• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 420)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Бүгіннен бастап кинотеатрларда "007: Спектр" фильмі көрсетіле бастады. Әлемге танымал Джеймс Бонд туралы фильмдердің кезекті бір бөлімі. Заманауи киноларды жақсы көретіндер үшін бұл өте жақсы жаңалық екенін білемін.

    Бұл фильмде "Бондты жек көретін адам бар ма?" - деген сұраққа жауап іздейді. Әрі Бондтың балалық шағынан біраз ақпарат ала аламыз.

    Әйелдер қандай жігітті армандайды? Қауіпті, мықты, батыл, білімді, өзіне не керекгін білетін, сәнді әрі, әрине, қамқор. Міне, тура осы мен атаған қасиеттердің жиынтығы - Джеймс Бонд. Мұншама қасиеттің бәрі бір адамда болуы мүмкін емес, дегенмен... 

    Бірінші: Сомен, бұл жолғы фильмге киноға әлемнің ең танымал, ең әдемі екі ханымы түсті. Өздеріңіз білетіндей, Бондқа қарапайым әйелдер түспейді :). Бірі Моника Белуччи болса, екіншісі Лея Сейду. Бір қызығы, жәй күлкім келді, Моникаға өте үлкен рөль берілмеген және ойнау уақыты өте аз болды. Ал бірақ, киноны жарнамалаған кезде "Моника басты ролдің бірін сомдады" деген ақпарат тарады. Бұл жерде, кино Моникаға емес, Моника киноға жарнама жасап тұрған сияқты... 

    Менің назарымды аударған екінші нәрсе Бондтың көлігі мен сағаты. Суперкарлардың неге сұранысқа ие бола бастағанын енді түсінгендеймін. Жылдамдық, ептілік және көз тартарлық әдемілік.... Aston Martin жасаған көліктердің бағасы 37 млн $. Ал түсірілім кезінде 7 көлікке зардап келген... (Ал мен, мына жақта есептеп өліп жатқан жайым бар))).

    Үшінші мәселе: кино жасқа байланысты шектеу 16+. Әрине бұл дұрыс, себебі әр бала Бонд болғысы кеп қаншама қателіктерге бой алдырып жатыр. Сондықтан, шектеулерге мән берген дұрыс сияқты.

    Төртінші және ең басты мәселе: АУДАРМА! Шынымды айтсам, кинодан шыққаннан кейін "НАКОНЕЦ-ТО!" деп айқайлағым келді. Киноның аудармасы, таңдалған дауыстар, үйлесімділік бәрі ұнады. Бұрындағыдай, құлағыма жақпайтын сөздер ілікпеді. Алға, қазақ тілі! :) 8 қазақ тілі үшін қойылды.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Джеймс "Уайти" Балджер гангстер тематикасын ұнататын кез-келген саналы адамға таныс болуы тиіс. Бостоннан шыққан ең атақты қылмыскер туралы фильм шығады дегелі бері біршама қызығушылық оянғаны рас, фильмнің релизін асыға күтпесек те, көру керек деп белгі қойылғандар тізімінде еді.

    Оның үстіне басты кейіпкерді Джонни Депп сомдайды деген соң ерекше бірдеңе күтесің ғой. Актердің осыған дейін тағы бір атақты бандит Джон Диллинджерді сомдағаны белгілі. Оның гангстер тематикасына қайтып оралуының қызық жайт қой.

    Екі сағатқа созылған фильмде динамика жетіспегендей болды. Бірсарынды өрбитін сюжет аздап жалықтырып жіберген сияқты. Бірінші санаттағы актерлердің қатысқанына қарамастан, олар сомдап шыққан екінші деңгейлі кейіпкерлердің тым көптігі басты нәрселерді аңғаруға, негізгі детальдарға көңіл бөлуге кедергі келтірді. Бұл сюжеттік желіні тарамдатып, түрлі кейіпкерлерге тоқталатындай сериал емес қой.

    "Қара месса" - Скотт Купердің үшінші толықметражы екен. Мен оны "Out of the Furnace" триллері арқылы білемін, және бұл фильмін әзірге "Қара мессадан" жоғары қоямын.

