• Біздің парақшалар:

"Шал" фильмінің табысы 53,5 миллион теңгеден асты

Ермек Тұрсыновтың "Шал" фильмінің прокатқа шыққанына 1 ай шамасында уақыт өтіпті. Осы мерзім аралығында отандық картина көрсетілімнен 53,5 миллион теңге көлемінде табыс тапты. Бұл жайында Меломан порталы хабарлайды.

Біз бұған дейін, "Шал" драмасының екі апта ішінде 30 миллион теңге пайда әкелгенін хабарлаған едік. Фильм еліміздің кинотеатрларында 2012 жылғы 11 қазаннан бастап көрсетілді. 

"Шал" - Ермек Тұрсынов түсіретін трилогияның екінші бөлімі. Біріншісі - "Келін" 2009 жылы жарық көрді. "Кенже" деп аталатын үшінші картинаның түсірілім жұмыстары келесі жылы басталмақ. 

"Трилогияның алғашқы бөлімі "Келін" — арғы тарихты, "Шал" — тарихты, осы шақты, ал "Кенже" болашақты көрсетеді. Немесе "Келін" — тау, "Шал" — дала, ал "Кенже" — қала", — деген еді режиссер фильмнің премьерасында.

Режиссердің айтуынша, туындының бюджеті 1,5 миллион долларды құрайды. Қазір "Меломан" холдингі "Шал" фильмінің DVD нұсқасын әзірлеу үстінде. 

 

Суретте: Түсіру алаңынан көрініс. Фотоматериалдар Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына тиесілі.

Пікірлер