• Біздің парақшалар:

"Құлагер-2012" жүлдесінің иегерлері анықталды

Кино саласының дамуына үлкен үлес қосқан азаматтарға «Құлагер-2012» жүлдесі және «Экран шебері» төсбелгісі табыс етілді. «Құлагер» жүлдесінің негізгі құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының «Кинематографистер одағы» мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік қоғамы. Байқаудың мақсаты – еліміздегі ұлттық кинематография саласының дамуына үлес қосқан туындыларды бағалау және халыққа кеңінен таныту.

Салтанатты шарада режиссер Ақан Сатаев, Қуат Шілдебай және Анар Қашағановаға «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілсе, кино үйінің директоры Магруза Асаубаева «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ал, «Құлагер-2012» байқауының «Ең үздік көркем фильм» аталымын режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» картинасы жеңіп алса, «Ең үздік еркек рөлі» аталымы бойынша осы фильмде басты кейіпкерді ойнаған Ерболат Тоғызақов марапатталды. «Жылдың ең үздік ұлттық-патриоттық кино жобасы» аталымын «Жаужүрек мың бала» картинасы еншілесе, «Жылдың жаңалығы» осы туындыда басты рөлде ойнаған актер Асылхан Төлеповке бұйырды. «Ең үздік балалар фильмі» жүлдесін «Аңшы бала» фильмі еншіледі. «Экран шебері» төс белгісі «Шоқ пен шер» фильмінің режиссері Қаныбек Қасымбековке, «Қаралы сұлу» туындысының режиссері Ермек Шынарбаевқа табыс етілді.

Сондай-ақ, деректі фильм түсіруде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген кинорежиссер Анатолий Лаптев пен Асылбек Нұғыманов та «Экран шебері» төсбелгісімен марапатталды. 

Дидар АМАНТАЙ, ҚАЗАҚСТАН КИНЕМАТОГРАФИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, КИНОСЫНШЫ:
- Ең басты мәселе - біз биыл қазақ көрермендерінің санын 1 миллион адамнан асырдық. 2013 жылы біз прокатқа бірнеше фильмді шығарамыз. Оның ішінде қазақтың мықты режиссері Серік Апрымовтың фильмі бар. Және сонымен қатар қазақтың тағы бір режиссері Ермек Шынарбаевтың француздармен түсіретін фильмінің түсірілімі басталады. Одан басқа тағы да бірнеше жобаларды біз жоспарлап отырмыз. 

 

Дереккөз: khabar.kz

Фотосурет: gazeta.kz

Пікірлер