-
Жандос Құсайын ⚓
- Тіке сілтеме
- — 17 қаңтар 2014
- Баға: 8/10
Қоғам түрлі адамдардың омартасы. Қоғам бәрін жұтады. Қоғам бәрін шығарады. Жаман мен жақсының қатар қоныстануына кейде қоғамның өзі тәуелді. Себебі, жамансыз жақсының құны көк тиын. Жақсысыз қоғамның құны бес тиын.
Prisoners.
Айттым ғой, тағы да айта беремін. Голливуд екі тенденцияға ерік бергелі қашан. Бірі - «демократиялық құндылық». Екіншісі, әлбетте, Құдай тақырыбы. «Тұтқындар» фильмін кім көрді, сол ұғады. Мына төмендегі сұрақтың жауабын да сол біледі.
«Ішіңізден шыққан баланы жоғалтып алудың қаншалықты қиын әрі ауыр екенін білесіз бе?»
Сұрақтың жауабы оңай секілді. Ендеше, күн сайын қаншама бала жоғалуда? Сіз қанша құрдасты жоғалттыңыз? Құмар ойынға батып, құрдымға кеткендер ше? Ұрлық-қарлық? Секта?
Фильмде Келлердің әйелі көз жасын көлдей қылып жатып, күйеуін кіналайтын жері бар: «сен біздің қорғанымыз едің ғой. Мен саған сендім ғой. Қызымыз неге жоғалды?»
Енді осы сөздерден кейін, қызының іздеуіне өзінше кіріскен Келлердің өзі де шайтанға айналып кеткенін жақтау керек пе, жоқ па? Тұйық. Бумеранг. Немесе лабиринт.
«Баланың жоғалуы бұл біздің Құдаймен арадағы өзара соғысымыз. Адамдар сенімін жоғалту үшін біз балаларды ұрлаймыз. Осылайша, сенімін жоғалтқан адамның шайтанға айналауы оңай.»
«Тұтқындардың» философиясы осы. Қатал, әрі шын. Біздің қоғамда осындай адамдар бар. Сенімін жоғалтқан немесе сенімдерді жоққа шығарушы. Олар сіздің шайтанға айналуыңызды қалайды. Бостан-босқа сіздің артыңызға түсіп, сіздің сеніміңізді келемеждейді. Сіздің идеалдарыңызды қоғамдық талқыға салып, сіз ұнатқан қымбат дүниенің бағасын түсіруге барын салады. Олар сіздің жүйкеңізді жұқартуға арнайы тапсырма алған секілді. Бәлкім сол үшін жаралған да шығар ә? Аңдиды, өсектейді. Сосын, сосын... сізді жек көреді. Балаңызды ұрлайды, өзіңізді ұрлайды.
«...Адамдар сенімін жоғалту үшін біз балаларды ұрлаймыз. Осылайша, сенімін жоғалтқан адамның шайтанға айналауы оңай.»
Қоғамда жайлаған кіл жамандар мен кіл жақсылар. Қоғамда осылардан басқаларға орын жоқ. Бастысы, жақсылар түбі жеңіп шығады. Бастысы, бұл өмір әділдікке құрылған. Бастысы, осы. Осыған сенгім келеді.
«Тұтқындар» - біздің тұтқын қоғам.