• Біздің парақшалар:
  • pецензиялар (барлығы: 419)

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Кино- триллер тақырыбында жақсы шыққан. Әсіресе, Анна Чиповскаяның мінсіз актерлығын тамашалай аламыз. Мықты журналист-фотограф Сашаға жігітінің өлімі ол байқамаған біраз құпияның бетін ашты... Жігітінің ол ойлағандай періште болмағаныын түсінеді...

    Маған ұнағаны: 1. Кино сценариі Ресей фильмдері үшін ерекше. 2. Суретшінің түісініксіз суретінің QR код болып шығуы ұнады. 3. Киноның соңына дейін кінәлі адамның кім екенін білдірмеу, адамды осы тұста шатастыруы жақсы фишка болған. 4. Анна рөлге сәтті таңдалған. Әдемі, фигурасы жақсы. 5. Петр Федоров екінші планда болса да өзінің харизмасымен адамды жаулап алады.

    Ұнамағаны: секстың тым көп және тым ашық болғаны.

     

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Фильм қоғамда резонанс тудырмауы мүмкін, бірақ өзіндік айтар ойы бар жақсы фильм. Бұл жерде халыққа берілген ақпарат пен БАҚ өкілдерінің іс -әрекетін жақсы сипаттайды.

    Өзін финанс тақырыбында ас санайтын журналист қарапайым халыққа ақшаларын қайда салу керектігін, мүмкіндікті қалай пайдалануы керектігінен күнделікті ақпарат беріп отырады. Ол өзін халықтың адал көмекшісі санайды, себебі ол халыққа ақшасын дұрыс пайдалануды үйретіп жатырмен деп ойлайды. Негізінде, істің басқаша екенін тек қарапайым жігіт студияны тікелей эфирде басып алған кезде ғана түсінеді. Журналистте, ол бағдарламаны жасаушы топта біреудің сойылын соғып келгендерін, жалған ақпарат таратқандарын сол күні түсінеді. Оларда осы мүмкіндікті пайдаланып шындықтың түбіне жеткісі келеді... Жетеді, бірақ одан қоғамдағы жағдай өзгере ме, белгісіз...

    Биржа, акция, ақша салу тек осы істе мықты мамандарға ғана тиімді екенін түсінуге жақсы себеп. Киноны көріп отырып бір кездері біздегі IPO есіме түсіп кетті. Соңында қарап отсаң қарапайым халық ешқандай пайда көрмеді. Дәл осындай тақыраптағы киноны қарапайым халық көбірек көрсе деген тілек. Себебі біз саяси, экономикалық, заңнамалық тұрғыдан алғанда сауатымыз өте аз.  Киноны көруге кеңес берер ем, қандай да бір іске ақша салмас бұрын ойлануға итермелейді.

    Джордж Клуни мен Джулия Робертстен жақсы тандем шыққан сияқты.

  • Нұржан Сәдірбекұлы

    Барлық рецензиялар: 1

    Бұл сериал егер киносценаристтің қаламынан шықпағанда тамаша роман болар ма еді, мүмкін болмас па еді. Мен В.Гиллиганның бұл сериалын Драйзердің романдарымен салыстырдым. "Американдық трагедия" т.б. реалистік шығармаларымен салыстырдым. Драйзер өз заманында американдықтардың барлық трагедиясын қалай реалистік тұрғыдан бейнелесе Гиллиган да солай қазіргі замандағы американ қоғамын реалистік тұрғыдан бейнелеген. Әрине Гиллиганды американ драматургиясының атасы жолсыз жерге соқпақ салған Драйзердің генийімен салыстыру дұрыс емес болар. Бірақ дегенмен де оқиғалардың шыншылдығы үшін салыстыруды жөн көрдім.

    "Breaking Bad" мені шытырман оқиғасымен ғана емес, ұсынып отырған құндылықтар диллемасымен тартып алып кетті. "Не бай бол, не жоқ бол" , кедейлікті сорлылық деп түсінетін тоғышар қоғамға бақыттың тек байлықта емес екендігін түсіндіргендей. Сериалдың айтатын идеялары өте көп: есірткі саудасы, орта жас кризисі, дүние қоңыздық, ашкөздік, жауыздықпен шектесетін қаттылық, ер мінез т.б. т.с.с. 

