғана. Және бір ұнамағаны – баяғыша еврейлерді соншалықты аяулы жаратылыс қылып қоюы; үйлер мен киімдер, тұрмыс-тіршілік – бәрі соншалықты әдемі, шынайылықтан гөрі эстетика басым түскен секілді.