    Қатты гримделген Джонни Деппті де мақсатына жетті деп айта алмаймын. Түрін жасыру үшін әдейі маска киіп алғандай әсер берді. Басты кейіпкерге қатысты ешқандай сезім болмады, әдетте не сол үшін жаның ауырады, не оны жек көріп отырасың. Бұның біреуін де сезіне алмадым. Соңғы 15 минут қана фильмді ақтап алуға аздап себеп бола алатын секілді.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Кино маған өте ауыр әсер етті. Білмейм, мүмкін өмірдің соншалықты қатал болатынын түсінгендіктен де шығар... Ақша билеген қоғам біздің елді ғана емес әлемді ұстап тұрғандықтан көп ақша табуға ұмтылудан басқа әрекет жоқ екенін мойындаймын...

    Кино белгілі бір кезеңді ғана суреттейді, ол жерде сізге кедей жігіттің де бай жігіттіңде жеке бір мінезін танып бітпейсіз, үлгермейсіз, 1 сағаттық фильм көз алдыңыздан тез сырғиды. Бірақ, осы уақыттың ішінде сіз өмірдің ақшаға байлауы екенін түсінесің...

    Өмірлерінде шлагбауымның қасында ғана кездесетін екі жігіттің болмайтын нәрсе үшін төбелесіп, артынан ауыр қылмысқа баратынын байқайсыз. Кинода да өмірдегідей бай жеңіске жетеді.

    Білмейм өзім киноға тоймай қалғандай әсерде болдым, кино түсініксіз аяқталды. Бай жігіттің мақсатына не болды? Ары қарай өзің қалағаныңша құрап ал дейтін кинолар ұнамайды....

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Фильм түрлі әлеуметтік ортадан шыққан екі адамның ортақ қырына баса назар аударған секілді. Екеуі де белгілі бір мақсатқа жетуді ойлайды. 

    Бірінші жағдайда - күзетші-спортшы. Тұрмыстың тауқіметін тартып жүр, бірнеше жерде жұмыс істейді. Сондықтан да үнемі ұйқысы қанық емес. Інісімен бірге жақсы өмірге қол жеткізгісі келеді. Қазіргі жағдайын уақытша деп қабылдайды. Сонысымен қоймай, сүйікті боксын тастағысы келмейді, халықаралық жарысқа қатыссам мүмкін жағдайым түзеліп кетер деп ойлайды. Бірақ! Күн сайын қайта айналып келе беретін өміріне өзі де бой үйретіп алған секілді. Өмірінде ешқандай өзгеріс жоқ, сол қайталанып жүріп жатқан тіршілік. Әрине бұндай «кішкентай» адамға бірнәрсені тез арада өзгерте салу қиын. Десек те кейіпкердің енжарлығын әдетке айналдырып алғанын көреміз. 

    Екінші жағдайда – байдың баласы. Озық оқу орнында студент. Басқа тірлігі жоқ. Әкесі берген жақсы пәтерде тұрады, әкесі берген жақсы автомобиль мінеді. Десе де түбінде өз күшіммен жетістікке жетемін деп өзінше мінез көрсетіп қояды. «Әкесінің баласы» атануды ар санайды. Бірақ арғы жағында ондай ой жоқ. Себебі стимул жоқ, мотивация жоқ, оның қолында бәрі бар, бәрі дайын. Сол себепті сырттай тәуелсіз бала болуға тырысқанымен, ішкі түйсігі бұның бәрі бос сөз екенін түсінеді. 

    Екеуі өмірде тек шлагбаумның жанынан ғана кездеседі. Біреуі шлагбаум арқылы көлігімен әрлі-берлі өтеді, яғни шлагбаумның қызметін пайдаланады, екіншісі сол шлагбаумның арқасында нанын тауып отыр, яғни шлагбаумға қызмет етеді. Былай қарасаң, екеуін бұдан басқа ешнәрсе байланыстырмайтын секілді. Бірақ екі кейіпкерге ортақ бір қасиет бар – екеуі де өмірін өзгертуге себеп болатындай ештеңе істемейді. 

