-
Том Хэнкс ⚓
- Тіке сілтеме
- — 2 қаңтар 2015
- Баға: 3/10
Автор айтарын сондай қияли пішінде жеткізген, бірақ мазмұны мүлде бөлек. Кейбір фильмдер болады, шылқыған маргарин-кремді драмалатып баттастыра берген, қызылды-жасылды жасанды эмоциялар мен химикат бояғышқа толы, кесек-кесек каллориялы торт жегендей боласың. Тойып алып, асқазаныңа тас түскендей ұйқтай алмай дөңбекшіп жатасың. Ал мынау төмен калориялы творожный пирог сияқты. Миға күш салмайд, бірақ дәмі аузыңнан біразға дейін кетпейді.
Еш пафосы жоқ, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін қыз болсам, Донал Глисонның кейіпкеріне де ес түссіз ғашық болар едім. Міне, менің ойымша, "дені дұрыс жігіт" деген осындай болады.
Тим ешқандай да мачо емес, буылтық-буылтық бұлшық еті де жоқ, жымиса қатындардың лыпасы өзінен өзі сыпырылып түсе беретін бойы екі метрге жуық Бен Аффлек те емес. Ол кәдімгі тәрбиелі ағылшын баласы. Аңқылдаған. Мейірімді. Қарапайым. Адал. Міне, мен өзімнің інімнің, баламның қандай болғанын қалайтынымды түсінген сияқтымын. Тіпті өзім де осындай жігітке ұқсағым келіп кетті. Ал Рейчел Мак Адамсқа бұрыннан ғашықпын. Рейчел Мак Адамстан асқа біреуді бұл рөлде елестету қиын. Екі сүйкімді адамға қарап, адамның адам болып қалуы үшін үстіне маска киіп, жексұрындарды қырып жойып, әлемді құтқаруы қажет еместігін көрсеткендей Кертис. Ал әкесі мен Тимнің қарым қатынасы ол мүлде бөлек абзацқа тұрарлық оқиға. Дәл осы қарым қатынас көзімнен жас шығарды. Эизодтық рөлдегі семіз актерден бастап, Рориге дейін қысқа ғана өз рөлдерін әдемі алып шыққан. Фильмнен осындай әсер алмағалы көп болды. Айтпақшы, Рейчел макАдамс бұрын да осыған ұқсас рөлде ойнаған. Тіпті дәлме-дәл десе де болады. "Уақыт саяхатшысының қатыны" деген фильм естеріңізде болар. Болмаса, қарап көріңіз. Екі фильмнің арасында бір байланыс бар сияқты. Екеуі де құр мелодрамма шеңберінің сыртына шығып кеткен. Бірақ, "Дер кезінде" фильмінде бұны сезбейсіз. Барынша жеңіл. "Көрерменді қатырдым" деген месседжсіз, бұлттардың үстінде қалқып жүргендей сезімде боласыз. Бірақ, фильмнің шынайы моменттері бір аяғыңыз үнемі жерде қалуына себепкер болады.Айтарым, бұл фильмнен атып тұрып, ду қол шапалақтап "уау" деп қалпағыңды аспанға лақтыратын әсер күтпеңіз. Фильм ондай мақсат қоймайтын да сияқты. Дәмі тілге біртіндеп сіңіп, біртіндеп ашылатын сирек фильмдер қатарында. Еш ойбайсыз, кісі өлімін ерекше айшықтап арнайы екпін қоюсыз, кәдімгі өзінше бақытты отбасылық өмір. Бір сондай жып-жылы бауырмалдығы бар фильм әйтеуір... Я бір сөзбен суретте десе, мен оны "Бауырмалдық" деп суреттер едім. Мейірім деп те атар едім, жоқ, өзіңді құрбан етіп, қаһарман болатын шексіз-шетсіз, бүкіл адамзаттың мойнына қарыз болып жазылатын, айқайлаған мейірімділік емес, қарапайым мейірімділік, отбасыңа, ата-анаңа, досыңа деген. Өзіңді аспан тозағын қайдам, жердегі ішқұсалық тозақтан құтқаратын мейірімділік. Дәл солай. Өзіңді құтқару кейде әлемді құтқару сияқты ғой. Таза субъективті бағам, 10 ұпай!