• Біздің парақшалар:

Ермек Тұрсыновтың «Киномеханик» фильміне Нина Усатова түседі

Ермек Тұрсыновтың «Киномеханик» фильмінің түсірілімі жүріп жатыр. Жобаны ҚР Мәдениет және спрот министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Тұрсынов фильм» ЖШС бірлесе өндіруде.

Фильмде жесір әйелдің рөлін Ресей және Кеңес Одағының театр және кино актрисасы, Ресей халық артисі, Ресей мемлекеттік сыйлығының иегері Нина Усатова сомдайды. Фильмнің түсіру алаңы Алматы облысы Жаркент қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан.

- Осы рөл арқылы мен өзімнің балалық шағыма оралғандай болып тұрмын. Себебі мен Алтайда туылғам, сондықтан да, жылқы мен қойлар және кең даланың иісі маған жақсы таныс. Бұл рөлдің маған бұйырғанына қуаныштымын. Тағдырдың берген сыйы деп санаймын,- деді ресейлік актриса. 

Фильмнің режиссері Ермек Тұрсынов сценарий жазу барысында осы рөлге Нина Усатованы елестеткенін айтты. Ал ресейлік актриса қазақстандық режиссердің шығармашылығымен таныс екен. 

Ал «Киномеханик» фильмінде басты рөлді Мұрат Мұқажанов сомдайтын болады. 69 жастағы актер түсірілім алаңында соңғы рет 50 жыл бұрын болған екен. Сонымен қатар Ерболат ТоғызақовИісбек Әбілмәжінов, Қуат Тілеубай секілді актерлер қатысуда.

Түсіру жұмыстары Алматы облысында маусымның 28-не дейін жалғасады, соңғы түсірілім күні 1 шілдеге жоспарланған. Фильмнің монтажын биыл аяқтау жоспарлануда. 

«Киномеханик» картинасында соғыстан қайтқан солдат туралы баяндалады. Ол үйінің есік-терезелері шегеленіп, жабулы тұрғанын көреді. Жауынгер Германияда қарт немісті өлтірмей алып қалғаны үшін сыйға алған кинопроекторын шығарып, осы жерде кино қояды. Қайтыс болған жақындарын жоқтап, қайғысынан тез айығуына фильмдер ықпал етеді. Фильмдегі кейіпкерлерді қиялдап, өмірді қайта бастауға қуат алады. Содан бастап өмірінің соңына дейін ол кинопроектордан ажырамайды.

 

Дереккөз: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

Пікірлер