    "Мінез"

    Сериалдың бас кейіпкері химия пәнінен сабақ беретін мұғалім Уолтер Уайт. Ол момын, отбасында әйелінің етегінен шыға алмаймын ез, тұрмыс тірлік істерінде қырсыз, қарызға белшеден батқан бейшара. Солай  болып өмір сүріп жүре берер ме еді. Егер өкпе ісігі ауруына ұшырамағанда. Дәрігерлер бірнеше ай немесе жыл өмірі қалғанын айтты. Жазылуы екіталай қатерлі ісік ауруына ұрынған ол бастан кешкен өмірін қайта бағамдап, өзіне мақсат қойды. Қалай болғанда да қалған өмірінде отбасының қиналмай өмір сүруіне жететін ақша табуы керек. Заң шеңберін аттап қылмыс әлеміне өз еркімен кірді, адамшылық шеңберін аттап кісі өлтірді, есірткі жасап сатты. Ауыр ауыр қылмыстың неше түрін жасады. Кінәлі кінәсіз адамдардың жанын қиып, қасапшыдай қолы қанға былғанды. Қылмыс істеуге бұрынғы оқушысы, жас жігіт Джессиді де қатыстырды. Уолтер Уайттың бұрынғы ез, қорқақ мінезінен ештеме қалмады. Дұшпанға жаны ашымайтын, егер достары қателессе оларды аямайтын қатыгез ер мінезді тапты. Наркобарондар, қылмыскерлер, полициялар сол қалада тұратын барлық елдер мұның өзі таңдап алған "Хайзенберг" деген лақап атын естігенде үрке бастады.

    Дүние қоңыз

    Бір бөшкі ақшаны шөл далада домалатып бара жатқан Уолтер Уайт бір қиқоңызға ұқсаттым. Гиллиганның идеясы ма, режиссерлардың идеясы ма білмедім. Бірақ сол бір бейне есімде тастай болып сақталып қалды. Қанша жұртты алдап, отбасын алдап, өзін өзі алдап, қанша жұрттың қанын төгіп жылдар бойы жинап терген дүниесін бір бөшкеге салып алып қайда тығарын білмей бара жатқан... Дүние қоңыз...

    Иірім

    Ақшаны жүздеп, мыңдап емес миллиондап тапты. Есірткі сатып тапқан ақшасын тіпті санаудан шаршады. Бірақ сонда да ашкөздігін қоймады. "Қойдым" десе де бұрынғы қылмыстары әшкере болып қала ма деп тынышы кетті. Қылмыстың иірім батпағынан шығып құтылып кетуу оңай емес екен, ол батқан сайын бата түсті. Ақырында полиция бастығы бажасы мен оның серігінің өліміне себепкер болды. Өзі де сол сыбайлас қылмыскерлерінің құрбаны болды.

    Кім үшін?

    Уолтер Уайттың персонажы кейбір криминалды фильмдерде мафиоздардың "барлығы отбасы үшін", "ең бастысы отбасы" т.с.с. деп келетін түсініктерінің күл талқанын шығарып жалғандығын әшкерелеп бергені. "Өкіл әке" фильміндегі сияқты мафияның отбасы құндылықтарын романтик, идеалистік тұрғыдан көрсету жоқ. Шынында Уолтердің отбасым үшін деп жинаған арам малы отбасына абыройсыздық, бәле мен қасірет әкелді. Ең соңында Уолтер осы қылмыстардың барлығын отбасым үшін жүрмін деп өзін өзі алдап келгендігін, бірақ шынында өзінің нәпсін (альтер эгосын) қанағаттандыру үшін жасағанын ұқты. Арамдықпен, ашкөздікпен басын қатерге тігіп жүріп терлеп тапқан ақшасының оның отбасына түк те керегі жоқтығын түсінді. Бірақ барлығы кеш еді.

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    • Крид
    • 2015
    • Рейтинг: 7
    • Дауыс саны: 1

    Роккидің мұрасы

    Әдетте, әп-әдемі франшизаны созғылап, олай да бұлай тартқылап сәнін кетіретіні бар. "Роккидің" спин-оффы шығады дегенде осындай қауіп болғаны рас.

    Бұны тек спин-офф деп қана емес, Рокки хикаясының тікелей жалғасы деп те қарастыруға болады. Өйткені, "итальян арғымақтың" бейнесі кей тұстарында басты рөлдегі Майкл Б. Джорданның өзін алдын орап, алдыңғы орынға шығып кете береді.

