-
Әсия Бағдәулетқызы ⚓
- Тіке сілтеме
- — 10 қазан 2013
- Баға: 8/10
Жігіт пен Қыз... Жігіт армандайды, Қыз оның армандарына араласып кетеді. Жігіт сценарий жазады, Қыз оның сценарийлерінөзгертіп жібереді. Жігіт «күш қолдануға» қарсы, Қыз оған күресуді үйретеді. Жігіт жұмсақ, Қыз сотқар. Бірақ екеуі де мөлдір. Өмірде осындай аяулы адамдар болады. Жаны ізгі, жүрегі кірлемеген. Жоқ, ол Сенің жақының болмауы мүмкін. Тіпті ол сені танымауы мүмкін. Бірақ сен оның жан-дүниесін сезесің. Және онсыз да әлемде аз қалған осы сәулені әлдебір жәдігөйлік келіп жаншып кетпесе екен деп тілейсің. Топалаңы шығып жатқан әлемде бір тазалық бір тазалықты тапса, бір тазалық бір тазалықты құтқарса дейсің.
Жалпы, қазақ өзі қанша сентиментальды халық болғанымен, сезімін білдіруге сараң. Осыған дейін бізде романтикалық жанрда жалғыз ғана фильм болды. «Он и Она» жаңа ғасырдағы «Махаббат бекеті». Бұл, әрине, қазақ киносының тарихында қалатын туынды емес, бірақ қазіргі өлшеммен алғанда өте сапалы, көрермен қажеттілігіне сай түсірілген фильм. Ал біз сапалыкиноларға бай емеспіз.
Біріншіден, ішкі сәулесі жүзінен төгіліп тұратын екі актердің табыла кеткені үлкен табыс. Талғамы биік суретші, киноны сезетін композитор, ісіне тиянақты монтажер, жасандылыққа жол бермейтін режиссер. Әрине, ондай тұлғалар бір алаңда кездескені 8лкен олжа. Екіншіден, фильм шын мәнінде күлкілі. Әзілдерінің бәрі жылы. Үшіншіден, «Фейсбук», «агент», метро) т.б. бүгінгі күннің трендтерінің бәрі бар. Төртіншіден, кейіпкерлері шынайы. Орысша сөйлегенімен, қазақы менталитеттің жылы лебі есіп тұрады. Фильм соңында жігіттің қызды күтуін алыңызшы. Құсалықтың өзі түңілуге ұласпайды. Қоңыр ғана, сәулелі үміт. Осынысымен де ол қазақтың табиғатына жақын. Бесіншіден, финал ұтымды. Алтыншыдан, мейлінше ұтымды детальдар көп. Ол Әнуар Нұрпейісов, Асылхан Төлеповтердің суреттері тіріліп кетуі, ол жігіттің қиялында өткен замандарда жүретіні... Жетінші, және ең бастысы, фильм үлкен мәдениетпен түсірілген. Дөрекілік, айқай-шу, даңғазалық, дарақылық атымен жоқ. Бәрі өлшеулі, бәрі орнымен. Жас режиссер дебюттік картинасымен-ақ көрерменге құрметпен қарайтынын көрсетті (бұл да қазақ киносында сирек құбылыс қой). Ал енді кемшіліктеріне тоқталсақ. Бірінші, сюжет желісіндегі оқиғалардың барлығы дерлік жан-жақтан көшірілген. Ол туралы ұзақ айтуға болады. Екіншіден, кейбір оқиғалар сюжетке еш қатысы жоқ, тек мақсатта түрде «күлдіру үшін» қосылғаны байқалып тұрады. Мысалы, «жүз грамдататын» әке, дәретханадағы жағдай, т.б.(есесіне күлкілі) Үшіншіден, Айжан Нұрмағамбетовадан басқа «ана» көргім келетін еді))
Бірақ мұндай киноның табысты болатын ең бірінші себебі – біз. Көңілдер кірлеп қала беретін әлемде тазалық қазір дефицит. Сатқындық, алдау мен арбау, арам пиғылды барған сайын жиі көретін болдық. Әйтпесе махаббат бар ғой. Неге болмасын.