    Кинокартина сондай-ақ әлеуметтік ортасы мен өмір салтына қарамастан, адамдардың тағдыры бір-біріне байланысты екенін жеткізгісі келген секілді. Мысалы, бір негатив оқиға сәлден кейін сол секілді бірнеше оқиғалар тізбегіне алып келеді. Былайша айтқанда – тізбекті реакция, әлде көбелек эффектісі. 

    Бұл мәселенің түп-төркіні - өзгеге назар аударудан қалғандығымыздан. Өзгені танығымыз келмейді, дәл қазіргі сәтте қажет адамды ғана мойындаймыз. Әр адам өзінше бір әлем екен, жұпыны киінген немесе күзетші формасын киген, сырт көзге біркелкі көрінетін адамдардың әрқайсысы өзінше бір тұлға: біреуі шығыс философиясымен айналысады, біреуі тәп-тәуір боксшы, біреуі суретті жақсы салады. 

    Фильм біртұтас атмосферасымен, әдемі музыкалық әрлеуімен таңғалдырды. Әрине «Шлагбаум» бұқаралық кино сипатына ие бола алмас, бірақ суретшінің айтқысы келген ойын, берер тәмсілін кез-келген көрермен қабылдай алады деп сенемін.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Киноға 8 балл қойғаным, киноның сапасы мен актерлардың ойыны тамаша болды. Бірінші бөлімі мағынасы жағынан жақсырақ болған.

    Ұнамағаны: 1. Зомбилер темасы кәдімгідей жалықтырды. Жалпы кино өндірісіне басқа тақырып ойлап тапса дұрыс болатын сияқты. Білмеймін, мүмкін адамның бас формасының өзгеріп, ауытқушылықтар пайда болса.))

    2. Киноның мағынасында "Аштық ойындарына" ұқсастық байқадым. Ол жерде де біреулердің ойыны, солардан құтылуға тырысқан адамдар.

    Ұнағаны: 1. Кино өте сапалы, эффект, дауыс, музыка жақсы таңдалған. 2. Актерлар құрамы ұнады, жас адамдардың ойыны жақсы шыққан. 3. "Осындай заман туа қалса өмір шынымен қандай болады" деген ой тудыра алды. 4. Роза Салазар. Өте керемет ойнады.

    Жалпы киноға берер бағам 8, бір емес 2-3 рет көруге болады. Айтпақшы, Алматыда болсаңыз Достық плазадағы лабиринт столдарда өз бағыңызды сынап көріңіз дер едім, керемет.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Бұрынғы төрттіктің фанаты болғандықтан жаңа құрамды қабылдау қиынға түсті. Фильмнің идеясы ұнағанымен алдыңғы актерлардың шеберліктері мыналармен салыстырғанда күштірек сияқты. Тас адамның түрі мында тым қорқынышты және бітпейтін бір басқа әлемді ашатын есіктер жалықтырды.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Біз кімбіз?

    Фильм хакерлердің басынан кешкендерін суреттейді десеңіз қателесесіз. Сюжеттегі оқиғалардың өзі сыртқы қабат, бетперде секілді. Арғы жағында адамның болмысы, өз-өзіне деген қатынасы мен өзгелердің көзқарасына қатысты тәмсіл жатыр.

    Бұл кинодан кейін өзіңе сұрақ қоя бастайсың: Мен кіммін? Бетпердесіз адам жоқ екен қазіргі әлемде. Әлеуметтік желіде басқамыз, өмірде басқамыз, әр түрлі ортада түрлі маска киеміз. Тіпті кейде өз-өзімізге арналған, ішкі "меннің" алдына тағып баратыз бетпердеміз де бар. Шын мәніндегі кім екенімізден шатасып кеткендейміз.

    Фильм бел ортасынан аса бастағаннан кейін Финчердің "Төбелес клубы" мен Бойлдың "Трансына" ұқсастықтар кездестіре бастайсыз. Уақыт өте келе неміс кинематографистерін тіпті плагиат, арзан көшірме үшін айыптай бастайсыз. Бірақ түпкілікті қорытынды жасауға асықпаңыз.

