-
Димаш Зиядин ⚓
- Тіке сілтеме
- — 4 ақпан 2013
- Баға: 9/10
Қайғылы кезең туралы қияли фильм
Баяғыда, осыдан бес-алты жыл бұрын Тарантино құлдық кезеңді кеңінен ашып көрсететін спагетти-вестерн кино түсірсем деген ойын айтып, онысын американдықтардың сол уақыт бойынша әлдене деуге ұялатындықтарымен байланыстырғанында бірқатар киносыншылар іш жиып қалған екен.
Қайдам, меніңше, өзінің бала-армандарын экран бетінде жүзеге асырып жүрген "кішкентай" Квентин сол мақсатын 99 пайызға орындаған секілді.
Голливуд кино фестивалінің "Үздік сценарий", АҚШ киносыншылары ұлттық кеңесінің "Екінші пландағы үздік актер" (Леонардо Ди Каприо), "Жылдың үздік он фильмінінің қатарына кіру", "Алтын глобустың" "Үздік сценарий", "Екінші пландағы үздік актер" (Кристоф Вальц) секілді бірқатар байқау номинациялары бойынша жеңіске жеткен, толып жатқан бағыт бойынша үміткер болған және "Оскардың" біреу емес, екеу емес, бесеуінен дәметіп отырған "Азат етілген Джанго" туралы жүрдім-бардым әлдене деу қиын.
Тек Тарантино ғана фашизм, құлдық секілді ауыр тақырыптарды мысқылдай күліп, ішін сыртына айналдырып, көрерменге күлкі мен қайғы балансын сақтап ұсына алады.
Фильмнің сюжеті ескіден де ескі аңыз-әңгіме сипатында: құлдықтағы Джанго есімді жігітті "Дантист" Кинг Шульц оригиналды тәсілмен сатып алып, өзіне серік етеді. Бас бостандығынан айрылған әйелін құтқармақ болған Джанго Шульцтың көмегімен қара нәсілді құл атаулыға қырын қарайтын байшыкеш Кэлвин Кэндидің иелігіне барады.
"Азат етілген Джангоны" өз басым Тарантиноның аса сәтті туындысы деп қабылдай алмаймын. Бірақ, жалпы алып қарағанда жоғары бағаға лайық-ақ фильм. Оған ең бірінші кезекте актерлардың ойыны "кінәлі".
Джейми Фокс (Джанго) пен Керри Вашингтонның (әйелі - Брумхильда фон Шафт, ахаха, өлтіреді) шеберлігі өзге жастарына жетпей мэтр атанған актерлардың жанында солғын тартып қалғандай көрінеді. Дантист болған Кристоф Вальц та, аяр мінез Кэндиді керемет сомдаған Ди Каприо да, қаныңды қарайтып, жыныңа тиіп бітетін үй шаруашылығын басқарушы негр Квентин рөлінің "парша-паршасын" шығарған Самюэл Л. Джексон да экрандағы актерлік ойыннан ләззат алуға жағдайыңды жасап, жаныңды тындырып береді.
Бұған қосымша эпизодтық немесе екінші пландағы көзге сиректеу түсетін актерлардың колориттілігін қосыңыз.
Актерлік ойыннан бөлек "Азат етілген Джанго" менің есімде екі дүниесімен есте қалды, ол - костюмерлер жұмысы және композиторлары. Он тоғызыншы ғасырдың оқиғасына "Нига, нига" деген рэп апарып қосып қою қаншалықты қисынға келмейтін секілді болса да, Тарантино туындысына әдемі жарасып-ақ тұр.
"Биллді өлтірудегі" секілді "Азат етілген Джангода" да сіз оңды-солды лекілдей төгілген қанға "қарық боласыз". Оны тым жүрегіңізге жақын қабылдамауға кеңес беремін, бұл процесті шынайылықтан гөрі режиссердің өзіндік спецификасы бар әзілі деп түсінген дұрыс шығар.
"Тарантино коктейлі" қабылдауға әрі оңай, әрі қиын: бір қарағанда жекелеген элементар қалжыңдар мен кадрлардың дым мән-мағынасы жоқ болып көрінгенімен, жалпы фильмнің құрылымы тұңғиық терең ойға жетелеп кетуі мүмкін.
Бір нәрсе анық: "Азат етілген Джанго" осыған дейінгі режиссердің көп дүниесі секілді культтық туындыға айналары сөзсіз.