• Біздің парақшалар:

Еркебұлан Дайыров Балуан Шолақты сомдайды

Режиссер Нұргелді Садығұлов «Қазақфильмнің» Эксперттік кеңесіне фильмді қорғап тұр

Балуан Шолақ туралы толықметрлі көркем фильмге қатысты бірер дерек белгілі болды. Басты рөлге Еркебұлан Дайыров бекітілген. Одан бөлек еліміздің танымал актерлері мен дебютант-актерлер де қатысады.

Түсірілу локациялары ретінде Ақмола, Павлодар облыстары, сондай-ақ Алматы облысы таңдалған. Кей сахналар «Қазақфильмнің» павильондарында түсіріледі. Қоюшы суретші Еркін Сүлейменовтың айтуынша, фильмнің негізгі сахналары үшін «Жәрмеңке» және «Балуан Шолақтың ауылы» декорацияларын Алматы облысы Жалаңаш және Кеген ауылдарында тұрғызылған. 

Түсірілім жұмыстары 1 маусымда Алматы облысында басталады.

- Балуан Шолақ соңғы серілеріміздің бірі. Ол – композитор, балуан, ат құлағында ойнаған спортшы. Фильмде Балуан Шолақтың бойында бар өнерін, елінің қамы үшін түрлі ерлікке бара алатындығы мен Ғалияға деген махаббатын көрсеткіміз келеді. Түсірілім тобындағы барлық департаменттер түсірілімге толыққанды дайын, – дейді режиссер Нұргелді Садығұлов.

«Балуан Шолақ» (шартты атау) фильмінің сценарийін белгілі драматург Дулат Исабеков жазды. Сюжетке қаламгердің М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасы арқау болған. Жоба өндірісімен Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша айналысады.

Нұрмағанбет Баймырзаұлы, Балуан Шолақ (1864-1919) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпаз, балуан.

 

Дереккөз: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

Пікірлер