    Сильвестрдің орындауындағы өзіміздің чемпион кәрілік шағын жалғыз өткізіп жатыр. Баласы Ванкуверге кетіп қалған (білетін шығарсыздар - "Рокки 5" фильмінде ұлын ойнаған Сейдж шынымен Сталлоненің баласы, 2012 жылы қайтыс болды), маңайындағы жақсы көретін адамдардың бәрі о дүниелік болып кеткен, қарияның өзі де солардың артынан аттанып кетуге кетәрі емес. Алайда кенеттен пайда болған жас боксшы оны бапкерлікке оралуына көндіреді.

    "Рокки" фильмдер сериясы - дәстүр бойынша спорт пен төбелесті, рингтегі жеңісті емес, бірінші кезекте ерік-жігерді, адамның өмірмен күресін дәріптейді ғой. Жаңа фильмді жасаушылар да сол дәстүрді ту ғып ұстап, қалыптастан канонға құрметтерін көрсете білді. Дей тұрғанмен, уақытпен сыналған сәтті амал-тәсілдерге жабысып алмай, фильмге жаңа сарын, ерекше рең беруге тырысқан.

    Басты актерлер өз рөлдерін өз деңгейлерінде алып шықты деп ойлаймын. Картинаға қолданылған музыкалар да керемет. Әсіресе, Роккидің басты әуенін сәл жаңалап, оны сәтті жерінде қолданғаны фильмге ерекше эффект береді. Мен аңғал, қарт Роккиді көргеніме өз басым қатты қуандым. Бірақ ол енді тарих екенін киноның тілімен жеткізеді. Ол аңыз, спорт жұлдызы, бірақ енді жастардың уақыты. Ашық мәтінмен жеткізбесе де, "менің мұрамды қабыл алыңдар, енді ол сендердің сүйіктілерің болуы тиіс" дегендей болады Сталлоне.

    Несі бар, Роккидің мұрагері де сәтті таңдалған секілді. Фильмнің жалғасын көргім келеді.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    "Алиса айнаның арғы бетінде" атты фильмнің кеше Алматыда Есентай СО жабық көрсетілімі өтті. "Алиса айнаның арғы бетінде" - қазақ тіліне аударылған 15 фильм. "Көш жүре келе түзеледі" демекші, киноның қазақша аударымы көңілімнен шыққаны сонша ешқандай кемшілік байқамадым. Бұл жерде режиссер Айжан Жәмшитоваға үлкен рақмет айту керек.   

    Дауысты дыбыстаған актерлар сәтті таңдалған. Әсіресе, эмоциясы көп Джонни Депті Дәурен Серғазин өте жақсы дыбыстаған, керемет! Екінші эмоциясы көп актриса Хелена Бонэм Картерды АйнурБермұхамбетовада жақсы алып шықты. Себебі киноның басты кейіпкері Алисадан гөрі Ирацебета екенін көреміз. 

    "Алиса айнаның арғы бетінде" киносы Алиса тап болған жұмбақ - қызыққа толы әлемінің тұрғындарының өткен өмірлерін баяндайды. Қалпақшы әке-шешесін тауып, Ирацебетаның басының не үшін тым үлкен болғанынан ақпарат аламыз. Мирананың соншалықты мінсіз еместігіне көзіміз жетеді. Айтпақшы, уақыттың адам болғанын білесіз бе? 

    Кино әдемі, түрлі - түсті картина кез-келген адамды өзіне тарта алады. Маған киноның идеясы да ұнады. Адамның уақытты дұрыс түсінбеуі, бағалмайтындығын анық көрсетеді. Қандай жағдай болмасын достық пен жанұя адам үшін ылғи да бірінші орында екенін жеткізе білген.

    Кино 26 мамырдан бастап үлкен экрандардан көрсетіле бастады. Демалысқа шыққан балаңызды қазақ тілді нұсқасына апаруға тырысыңыз, себебі орыс тілді нұсқасынан дыбысталуы кем түспейді. "Қазақ тіліне аударылған киноны көрген бала Джонни Депп қазақ екен ғой, қазақша біледі екен деп ойлайды", - деп Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек айтпақшы қазақша сөйлеуді өзіңнен баста!

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    "Өткенді өзгерте алмаймыз - одан тек ғибрат ала аламыз"

    Бірінші "Алиса" әйгілі классикалық ертегіге сүйенсе, екіншісінің атауы ертегі-кітаппен бірдей болғанына қарамастан, сюжеті түпнұсқа дерлік сценарийге негізделіп отыр. Екінші фильмнің сынға ұшырауына да осы жағдай әсер еткен болу керек.