    Картинада ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі мен ақпарат заманында өмір сүріп жатқан адамдардың психологиясы ерекше қарастырылған. Хакерлік шабуылдар мен желідегі түрлі құйтырқы тірліктер қарапайым көрерменге түсініксіз көрінбеуі үшін, сюжеттің осы күрделі бөлігі керемет визуализация арқылы ұғымды формамен жеткізіледі. Бұған техно стиліндегі электронды музыкамен әрленуін қосыңыз, сонда кино авторлары бергісі келген атмосфера толығымен көз алдыңызда жасақталып шыға келеді.

    Фильм кейіпкерлерін де, экран алдындағы көрермендерді де керемет фокус күтіп тұр. Менің кинодан осылайша үлкен ләззат алмағаныма көп болыпты.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Әр кім өз отбасын қалай сақтағысы келсе өз еркі. Киноның басқа кинолардан ерекшелігі мәселені басқалай өзгертіп бергендері. Негізі біздің санада қалыптасқан ой бойынша қандай ата-ана болмасын балаларын өзіне алып қалғысы келеді, ал бұл жерде екеуі де балаларынан құтылғысы келеді. Әрине, баналды тақырып болғанымен өзіндік айтар ойы бар.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Шыны керек, бірінші бөлімін көрмегесін шатасып қалдым. 1-2 сағаттық фильм емес бір ұзын-сонар сериялдың бір сериясын қарап отырғандай күй кештім. Ең қызығы кинодағы оқиға бір адамның төңірегінде ғана өрби береді, не ол оқиға дамымайды не бір өзгеріс жоқ.

    Ұзын сонар сериалдың бір бөлігі сияқты және алдыңғы бөлімін көрмей-ақ түсініп аласың деген сияқты идея жоқ. Жалпы киноның идеясын да мағынасында түсінбедім. Кімге не айтқысы келетіні де түсініксіз.

    Кинода атына сай дым жоқ. Тек бандиттер бар, олардың бір сұрақ шешіп немесе біреуге қорлық көрсетіп жатқанын байқамайсың. Жалпы, кинотеатрдан көріп ақша жұмсаудың қажеті жоқ, әрі кино іш пысарлықтай.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Сөзімді халыққа арнаумен бастағым келеді:

    - Жалғасын сұраған өздерің. Енді анау жаман, мынау жаман дей бермей, қалай болып шықты - сол күйінде ың-шыңсыз қабылдап, үнсіз жұтыңдар.

    Ал не күтіп едіңдер? Онсыз да логикалық тұрғыдан аяқталған фильмнің жалғасын талап етудің соңы қандай нәтижеге алып келетінін енді біліп жүретін боласыңдар. Бірінші фильм берген әсерді екіншісі қайталай алмайтыны онсыз да белгілі еді, енді суперкино күтудің өзі артық сияқты.

    Менің бұл сөзімнен екінші бөлім тым нашар дегенді білдірмейді. Әрине, аз да болса өрлеу бар, заманға сай өзгеріс бар. Бірақ бәрін құртқан "сериал әртістері" болды. Бұларды мен солай атаймын: Аружан Жазылбекова, Дәстен Шәкіров, Аян Өтепберген. Жарайды, Өтепбергеннің дебюті кинодан басталды, ал қалған екеуі күні-кеше республикалық арналардың тапсырысымен аутсорсерлер түсірген мини-сериалдардың актерлері ғой. Оның үстіне орысша акценттері "ұрып" тұр, аздап тіл жаттықтырулары керек пе еді.

    Сәйкесінше, Қазақстан сериалдарына тән мағынасыз диалогтар, ешбір нәтижеге алып келмейтін, немесе нәтижесі маңызсыз қимыл-әрекеттер бүкіл хронометраждың жартысын алды. Тіпті, көп бөлімнен тұратын детектив көргендей әсерде болдым.

