• Біздің парақшалар:

Сатаев Бауыржан Момышұлы туралы сериал түсіруде

Алматы облысының Талғар қаласында "Бауыржан Момышұлы" телесериалының түсірілімі басталды. Жоба "Хабар" агенттігінің тапсырысы бойынша жасалуда. Өндіріспен Sataifilm кинокомпаниясы айналысып жатыр, деп хабарлайды Киноправда сайты.

Телефильмнің режиссері - Ақан Сатаев. Сценариін режиссердің тұрақты әріптесі - Тимур Жақсылықов жазған. Ұлы Отан соғысының батыры туралы сериалдың сюжетіне Александр Бектің "Волоколамск тас жолы" ("Волоколамское шоссе") кітабы арқау болып отыр.

Оқиға 1941 жылдың шілдесінен басталады. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы әскери комиссариатта қызмет етіп, әскерге сұранып жүреді. Осы кезде Алматыға дивизия жасақтау мақсатымен генерал-майор Панфилов келеді. Бауыржанмен танысқаннан кейін, Панфилов оған бір батальонға командир етіп тағайындайды. Сөйтіп болашақ қаһарман жау шебіне аттанады.

Актер Еркебұлан Дайыров пен режиссер Ақан Сатаев

Фильмде басты рөлді жас актер Еркебұлан Дайыров сомдайды. Сондай-ақ, телехикаяға Әсел Сағатова (Бауыржанның әйелі), Виктор Ашанин (генерал Панфилов), Саят Исембаев (лейтенант Қасенов) түсуде.

18 тамыз бен 23 қыркүйек аралығында "Бауыржан Момышұлының" түсірілімдері Қазақстанда жүреді. Одан кейінгі жұмыстар Минскте жалғасады. "Беларусьфильм" студиясының аумағында Мәскеу түбінде болған шайқас қойылымдары түсірілмек.

Сериалдың бірінші маусымы 4 сериядан тұрады (әрқайсысы 40 минуттан). Телехикая "Хабар" арнасында биылғы жылдың қараша айының соңы мен желтоқсанның басында көрсетіледі деп жоспарланған.

 

Дереккөз және фотосуреттер: kino-pravda.kz

Пікірлер