    Басқаларды білмеймін, ертегінің жаңа бетбұрыс алғаны маған ұнады. Түпнұсқа кейіпкерлерді басқа сюжетте, жаңа оқиғалардың ортасында көрген қызық. Фильм сонысымен де ерекше секілді - оны бөлек картина деп те қарастыруға болады.

    Жаңа кейіпкерлерден тек Саша Барон Коэннің орындауындағы Уақыт мырза ғана, қалғандары өзімізге таныс Тим Бертон жасаған әлемнің тұрғындары. Бәрі таныс, тіпті мінез-қылықтарын да білесің. Бірақ бәрібір оларды жаңа қырынан тани түсесің. Бұған да себеп бар: уақытқа сапар шегудің арқасында негізгі кейіпкерлеріміздің өткенін көреміз, тарихына үңілеміз.

    Уақытты басты антагонист деп қате ойлаппын. Ол тепе-теңдікті сақтаушы, сырттай бақылаушы ғана. Әрине, пендешіліктері жоқ емес. Бірақ фильм барысында оның теріс жақтарын ақтап алатын сәттер жетерлік.

    Хелена Бонем Картер сомдайтын Түйетабан патшайымның желісіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл кейіпкерге симпатиям бұрынғыдан арта түсті. Қалай десек те, Хелена шебер орындаушы. Қылық та, харизма да жетеді.

    Тағы бір ерекше атап өтуді қажет ететін кейіпкер - Ессіз Қалпақшы. Джонни Депп Тим Бертонның ұсынған кез-келген образын алып шығады ғой. Кейіпкердің санқырлылығын алып шыға алатын жалғыз осы актер деп есептеймін.

    Қай персонажды алма - әрқайсысына жеке фильм арнауға тұрарлық. Олар қалыптастырған образдардан саналуандылықты, санқырлылықты байқайсың. Бәрін біріктіретін бір ертегі әлем бар, алайда әрбірінің ішкі әлемі де бар. Әр кейіпкердің жанына үңіліп, мұқият зерттегің келеді.

    Бөліп-жарғым келмейді ешкімді, бәрі мақтауға тұрарлық. Тағы бір таңғалдырған тұсы - әр кейіпкердің репликаларынан цитата кітапша жасап алуға болады. Әсіресе Уақыт мырзаның сөйлегенінен даналық сөздер ағып тұр.

    "Алиса айнаның арғы бетінде" қазақ тіліне дубляждалған 15-ші фильм. Алып-қосарым жоқ - әдеттегідей жақсы деңгейде аударылған, жақсы дыбысталған. Дубляжбен айналысатын, осы жобаның басы-қасында жүрген үйлестірушілердің әр жоба сайын актерлер ауыстырып отыратыны ұнайды. Бұрын кәсіби дыбыстаушылар қатысып жүрсе, соңғы уақытта көпшілікке белгілі тұлғалар да тартыла бастағаны қуантады. Сосын мемлекеттің ақшасына байланып қалмай, жобаға демеуші болуға сырттан жеке компаниялар тартыла бастағаны бұл бастаманың коммерциялық болашағынан да үміт береді.

    Үлкенге де, кішіге де қызық туынды жарық көрді.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Х - адамдарды бұрыннан көріп келе жатқан адамдарға бұл бөлімі аздап түсініксіздеу болуы мүмкін. Дегенмен, Х- адамдар тарихының өзгергенін байқауға болады. Кино бұрынғыдай мутанттардың таланттарымен адамды таңқалдыра алады. Тіпті осындай супер қасиет менде де болса ғой деген ойға жетелейді...

    Кинода мутанттардың бұрынғы заманда да болғанын көрсетеді. Адам қай заманда өмір сүрсе де мәңгі өмір сүру мен билік құрғысы келетінін анық байқайсыз. Эпилогта айтылғандай "адамға ерекше бір қасиет беріп көр, ол өзін құдай сезінеді" деген сөздің мағынасы жақсы ашылған.

    Софи Тернер, "Игра престоловтағы" рөлінен аздап ерекшеленеді, дегенмен мен үшін тым әлсіз актриса. Эмоцияны онша көрсете алмайды. Алдыңғы Джейнді сомдаған актриса да стервозность бар еді.

