-
Димаш Зиядин ⚓
- Тіке сілтеме
- — 1 қыркүйек 2012
- Баға: 0/10
"Гарри Поттер және ажал сыйы: Екінші бөлім" - ақталмаған үміт
Сонымен, көзілдірікті сиқыршы туралы ұзын-сонар оқиға кітап бетінде де, экран бетінде де аяқталды (деп қояйық әзірге, әйтсе де кейбір сыпсың сөздер біздің заманның ең танымал кейіпкерінің бірі туралы жоба жалғасын тауып қалуы мүмкін дейді).
Голливудтың қазанын шайқап, қазысын кертіп жегендер әзірге Поттердің орнын басар, елдің есін алар кейіпкер таба алмай әлек, ал соңғы нүктені қойған фильм жайлы елдің пікірі екіге жарылып отыр.
Бесінші бөлімнен бастап соңғы үш кітапты экранға шығарған режиссер Дэвид Йейтсты жақтырмай қалғандар мен поттериананың таза фанаттарының пікірі бір болмай тұрған шақта, біздік ойға да біраз пайымдаулар жиналып қалыпты.
Шынын айту керек, киносы мен кітабы көңілге жағып жүрген бірден-бір шығарма осы Роулингтың еңбегі еді. Алайда, жетінші кітабын екі бөліп түсірген Йейтс әлденеше жылға созылған әсердің быт-шытын шығарды.
Жалпы, Гарри Поттер туралы кітаптар сериясының басты және бірегей ерекшелігі шығарманың қаһармандарымен бірге есейіп отыратындығында еді. Тыртықты бала өскен сайын кітап та мың сан құбылып, қарайып, салмақтанып, ауырлай береді. Басында жеңіл мағыналы, күліп қана оқитын бейкүнәлау туынды бара-бара көңілді баса түсетін, шым-шытырық, драма, триллер, романтика, комедия және фэнтези жанрларының қосындысына айналады. Бірақ, бұл – кітап. Ал, фильм...
Фильмды, әрине, жаман деуге келмейді. Бір қора адам ат салысқан, арнайы эффектілері сауатты жасалған туындыны жерден алып жерге салуға келмес. Оның үстіне, Минерва Мак-Гонагалл мен Северус Снеггтың бейнесіне тәнті мен үшін тіпті де жексұрын болмасы анық.
Алайда, өз басым жетінші кітаптан тапқан терең ойды фильмнен байқай алмадым.
Жалпы, түсіру тобы кітаптың мінезін ашамын деп, бәрін керісінше істеп алғанға ұқсайды. Себебі, қағаз бетінде еліктіріп әкететін әңгімелер экранда іш пыстырар қысыр сөз болып қалса, Роулингтың қаламынан шыққан шайқастар мен ақырғы, ақтық ұрыс Йейтстың еңбегінде тез-ақ аяқталып қалады. Үй күтуші эльфтар мен алыптардың ұрысын күтіп отырғаныңда бас жауыз Вольдеморт бүк түсіп жата кетеді де, өліп қалады.
Торығып, таусылып, тығылып жүрген Поттердің бейнесі де ашылмаған. Осы уақытта дейін Гарри, Гермиона, Ронның бейнесін сомдаушы басты үштікке қарсы айтылып жүрген сынға бұл жолы келіскендей болдым. Снеггтың рөлін әдемі аша білген Алан Рикманның жанында Рэдклифф те, Уотсон да, Грин де көзге қораш көрінеді екен. Тәжірибе кінәлі шығар бұл жерде...
Мен көрген кемшіліктер осы болды. Алайда, бұл олқылықтар осыған дейінгі жеті фильмнан алған әсерімді жоққа шығарды. Үлкен шығарманың финалы лайықты түрде үлкен экрандарға шығады деп ойлағам.
Осыған қарамастан, "Гарри Поттер және ажал сыйы: Екінші бөлім" - миллиард доллардан астам табыс тапқан жалғыз поттериан. Сірә, бұл адал фанаттардың берген қимастық белгісі шығар...