• Біздің парақшалар:
  • Менің күнәлі періштем

    Мой грешный ангел

Жыл:
2011
Ел:
Қазақстан
Режиссер:
Талғат Теменов
Басты рөлдерде:
Аша Матай , Жерар Депардье , Құралай Анарбекова , Мұрат Ахманов
Сценарий:
Талғат Теменов
Жанр:
Мелодрама
Қазақстандағы премьера:
10 қараша 2011
Жас шектеуі:
Б14 - Он төрт жасқа дейiнгi көрермендерге ата-аналарымен бiрге көруге ұсынылатын фильмдер
Ұзақтығы:
90 минут
Суреттеме:

Айша Абыроева есімді жас талантты әншінің арманы - Францияда ән салып, Парижді бағындыру. Оның бұл арманының орындалуына - бай банкир Асхат Бабаевич көмектеседі. Парижге шақырту келіп, енді жол жүрмек болғанда Айшаның өмірінде күтпеген өзгеріс болады. Ол нағыз махаббатын кездестіреді...

Рейтинг:

3,667

  • Дауыс бергендер: 3

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/old.kinostan.kz/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/old.kinostan.kz/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 4.8(14)
  • Кинопоиск: 6.652(96)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (1)

  • Менің күнәлі періштем – классикалық қазақ киносы

    Түсіндірме сөздікте «классикалық» сөзінің бір мағынасы ретінде «бір үлгідегі», «әлдебір дүниеге тән құбылыс» деген сипаттамалар келтіріліпті. Осы уақытқа дейін шыққан қазақ фильмдерінің ортақ қасиеттерінің басын қоссақ, «классикалық қазақ киносының» бет-бейнесін шығаруға болады деп ойлаймын.

    Режиссер һәм сценарист Талғат Теменовтың «Менің күнәлі періштем» туындысын дәл осы «классикалық қазақ киносының» «жарқын» мысалы ретінде қабылдауға болады. Бәрі сол бұрын біз көрген бірқатар фильмдердегідей. Сол «сылқ-сылқ» жүзінші, әлде… мыңыншы рет естігеннен құлаққа жауыр болған қыз күлкісі, сол баяғы ішіп-жеген жігіт көзі, сол баяғы типтік ақсақал бейнесі, сол бір жуан, қоңыр дауысты жігіт, стандартты бауырсағы, алма-жүзімі, әдемі шәйнек-шынысы бар дастархан…

    Әуелгі сөздің басы Айша атты әрі әнші, әрі биші, әрі әдемі қыздан басталады. Бай банкир Асхат Бабаевичке қыпша белін құшақтатқан Айша аяқ астынан ала көз Азаматпен кездесіп, ғашық болады. Ғашығымен бір боламын деген бас кейіпкер банкирді де, Парижді де талақ етеді.

    Былай қарасаң, бас қатыратын сюжет емес. Бірақ, туындының тұла-бойында өріп жүрген үлкенді-кішілі оқиғалар бірінен соң бірі қисынсыз түрде орын алып адамды шатастырып жібереді. Кейіпкерлер аяқ асты шешім қабылдайды, оқиға бағыты кілт өзгереді, «не болар екен, не болар екен» деп отырғаныңда, ол болмай қалады да, басқа бір оқиға басталып кетеді.

    Әрине, егер бұл Фархат Шәріповтың «Қызғылт қоян туралы ертегісі» секілді бағыттағы фильм болса, басқаша талдар едік, алайда «Менің күнәлі періштем» ең алдымен романтикалық кино ғой…

    «Мені құртқан, көкшолаққа» салсақ, Теменов туындысының тартпаған жері дыбыстық монтаж болды. Кім біледі, егер актерлар дауысы сапалы шықса сценарийдегі шым-шытырық, ара-тұра белгі беріп қалған жасандылық білінбес пе еді?..

    Алайда, «классикалық қазақ киносына» тән күшеніп, сондай бір әдеби тілмен, мақалдатып-мәтелдетіп сөйлейтін актерлар, жасанды күлкі, шыққан дыбыстың кадрдағы фонға сәйкеспей қалуы сүйсінуден гөрі, секем тудырады екен.

    Бірақ, табиғылығы тапшы дыбыс кемшіліктері бар туындыда актерлар жаман жағынан көрінді деп айта алмаймын.

    Түсірілім жұмыстарына 10 күн қалғанда келген Құралай Анарбекова /Айша/ мен түсірілімнің үшінші күнінде келген Данияр Қанатқалиев /Азамат/ рөлдерін біршама жақсы алып шыққан деуге болады. Кастингсіз өткен екі актер ғашық адамдарды бере алды, белгілі бір сәттерде өзім сендім екеуінің ғашық екеніне. Тек Данияр Қанатқалиевтың бүкіл фильм бойы дерлік көзінің астынан, алайып қарап жүргеніне жағымсыз әсер тудырды.

    Банкир Бабаевичты ойнаған Мұрат Ахмановтың да ойынын жаман дей алмайсың. Актер бос кеуде, қуыс көкірек, қатігез, бірақ ынжық, алайда жүрегінің алыс түкпірінде адамшылығы бар адамның кейпін көрсете алды.

    Фильмнің ерекшеліктері ретінде саундтректерді атауға болады. Әсіресе, Айгүл Қосанова орындайтын «Ей, перизат» әнін атап өту қажет. Жеке өзіме «Күнәлі періште» сыйлаған романтикалық әсердің кем дегенде елу пайызын осы ән сыйлады. Сонымен қатар, Шабаның да өлеңдері жақсы әсер береді.

    Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджановалар бар қатарға енді Құралай Анарбекова да қосылды деп айтуға болатын шығар.

    Көрерменге шынайылық керек. Қазақстандықтардың бәрі арт-хауыстық сипатта құрыған ауылда арақ ішіп өмір сүрмейді («Ақсуат», «Қыз жылаған»), үлкені бар, кішісі бар – бәрі бірдей театрдағыдай күмбірлеп, қаз үніндей қаңқылдап, сөзін мақалымен майлап, мәтелімен суарып сөйлемейді («Жерұйық»).

    Жоғарыда айтылып қалған Шәріповтың «Қызғылт қоянының», Баян Есентаеваның «Ғашық жүрегінің», Ақан Сатаевтың «Рэкетирінің» де елдің көңіліне жағып, табысты болғандығы сол шынайылығында болса керек.

    P.S. Айтпақшы, «күнәлі» деген сөзді бұрын естімеген сияқтымын, қазақтар «күнәһар» дейтін сияқты еді.

    P.P.S. Жерар Депардье туралы жазған жоқпын, себебі, французды фильмның екі-үш жерінде ғана көресің, сәйкесінше, не жазарымды білмедім.