    Кино тым ұзақ, оқиғаның кульминациясына жеткенше сізді аздап жалықтырып алуы мүмкін. "Қаша?", "Не болады?" деген сұрақтар мазалап отырады. Айтпақшы, мутантардан мутант бала туатынын біліп пе едіңіз? Осы бөлімде осы тақырыпты анық көрсеткенін көруге болады. Жалпы, кино жақсы.

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Angry Birdsті ойнамаған қазір бала да үлкен де жоқ шығар иа? Смартфон енді қолымызға тиген кезде жапа-тарғамай осы ойыннан жарысушы ек. Сол ойынның өз оқиғасы және оның мультфильмі болады деп сол кезде ойладыңыз ба? Мысалы, мен ойлаған емеспін. Ал ойынды жасаушылардың ойы болған)))

    Сонымен, кинотеатрларда 12 - мамырдан бастап "Angry Birds енді кинода" атты жаңа мультфильмнің көрсетілімі басталды. Мультфильм өте қызықты, қанық түсті (яркий), әсерлі. Әсіресе өзіме ұқсаған қызыл түсті Редті айтсаңызшы. Мультфильмде ол қалың қасынан ұялса, қыздарда қалың қас қазір сәнде.

    Әр нәрсеге ашулана беретін Редтің өмірінде үлкен өзгерістер пайда болады. Ол мінезінің әсерінен елден алшақ өмір сүруге үйренеді. Солай жалғыз өмір сүре берер ме еді егер көк (жасыл) торайлар болмағанда... Мультфильм қоғамның адамдарды бір ұстаныммен өмір сүруге итермелейтінін анық көрсеткен. Уақыт дәлелдегендей қоғамнан басқаша ойлаған адам ғана жан-жақты мәселені көре алады.

    Angry Birds өте қарапайым, аңғал мультфильм. Оны көргің келе береді. Қандай жаста болмасын балалар оны біледі, сондықтан да оларға да қызық. Мультфильмді жасаушылар әр персонажға өзіне сай мінез, қылық, қимыл бере білген, бұл жағынан олар өз міндеттерін жақсы орындаған. Әр персонаждың өзіндік оқиғасын, ерекшелігін әдемі бейнелеген. Мультфильмді баламен бірге өзіңізде күліп отырып көресіз, себебі күлкілі сәттер мен әзілдер жақсы берілген.

    Менің берер бағам 7/10. Барыңыздар, көріңіздер, көңіл көтеріп қайтыңыздар!

  • Айкона

    Барлық рецензиялар: 138

    Шыны керек, көп киноларға қарағанда комикстар көп қызық. Себебі, адамның фантазиясының шарықтау шегінің жоқ екенін білдіреді. Оған Marvelдің кино түсіру өнерін қосыңыз, кино сапасы адамды қызықтырмай қойдырмайды.  

    Капитан Америка: Азаматтық соғыста мен күткен нәрсе Өрмекші адамның пайда болуы болды. Ол сондай жас, еркін әрі мыжыма. Әрқашан салмақты боп жүретін кек алушылар үшін ол адам төзгісіз көп сөйлегіш. Әрине, ең басты мазалаған сұраған неге Капитан Америка мен Старктың арасындағы жанжал. Оған себеп не? Ең қызығы, екі мықтының ішінде кім жеңіске жетеді? Қара пантераның пайда болуы? Ол кім? 

    Капитан Америка: Азаматтық соғыс бөлімі осы қаптаған сұрақтарға жауап берді. Азаматтық соғысқа себеп жаңа заңнамалардың пайда болуы, заң арқылы кек алушылардың іс әрекеттері бақылауға алынбақшы болады. Дәл осы жерде пікірлер екіге бөлініп, екі жақ пайда болды. Ал, тікелей Капитан мен Старктың арасындағы жанжал ол Старктың әке-шешесінің өлімін жасырудан басталады. Айтпақшы, кім жеңіске жеткенін өзіңіз көріп алыңыз. А то, қызықтың бәрі кетіп қалды деп мені ұрсарсыз))). Ал, қара пантера расымен қызықты. Прям, кек алушылар сияқты ол да әдемі, сымбатты, күшті. Әрі оны сомдаған актер Чедвик Боузман прям лапочка.

    Жалпы, кино өте қызықты, әрі спецэффектілері ерекше. Өзіме сондай қуаныш сыйлады, сізге де ұнарына сенімдімін. Берер бағам 9/10.