    Ал бұл өз кезегінде сюжеттің баяндалу стилін мүлдем басқа арнаға бұруға себеп болған тәрізді. Естеріңде болса, түпнұсқа көп жағдайда бірінші жақтан әңгімеленетін, ал оқиғалар геометриялық қарқынмен жоғары өрлейтін. Яғни, өрбудің нақты схемасы құрылған еді. Бұл жолы бәрі тым баяу, сериалдық жолмен жүреді.

    Шамамен, фильмнің орта тұсынан аса бастағанда ғана нақты әрекеттер мен шешуші сәттер орын ала бастайды.

    Жан Байжанбаев пен Саят Исембаевтың әртістігіне тұрып қол шапалақтауға болады. Ақан Сатаевқа культқа айналған кейіпкерлерді қайта "тірілткені" үшін мың алғыс.

    Сонымен, сиквел жасауға тұрарлық па? Иә, тұрарлық.

    Сиквел өз мақсатына жетті ме? Меніңше, жоқ.

    Бірақ менің бұл сөздерім үлкен кассаға кедергі болмасы анық, жұртшылық бәрібір көреді, бәрібір барады. Ендеше көрісу құтымен болсын. Ал мен екінші рет көрмеймін.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Абай жолын" оқымағанмын, Құнанбай Өскенбайұлының өмірімен таныс емеспін. Оның сұлтан болғанын ғана білемін. Сол себепті кинода келтірілген көптеген фактілерден мақұрым екенмін. Көп нәрселерге көз ашып бергені үшін, осы жазбамды аяқтап, ой түймей жатып-ақ алдын-ала бір "плюс" бағамды бердім.

    "Құнанбай" тарихи тұлғаның өмірі туралы кино ғана емес, онда сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әсіресе ауқаттылар қалай өмір сүргені, би-болыстардың қалай кеңес құрғаны, той-жиындардың қалай өткені өте әдемі көрсетілген. Әсіресе, бұған дейінгі тарихи картиналарда көрсетілмеген кейбір ұлттық ойын түрлері аздап шок әкелгені рас.

    Диалогтардың өзіне бөлек тоқталған дұрыс сияқты. Әр сөз, әр сөйлем өз орнында. Мәні жоқ, ешбір логикалық түйінге апармайтын артық айтылған сөзді көрмейсіз. Бұған марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыздың зор еңбегі сіңген шығар.

    Пейзаж, костюм, атмосфера - бұлардың бәрі бірігіп кеткенде тап сол 19-шы ғасырға тап болғандай әсерде отырасың. Әр оқиға, әр шиеленісті жіберіп алмауға тырысасың. Бұл тұрғыда, яғни фильмді тартымды ету жағынан авторлардың көп еңбектенгені көрініп тұр.

    Досхан Жолжақсынов "Біржан салды" түсіргенде Көкшетау өңірінің әсем табиғатын мейлінше тиімді пайдаланып, сұлулықты әдемі операторлықпен үйлестіруге сеп болып еді ғой. Енді Шығыс даласының қатал қысы мен жайдары жазын көрдік. Жайыла орналасқан үлкен ақбоз ауылды көрдік. Демек, режиссер жақсы актер ғана емес, шебер суретші, оқиғаға сай орта жасай алатын мықты қоюшы. 

    "Біржан сал" арқылы түсірілу техникасының, операторлық жұмыстың жаңа стилі, жоғары дәрежесі қалыптасқан еді. Сол биіктік "Құнанбай" арқылы тағы бір сатыға көтерілді.    

    Құнанбайдың осыған дейінгі бейнесінен бейхабар болғандықтан, бас актеріміз кейіпкерін қалай сомдай алды, оны бағалап беру қиын мен үшін. Бірақ, Д. Жолжақсынов өзі ойлаған, өзі мақсат еткен образды барынша сеніммен орындап шықты деп ойлаймын.

    Бұл жерде жұртқа белгілі түпнұсқадан ауытқып кетті деп ренжу артықтау (ал солай ренжігендер болды деп естідім). Бұл - "Абай жолы" романының тікелей экранизациясы емес. Бұл режиссер мен сценарийшінің өз пайымы, өз көзқарасы.

