• Біздің парақшалар:

Елестің жетегінде кеткендер

Әрине, көпшілігіңіз бұл мультфильмді көрген болуыңыз мүмкін, дегенмен қайталап көрудің еш артықшылығы болмайтын секілді. Өйткені, картина режиссері Хаяо Миядзакидің жұмысымен таныс киносыншылар, оның қолынан шыққан туындыларды бірнеше рет қайталап көруді ұсынады. Сонда ғана жапондық қоюшының айтқысы келген ойы мен көрсеткісі келген сюжетін ұға түсеміз.

Жаңа ғасырдың басында шыққан бұл жапондық мультфильм әлемдік кинонарыққа, соның ішінде АҚШ-қа шықпай тұрып-ақ өз елінде, яғни ішкі прокаттан 200 миллион доллар табыс тапқан алғашқы кино өнімі екен. Аталмыш туынды Ресей прокатына 2002 жылы «Унесённые призраками» (Елестің жетегінде кеткендер) деген атаумен шықты.

Қысқаша: Кішкентай Тихиро ата-анасымен бірге жаңа үйге көшеді. Жолшыбай жаңа үйлеріне келе жатып, олар адасып кетеді. Отбасы адасып жүріп біртүрлі қалашыққа тап болады. Көп бөлігін мейрамханалар мен асханалар алып жатқан қалада ешкім кездеспейді. Бұлар шыққан тамақтың иісіне ере отырып, пісіп тұрған түрлі тағамға толы мейрамғана тап болады. Әкесі мен шешесі асхана иесін күтпестен, тамақты жей бастайды. Оқиғаның бәрі осы жерден басталады. Ата-анасы шошқаға айналып, зұлым сиқыршы Юбабаның тұтқынына айналады.

Айтып отырған қалашық қараңғы түсе түрлі жын-перілер, рух-елестер жиналатын мекен екен. Сиқырлы әлемге тап болған қыз ата-анасын сиқыршы кемпірдің тұтқынынан қайтарып, оларды қайтадан адам етудің амалын ойлап табуға бел байлайды.

Жалпы фильмнің сапа жағына келетін болсақ: суреттердің бояуы қанық, кейіпкерлердің іс-қимылдары барынша шынайы, кейіпкерлердің типаждары қайталанбас ерекшелікпен жасалған, яғни бір көрген кейіпкеріңді екінші көрген сәтіңде ешкіммен шатастырмайтындай айрықша. Оқиғалары барынша түсінікті, логикалық кезектілік бар. Сюжеттік желісі кішкентай көрермендер үшін аздап күрделірек болатын секілді, сондықтан ересектердің фильм барысын түсіндіріп отыруына кеңес береміз.

Дегенмен, ең үздік анимэ туындылардың бірі десек - артық айтқандық болмас.

Фильм жайында

Атауы: түпнұсқадан аударғанда - «Сэн және Тихироның құпия жоғалуы» («Унесённые призраками»)

Елі, жылы: Жапония; 2001

Жанры: фэнтези, анимэ, мультфильм, қызық оқиғалы, отбасылық

Ұзақтығы: 125 минут

Режиссер: Хаяо Миядзаки

Рөлдерде (дыбыстағандар): Руми Хираги, Мийу Ирино, Мари Нацуки, Такаши Найто, Ясуко Савагучи, Тацуя Гасюин, Рюноскэ Камики, Юми Тамаи, Ё Ойзуми, Коба Хаяси, т.б.

Пікірлер