  • Bella Ormanbet

    Барлық рецензиялар: 1

    Жаман емес. Басынан бастап белгілі болды аяғы. Бірақ түрік фильмдерінің тәттілігі бар. Лукум сияқты тәтті әрі жеңіл. Сценарийі жаман емес, соңы белгілі болса да. Арасында қылжыңдары орынды және сыпайы болғаны үшін шығар. Кейіпкерлер де жақсы шыққан. Кәдімгі түріктер мәдениеті (андай жоғары мағынада емес), тұрмысы аңқып тұр. Әкесі де қалжыңбас адам екен. Ну а журиктер барлыө жерде журиктігін жасайды)) Бурак... сондай Бурак ;)

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Кезінде "Biting Elbows" инди-рок-тобының "Bad Motherfucker" деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

    Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті "Bad Motherfucker" клипін түсірген, "Biting Elbows" тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

    Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

    Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын "Call of Duty 4" шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті "Counter-Strike"-ты еске түсіреді.

    Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

    Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент - шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

    Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

    Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді - Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

    "Хардкор" өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

  • Димаш Зиядин

    Барлық рецензиялар: 44

    Сықырлаған кресло, сыбырласқан жұрт, сораптала ішілген сусын, попкорн иісі. Кенет шам сөніп, экранға жан бітеді де… құлақ-шекеден жұдырық тиеді, мойынға пышақ сұғылады, маңдайға оқ тиеді. Және осының бәрі слоу-момен көрсетіледі.

    Иә, құрметті оқырман, мұның бәрі — «Хардкор» фильмінің алғашқы титрларында көрсетілетін көріністер. Ары қарай жүретін оқиға әлгі ел аузындағы сөз секілді: "… чем дальше в лес, тем страшнее". 

    Қазақтардың ара-тұра қопаңдап қалуына себепкер Тимур Бекмамбетов продюсері болған «Хардкор» атты фантастикалық экшн бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Кеше көріп шыққан киноның әсерінен әлі арыла қойған жоқпын, соныммен бөлісе отырайын.

    Қайдан шықты:
    2013 жылдың көктемінде Biting Elbows атты инди-рок тобы «Bad Motherfucker» атты әнге клип түсіреді. Ролик аса танымал болып, бір айдың ішінде 23 миллион қаралым жинайды. 

    Клипті көрген Тимур Бекмамбетов топтың негізін қалаған Илья Найшуллерге толықметражды фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әуеліде бас тартқан Илья кейін келісіп, жобаның режиссері һәм сценаристі атанады.

    Не ойдамын: 
    Сөз жоқ, «Хардкор» — бір кездердегі «Рейд», былтырғы «Безумный Макс» секілді кинотекамнан ойып орын алатын фильм. Алған әсер мен шығарған қорытындыдан кейін анда-мұнда шашылып қалған ойымды жинақтасам, бұлай деуіме тым жалпылама айтқанда бес себеп бар екен. 

    1. Фильм бірінші жақтан түсірілген. Жобаның жаңалығы да осы. Әрине, «Хардкор» Америка ашып отырған жоқ, сюжетті бас кейіпкердің көзімен көрсететін туындылар болды, бірақ олар не сәтсіздікке ұшырады, не фильмнің ішінен бірнеше минут берумен ғана («Doom» секілді) шектелді. Менің ойымша, бастан-аяқ осы стильде жасалған және табысты болатын алғашқы жоба осы «Хардкор» сияқты. 

    Оның үстіне біздің заман ойын мен киноның, шынайы кадр мен салынған суреттің арасын барған сайын жақындатып, шекарасын жойып барады. Call of Duty мен Medal of Honor ойнап өскен біз бен одан зорғысын көрген кейінгі ұрпақ үшін контенттің көрерменге жақын, оқиғаның барынша әсерлі болуы (тек сюжет тұрғысынан емес) маңызға ие. 

    Фильмнің бірінші жақтан түсірілуі — тамаша эффект. Бас кейіпкер төмен секіргенде аяғың селк етіп, жинап ала қоясың, өзге актерлердің тура саған қарап, сөйлегені мойын бұрып, өзге нәрсеге алаңдауға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, көру керек, сезіну керек.

