• Біздің парақшалар:

"28 панфиловшы" фильмінің режиссері Андрей Шальопамен сұхбат

1941 жылы 16 қараша күні генерал Панфилов бастаған 316-шы атқыштар дивизиясындағы 4-ші рота Мәскеуге жасалған Германия әскерінің танк батальонына тойтарыс беріп, Ұлы Отан соғысы тарихында 28 батыр деген атпен есте қалды. Панфиловшылар дивизиясы Қазақстанда құрылғаны белгілі. Ресей режиссері Андрей Шальопа "28 панфиловшы" деген жобаны  қолға алыпты.


Андрей Шальопа - 1972 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында дүниеге келген. Фильмдер мен телесериалдарға сценарий жазады, эпизод рөлдерге түседі және соңғы уақытта режиссерлікпен де айналыса бастады. Алты баланың әкесі.

 

 

Киностан авторы Ернар Бекенов режиссермен байланысып, болашақ картина туралы әңгімелескен еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Алдымен жоба туралы айта кетсеңіз. 28 панфиловшы жайында фильм түсіру идеясы қалай пайда болды?

- Қателеспесем, 28 батыр туралы алғаш рет үшінші сынып кезінде білдім және бұл тарихи оқиғаның маған қатты әсер еткені сонша, тіпті Ұлы Отан соғысындағы ең өткір көріністердің бірі деп ойладым. Осы күнге дейінгі өмірімде осы ерлік туралы әр түрлі дереккөздерден талай рет естіп-біліппін. Бірде, Дубасеково түбіндегі соғысты баяндайтын фильм бар ма екен деп ізденіп көрдім. Ол туралы фильм жоқ болып шықты. Тек ескі «Мәскеу үшін шайқас» («Битва за Москву») картинасында ғана бір эпизод бар екен. Сол кезден-ақ осындай кино түсіру туралы ой келді. Көп кешікпей сценарий жұмысын қолға алдым.

Қателеспесек, тестілік түсірілімі өткізіліпті. Картинаға қандай белгілі актерлер қатысады?

 - Тестілік түсірілім болған жоқ. Біз тек бір эпизодты ғана түсірдік, ол кейін кинотуындыға енетін болады. Қатысатын әртістерге келсек – жаңағы аталған үзіндідегі адамдарды ғана атай аламын. Қазір әлі кастинг жалғасуда, түрлі актерлерді байқап жатырмыз. Олардың арасында танымалдары да бар.

Фильмнің үзіндісі:

28 панфиловшылардың ерлігі – халықтың рухы мен патриоттығын көтеру үшін ойдан құрастырылған аңыз деген де теория бар. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

 - Кез-келген үлкен ерлік күндердің күнінде аңызға айналады. Ал мен Дубасеково түбіндегі соғыстың шын екеніне толық сенімдімін. Мен тіпті осындай кескілескен шайқастар аз болған жоқ деп ойлаймын, ал олардың ерлігі майданда ауыздан ауызға беріліп отырған. Журналистерге панфиловшылардың ерлігі туралы дивизия комиссары жеткізіпті. Ттілші құрғақ мәтінді әдемі очеркке айналдырып жіберсе – онда тұрған ештеңе жоқ. Жауынгердің өз міндеті, журналистің өз міндеті бар. 28 есім – шын батырларға тиесілі екеніне күмәнім жоқ. Журналистерге ең нашарларын тізіп беруі мүмкін емес қой. Сол бір күндерде жаумен алысқан батырлардың барлығын еске ала алмасақ та, ең болмаса осы 28-дің есімін жадымызда қалдырайықшы.

Картинаны жасау үшін сіз краудфандинг сервисіне жүгіндіңіз. Бұл әдіс сіздің ойыңыздан шыға алды ма?

- Бұл амал бізге түсірілімді бастауға мүмкіндік берді. Ал аяқтауға көмек бола ма – оны уақытында көрерміз. Қаржыландырудың осындай түрінде артықшықтар жетерлік. Ең бастысы – бұл авторларға шығармашылық тәуелсіздік береді. Бірақ бір кемшілігі – фильмді жасау мерзімін созып жіберуі мүмкін. Менің ойымша, осы әдіс арқылы тек ең қажетті жобаларға бюджет жинауға болады. Бұл тұрғыда біздің жолымыз болды. Біздің шығармашылық мақсатымыз халық үшін маңызды тақырыпқа сәйкес келді.

Түсіру алаңынан көрініс

Фильм Голливуд блокбастері стилінде бола ма, әлде Кеңес заманындағыдай тарихи шындыққа сүйенген кино бола ма?

 - Бұл қазіргі заманға сай кино болады. Біздің айтқымыз келген хикая әу бастан қызықты, ал біз оны қызықты да ашық жеткізуге тырысамыз. Тарихи шындықты көрсетуге барынша тырысып көреміз. Оқиғалар мен образдарға келсек, бұл жерде шындық туралы айту артығырақ шығар, өйткені біз ержүрек аталарымыз туралы көркем туынды жасап жатырмыз ғой.

Панфилов дивизиясы Алматы қаласында (Қазақстан) құрылғаны белгілі. Фильмде Қазақстанды, қазақ актерлерін көре аламыз ба?

 - Фильмдегі оқиға 41-ші жылғы қараша айында болған оқиғаны ғана баяндайды. Сондықтан Қазақстанды түсірмейміз. Дегенмен дивизия құрамында қазақтардың көп болғанын ескере отырып, қазақ актерлерін шақырмақпыз.

Фильмнің прокат кестесі белгілі ме? Қандай мемлекеттің көрермендері бұл киноны тамашалай алады?

 - Әзірге прокат кестесін бекіткен жоқпыз. Қазір ең болмаса қажетті бюджетті жинай алсақ, түсірілімнің қашан аяқталатынын жоспарлар едік. Былай негізі фильмді 2015 жылы күзде шығарғымыз келеді. Фильмді бұрынғы КСРО елдерінің барлығында, мүмкін болып жатса – тіпті Еуропаға да көрсеткіміз келеді.

Фильм тизері:

 

Фото- және видеоматериалдар режиссердің рұқсатымен пайдаланылды.

Пікірлер