    Әдетте, қазақтың тарихи фильмдері (әсіресе Кеңес заманында түсірілген) көп жағдайда жарлы мен қорлық көрген қара халықтың жағынан беріледі. Сәйкесінше, байлар мен ақсүйектер жексұрын кейіпте, өте жағымсыз формамен көрсетіледі. Бұл жолы керісінше - бәрі ауқатты адамдар тұрғысынан баяндалыпты, кедей-кепшікті көп кездестіре бермейсіз. Сол себепті оқиғаларды соны тараптан, жаңа бағыттан беру тәсілін ескеретін болсақ, картинаның қазақ кино әлемі үшін құндылығы арта түседі.

    Кейбір оқиғалардың созылыңқы шыққанына, басқа да ұсақ-түйек кемшіліктеріне қарамастан "Құнанбай" жергілікті классикаға айналуы үшін барлық алғышарттарын қалыптастырған сияқты.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Балаңызды өз арманына жетуге итермелеудің жолын білмейсіз бе? Онда мен сізге Диснейдің жаңа туындысы "Болашақтың жері" киносына апаруға кеңес берер ем. Бұл кино тек ұлдарға ғана емес қыздарға да өте қызықты болатынына сенімдімін. Себебі, дамыған заман әр адамды жоғарғы технологияны меңгеруге итермелейтіні рас.

    Болашақты өзгертеткісі келетін адамдардың әрқашанда қоғамда өз орындары болатыны сөзсіз. Себебі ондай адамдар әлемді құратыны анық. Осындай идеяға толы, армандарына берік адамдарды болашақты өзгертуге арнайы медальон көмегімен "болашақтың жері" деп аталатын паралелль қоғамға шақырту алады. Өз өмірінде әкесінің жұмыссыз қалғанын қаламайтын қыз ерекше қоғам мүшесінің көзіне түседі. Осылай ол бір кездері сол қоғамның үлкен үмітінің бірі болған өнертапқышпен дос болады. Осы кезден қыздың өмірінде үлкен өзгеріс орын алады...

    Киноның түсірілімі Диснейдің әр туындысындай ерекше, салыну технологиясы, құрастырылуы, кейіпкерлерді таңдауы бәрі мінсіз.

    Кез-келген адамның, тіпті баланың, бұл қоғамда өз орны бар екенін анық көрсеткен. Бала да әлемнің сақталуына, жерді сақтап қалуға өз үлесін қоса алатынын жеткізге білген. Қоғамды, заманды өзгертетіндер адамдардың өздері. Болашақта жерді сақтау ол өзіміздің қолымызда. Біз өзіміз оны сақтауға талпынбасақ, оны біз үшін біреу аспаннан келіп жасап бермейтінін нақты жеткізген. Кинодан шыққасын тіпті көшеге мусор тастағың келмейді, себебі сен оның жерді, өзіміз өмір сүріп жатқан әлемді ластайтынын білесің. "Менің арманын қандай еді?" деген ойға келесің және мен оған жету үшін не істеп жүрмін деп өзіңе есеп бересің.

    Мүмкін, сіз айтарсыз "фантастика" деп, бірақ ойланыңызшы, сол фантазия болмаса қазіргі сіз қолданып жүрген нәрселер болар ма еді? Мүмкін, болашақта бізде ұшып жүретін пойыздарға қол жеткізерміз, басқа жұлдызға саяхат жасау ауылға барып келумен тең болатын заман туатын шығар а?

    Міне, осы себепті де сіз балаңызға осы фильмді көрсетуге тиіссіз. Әрі балаңыздың арманына жету үшін бар күшін салуға сізде талпынуыңыз керек. Жарқын болашақ бәрімізді алға жетелеуге итермелейді.