    «Еркек қанша жаста болмасын, басқаратын ойыншық тікұшақ сатып алуды армандайды» деген сөз бар ғой. Сол секілді компьютерлік ойынның дәмін татқан кез келген адам (мейлі ол гик болсын, мейлі ол бірнеше рет қана атысқан нуб болсын), денсаулыққа қауіп төнбейтіндей қылып осы ойынды өмірде қалай жүзеге асырса болады деп ойланғаны анық. Міне, сол арман орындалып отыр.

    2. Фильм қаталдыққа толы. Былжыратып қан-жынын ағыза беретін хоррорларды емес, қырғын төбелесті көрсететін және адамның ауыр темір, жалаңдаған пышақ, зуылдаған оққа қарсы тұра алмайтын әлсіздігін аяусыз беретін фильмдерге айызы қанатындарға «Хардкорды» ұсынамын. Рейтингі бекер «R» (17 жасқа толмағандарға ата-анасынсыз көруге болмайды) болсын ба, ананы көріп отырып, өзің барып келгендей әсерде қаласың. Оған жоғарыда айтылған эффектті қоссаңыз, тіпті де сұмдық. Фаталити, қысқасы. 

    3. Актерлік ойын. Әрине, айналасы бес-алты актерде неғылған ойын бар деуіңіз мүмкін, алайда өз басым Джиммиді ойнаған Шарлто Копли мен Аканды сомдаған Данила Козловскийді ерекшелеп айта кетер едім. Алғашқысы әлжуаз лохтан бастап брутал альфа-еркекке дейін ойнай алатынын баяғыда-ақ дәлелдеген ("№9 аудан" дәлел), бұл жерде де Джиммидің бірнеше образын тамаша жеткізіпті, соңғысы қыз-қырқынды ұлардай шулатқан метросексуал кейпінен алшақтап, әуесі, әумесер, ауруды жақсы көрсеткен. 

    Әрине, бұлармен қоса бастарына GoPro камерасын киіп, бас кейіпкердің (түрін көрмесек те) жүгін арқалап шыққан оншақты жігітке де құрметімді білдіремін.

    4. Әзіл. Иә, «Хардкорда» жақсы әзілдер бар. Және ол тек американ спецификасындағы біз түсіне бермейтін қалжыңдар да емес, соңғы кезде ТМД-лық, әсіресе ресейлік кинематографта көбейіп кеткен дәрети-алкогольдік құсық та емес, дәл уақытында айтылған, кейде "қара әзіл" стилінде берілетін фразалар. 

    5. Эстельдің рөлін ойнаған Хейли Беннетт.


    Қорытынды: 
    «Хардкорға» бару керек. Біріншіден, ерекше эффекті бар (бірінші жақтан түсірілген, бас кейіпкердің түрін көрмейсіз), екіншіден, сапасы жап-жақсы экшнді көріп қайтасыз. Оның үстіне фильмнің Ресейде түсірілгені ментальдік тұрғыдан бізге жақын: біраз қалжыңды, сюжеттік кейбір бұралаңдарды жақсы түсініп отырасыз. 

  • Ернар Бекенов

    Барлық рецензиялар: 119

    Мен комикстардың да, олардың экранизацияларының да фанаты емеспін. Сол себепті, "Бэтмен Суперменге қарсы" несімен жақпады, қай жерімен комикс сүйер қауымның көңіліне қаяу түсірді - оны мен дәл басып айта алмаймын. 

    Сондықтан мен бұл фильмді қатардағы ауқымды жоба, көпшілік күткен премьера ретінде ғана қарастырдым. Дегенмен, Бэтмен мен Супермен осыған дейін киноэкранда әлі кездеспеген екен. Аталған картинаның басты құндылықтарының бірі де осында болса керек (комикс фанатына айналып бара жатқан сияқтымын ба?).

    Мен үшін классикалық Бэтмен - Кристофер Ноланның "Қара рыцары", Кристиан Бэйлдің орындауында (комикс фанаттары мені кешірсін). Өйткені, ертеректегі Бэтмендерді мен көрген емеспін, көрсем де есімде жоқ. Сол себепті, жаңаланған Бэтменді (Бен Аффлек) классикалық Бэтменмен (Кристиан Бэйл) салыстырудың өзі бір ғанибет екен.

    Салыстырғаннан кейін өз ойыңды айтпай кетуге тағы болмайды. Менің ойымша, Бен Аффлек жаман емес. Бірақ жақсы да емес. Ол басқа. Әр актер өзі сомдаған Бэтменге өзіндік ерекшелік әкелетін шығар. Бұл да солай. Бастапқыда осы рөлге Аффлек таңдалған кезде, комикс фанаттары мақұлдай қоймағаны рас. Бұны актер жақсы біледі, сол себепті қатты тырысады, көрермендерін түңілдірмеуге бар күшін салады. Өз басым, Бен Аффлек көрермендердің ең минимум талаптарын орындай алды деп есептеймін.

