-
Жандос Байділда ⚓
- Тіке сілтеме
- — 11 қазан 2013
- Баға: 7/10
Жақсыны бөлісу керек.
Сенбі күні «Великий Гэтсби» фильмін көріп қайттым. Сол фильмнің әсері болар, маған «Бавария-Д.Боруссия» финалы түк те әсер етпей қойды. Қайтейін енді, анадай фильм көргендіктен...3D форматында тек экшен немесе боевик түсіруге болатын шығар деп ойлайтынмын. Жоқ, драма түсіруге де болады екен. Визуалды эффектілеріне сөз жоқ. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы фонтандар, фейерверктер әдемі әрі әсерлі. Әсерлілігі сонша, кино ішіндегі сауық-кешке кіріп кетіп, бір ойран-асыр салып шыққың келеді. Декорация – мінсіз. Фильмдегі музыкалар да қатты ұнады. 20-жылдардың басындағы оқиғаға джаз бен рэпті (Jay Z) әдемі үйлестірген. Лана Дэл Рейдің орындауындағы ән тіпті керемет (Young and beautiful).
Оқиға желісі 1922 жылды қамтиды. Фильмді қарап отырып, Эмпайр Стейт Билдинг ғимаратының 1930 жылдан бастап салына бастағанын, Гэтсби мінетін Duesenberg Model J көлігі 1929 жылы шығарылғанын ұмытып та кетесіз. «Қыз-Жібек» киносындағы Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» секілді уақыт алшақтығына қарамастан киноға көрік беріп, жандандырып тұр. Фильмнен режиссер Баз Лурманның қолтаңбасын анық көресіз. Ол түсірген «Ромео + Джульетта», «Мулен Руж!», «Австралия» фильмдеріндегідей сұлулық мұнда да бар.
Актерлерге келсек, Ди Каприо сөзсіз мықты. Тоби Магуайр қуантты, бірақ әлі сол Питер Паркердің (Человек паук) образын елестететін тұстары бар. Қалған актерлер де өз деңгейінде ойнап шыққан. Фильмнің өз сөзімен айтсақ, «Они ничтожества. Вы один стоите их всех» деп Никтің (Тоби Магуайр) Гэтсбиге (Ди Каприо) айтқанындай, Ди Каприоның шеберлігі қалған рөл иелерін көлеңкеде қалдырады. Айтпақшы, фильмнен Болливудтың аңызы Амитабх Баччанды да кездестіресіз. Голливудтан Болливудтың актерін бірінші рет көріп отырған жоқпыз, соңы да емес.
Фильмнің соңына дейін «Гэтсби деген шын мәнінде кім өзі? Ұлы болатындай не тындырған?» деген ойдың жетегінде боласыз. Шынымды айтсам, оның не үшін ұлы екендігін әлі ойлаумен келем. Өзін Құдайдың ұлы деп есептеп, тақыр кедей әке-шешесін мойындамай, заңсыз саудамен айналысып, күллі Нью-Йорк элитасына сауық-кеш ұйымдастырып, газеттің алғашқы бетінен түспейтін, бір алтынбасты әйел үшін сонша байлық жиған Гэтсбиде нендей ұлылық бар?! Әлде оның махаббатқа адал, риясыз, кіршіксіз таза өткен күндерді қайтаруға тырысқан әрекеті ме? Не болмаса, осы қыздың ернінен сүйсем, өмір бойы сонымен қол ұстасып өтемін деген серті ме? Махаббатқа адалдық адамды қалған күнәларынан ақтап ала ала ма? Мұны білгіңіз келсе, фильмді қарап шығуыңызға тура келеді. Фильмде бастан аяқ сұқтанып қараған көзді көрсетеді де қояды. Онысын фильмде «Эти глаза смотрят на всё сверху, словно глаза Бога» деп тәпсірлейді. Ішім-жемді, қызықты, қыдырысты, арзан күлкіні, уақытша рахатты армандайтын жеңілтек элитаға қаратып айтып отыр. Сізді қайдам, мен бұл фильмнен эстетикалық ләззат алып қайттым. Қалғаны маңызды емес...