    Киноға берер бағам 8/10

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Болашақты өзіміз жасаймыз

    Топан су, зілзала, соғыс, жаһандық жылыну... Біз өз келешегімізге өз қолымызбен көр қазып жатқандаймыз. Төңіректе, әлемде болып жатқан түрлі апаттар мен қайғылы оқиғаларды көре тұра, біле тұра - осылардың бәрін қалыпты нәрседей бей-жайлық танытатын да жағдайға жетіппіз (мүмкін бұл күйден ешқашан өзгермеген де шығармыз, кім білген). Жер-ананы, онда тіршілік ететін барлық тірі организмдердің болашағы бұлыңғыр екенін сеземіз, бірақ бұл фактіні сол күйінде қабылдап отыра береміз. Біздің орнымызға басқа біреу келіп, бәрімізді құтқару керек деп есептейміз.

    Қырып-жоюшы да өзіміз, жақсартып-көркейтуші де өзіміз екенін қаншалықты сезінеміз? Міне, фильм осы тақырып төңірегінде ой қозғайды.

    Бастапқыда Диснейдің бұл туындысы қызық оқиғаға толы, елеусіз өтіп кететін кезекті интертейнмент дүниелердің бірі көрінгені рас. Тіпті кең ауқымды жарнамасын да өзім байқамаппын. Ал трейлерде Джордж Клунидің жарқ етуі сәл таңғалыс туғызғаны болмаса, ғажайып бірдеңенің келе жатқанынан аса хабар бермеп те еді.

    Кинодраматургияның акуласы Дэймон Линделоф пен көрерменінің жалығуына ешқашан жол бермейтін Disney студиясының әріптестігі өз нәтижесін беріпті. Бір қарағанда қызықты оқиғаларымен баурап алатын, әдемі пейзажы бен футуристік әлемі бар кинокартина арқылы ғаламдық мәселелерге назар аудартқан әсем дүние жасалды. 

    Зерек қыздың хикаясын баяндай отырып, преапокалипсистік өмірдің әсері жеңіл формада болса да керемет берілген. Негізгі философия сол: адамдар соншалықты орасан зор ғылыми жетістіктерге қол жеткізді, небір технологиялар ойлап тапты. Бірақ табиғатты, өзі өмір сүретін ортаны жақсартуға сол жетістіктің бір тұтамын да жұмсамаған. Сонысына қарамай: "ойбай өлетін болдық, болашағымыз қараңғы" деп байбалам салуға шебер.

    Киноғаламда "Эдем" деген ұғым кеңінен қолданылады ғой: қиялдағы ең идеял әлем, ешбір мәселе жоқ, жарқын өмір бар бір мекен. Фантастикалық фильмдерде әдетте бұндай "жұмақ" ғарышта салынған алып станция, адам аяғы жетпеген арал немесе ғарыштың түкпіріндегі планета кейпінде беріліп жүр. "Болашақтың елінде" бұл параллель әлемде адам қолымен тұрғызылған қала түрінде көрсетіліпті. Бұнда ешбір бюрократия, саясат, жаугершілік деген түсінік жоқ. Онда тек таңдаулы адамдар ғана барып, сол мекенді көркейтуге атсалыса алады. Соған байланысты кинода айтылған бір ой керемет әсер етті: бұл жерге кез-келген адам өте алмайды, себебі барлығы өтсе бұл "Tommorowland"-тың ерекшелігінде еш мән қалмас еді. Себебі өз Жер-анасын "өлтірген" адамдар бұл мекеннің күл-талқанын шығаратыны сөзсіз.

    Фильмнің утопияға жетелейтін идеясына қарамастан, адам ойын өзгертуге талпыныс та бар. Болашақтың қалай өрбитіні тек қана өзімізге байланысты, ешкім келіп біз үшін ештеңе істемейді.

    Сөзімді фильмде айтылған үндістердің бір даналық сөзімен аяқтағым келеді:

    - Адамның ішінде екі қасқыр өмір сүреді. Бірінші қасқырдың аты - Жақсылық, екіншісінікі - Жамандық. Адам ішіндегі сол екі қасқыр үнемі бір-бірімен қырқысумен болады.

    - Түбінде қайсысы жеңеді?

    - Қайсысына азық берсең - сол жеңіп шығады.