    Ноланның дәуірінде өзін іштей жеп жүретін, тіпті аздап қайғылы Қара батырды көрсек, бұл жолы алдына нақты мақсат қойған (біздің жағдайымызда Суперменнің "шаңын қағу"), қартая бастаса да әлі сақа Готэм сақшысын көрдік.

    Фильмнің өзін санқырлы болғаны үшін ерекше деуге болады. Қараңыз - "Бэтмен Суперменге қарсы" осыған дейін жарық көрген 2013 жылғы "Болат адамның" тікелей жалғасы, дей тұрғанмен жаңартылған Бэтмен туралы фильмдер сериясының да бастауы. Оның үстіне бұл Супермен мен Бэтменді бетпе-бет кездестірген тұңғыш киножоба (қателессем, фанаттар кешірсін). Кинокомикс фанаттарына бұл деректердің өзі үлкен оқиға болуы керек деп есептеймін.

    Бірақ мен қарапайым көрермен тұрғысынан қараймын деп айтып кеттім ғой. Сондықтан қатардағы блокбастерге кірген адам ретінде сөйлеп көрейін.

    Осы тұрғыда сыншылардың кейбір пікірімен келісетін тұстарым бар. Соның бірі - эффектілердің тым көптігі. Жойқын жарылыс, қираған сансыз көп ғимараттар, осындай көріністерден кейін Метрополисте (әлде Готэмде) тірі адам қалды ма өзі деген сұрақ қоя бастайсың. Бастапқыда халық игілігі үшін күрескен қаһармандардың текетіресі жеке мүдденің қамына айнала бастағанда, ал бұл өз кезегінде жазықсыз жандардың құрбанына алып келгенде авторлардың бұнымен не айтқылары келгенін өзіңше болжауға мәжбүр боласың. Жобаның ауқымын қомпайту үшін визуал эффект мамандарының жұмысы тым асыра сілтеп жібергендей әсер береді екен.

    Бірақ, екі суперқаһарманды тірестіру оқиғасы арқылы берілетін негізгі мораль да айқын көрсетілген. Бірінші кезекте - әрине, адамдардың қанағатсыздығы. Құтқару операциясының ауқымы кеңейген сайын, бұрынғы жақсылықтардың маңызы азая түседі. Ал төтенше жағдай неғұрлым ауқымды болса, құрбандар да соғұрлым көп болатыны белгілі. Адамдар аман қалғандарға шүкіршілік етудің орнына, Суперменге қояр талаптарын күшейте түседі, одан идеалдықты күтеді. Ал осындай қоғамдық конфликтілерді аңдып отырған басылымдар жағдайды өршіте түседі. Бэтмен де сондай әдейі ушықтырылған жағдайдың құрбаны деп ойлаймын. Екеуінің текетіресі де осыған негізделген.

    Фильмдегі кейбір құбылыстардың маңызын арттыру үшін бірқатар детальдарға ерекше мән беру бар да, осыған имитация жасау бар. Зак Снайдер лирикалық шегіністер мен флешбектер жасаймын деп қателескен тәрізді. Олар керек те шығар, бірақ онсыз да фильмді әдемі жасауға болар еді. Сыншылар кінәлаған созылыңқы сюжетке осы қажетсіз шегіністер себеп болды деп ойлаймын. 

    Жалпы актерлер өз рөлдерін алып шықты деп ойлаймын. Джесси Айзенбергке, Эми Адамсқа ешқашан күмән келтірген емеспін. Біз үшін бірінші орында Аффлек пен Кавиллдің өз рөлдерін алып шығуы қызық еді. Генриді білмеймін, бірақ Бенге ешқандай наразылық жоқ.

    Меніңше, суперқаһарманизмнің барлық канондарын ескере отырып жасалған картина. Фильм түңіліп кететіндей нашар да емес, өзгелерге ауыздың су құрығанша мақтап беретін супер де емес. Жасаушылар кем дегенде өз мақсаттарын толықтай орындады деп ойлаймын. Дымын қалдырмай сынамау үшін қоятын талаптар деңгейін сәл түсіру керек шығар, білмеймін.