• Біздің парақшалар:

Қазақстанда "Ашаршылық" фильмін түсіру үшін жылу жиналып жатыр

Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш /Фото: Serikzhan Kovlanbayev, The Astana Times

Қазақстандық "MG Productions" компаниясы "Ашаршылық" ("Голодомор") жобасы үшін қаржы жинауды бастады. Жылу жинау "StartTime" краудфандинг платформасында жүріп жатыр. 

Фильм 1921-22 және 1931-32 жылдары қазақ халқының басынан өткен ұлы нәубет кезеңіне негізделеді. Сол кезде Қазақстан халқының шамамен 70% аштан қырылып, аман қалғандары көршілес елдерге қоныс аударуға мәжбүр болған еді. Түрлі деректерге сәйкес сол он шақты жылдың ішінде қазақ халқы 4,6 миллионнан 6 миллионға дейін адамынан айырылған.

Жоба режиссері және сценарийшісі Марина Кунарова. Режиссер осы тақырыпта кино жасау идеясын бес жылдан бері ойластырып келеді екен. 2017 жылы мамырда Еуропа киносының қоры фильм бюджетінің жартысын қаржыландыруға келісім береді. Осыдан бастап фильм өндірісі шындап қолға алынды.

Бюджеттің қалған бөлігін жинап беруге кез келген қазақстандық атсалыса алады. Start-time краундфандинг платформасында жобаның парақшасына кіріп, мүмкіндігінше қаржылай көмектесуде болады: https://start-time.kz/project/?id=73

Фильм бюджеті 283 500 000 теңге деп бағаланып отыр. Краудфандинг жүйесі арқылы олар 28 350 000 теңге жинауды көздейді.

Түсірілім 2017 жылы 1 қарашада басталып, 2018 жылы ақпанда аяқталуы тиіс. 2018 жылы жазда немесе күзде картинаны әлемдік прокатқа шығару жоспарланған.

Пікірлер