• Біздің парақшалар:

"Ақыл-ес кемістігі" арқылы жетістікке жеткен фильмдер мен актерлер

Актер ретінде әдеттегі рөлдерде ойнау бір бөлек те, психологиялық ауытқушылығы бар адамды сомдау мүлдем бөлек деңгей. Егер мақсатың көрерменді күлдірту болса, бет-аузыңды қисайтып, мүкіс сөйлеп арзан күлкімен-ақ оңай құтылуға болады. Ал белгілі бір мәселені қозғап, кемтар адамның көзімен әлемді көрсету, қарапайым адам байқай бермейтін түйткілдерді ойлау қабілеті төмен кейіпкер арқылы жеткізе білу – актерден аса дарындылық пен шеберлікті қажет етеді. Бүгін осындай рөлдері арқылы құрметке ие болған актерлер мен фильмдер жайында сөз қозғаймыз.

«Форрест Гамп» («Forrest Gump»)

1994 жылы шыққан Роберт Земекистің осы туындысы әлі күнге дейін әлемнің үздік кинотуындыларының қатарында. Сюжетте ақылы кемдеу Форрест Гамп есімді кейіпкердің өмірі баяндалады. Фильм барысында ол Американың тарихында ХХ ғасырдың екінші жартысында орын алған маңызды оқиғалардың бәріне қатыса жүріп, АҚШ қоғамдық мәдениетіне өз еркінен тыс ықпал етеді. Бір қызығы кейіпкер өз елінің ұлы оқиғаларының арасында жүргенін де сезінбейді. Драма мен комедия жанрларын шебер ұштастыра алған осы бір тамаша туынды түрлі деңгейдегі 38 награданың иегері, соның ішінде «Оскар» сыйлығымен 6 рет марапатталды.  Актер Том Хэнкс осы фильмдегі басты рөлінен кейін ұлт қаһарманы атанды.

«Жаңбыр адамы» («Человек дождя»; «Rain Man»)

Сюжеті аутизммен ауыратын Рэймонд деген кейіпкер мен оның өмір қиындығын көрмей өскен інісі Чарльз төңірегінде өрбиді. Басты рөлдерде - Дастин Хоффман мен Том Круз. Хоффманның аутизмен ауыратын адамның бейнесін шебер сомдауы арқылы фильм үлкен танымалдылыққа ие болды. Актердің өзі дәл осы рөлі үшін «Оскар» мен «Алтын глобус» жүлделерін иемденді.

«МенСэммін» («ЯСэм»; «I Am Sam»)

Джесси Нельсонның 2001 жылы шыққан фильмінде ақыл деңгейі кішкентай баламен бірдей Сэм есімді ер адам жайында. Кемтар екенін білген билік одан 7 жасар қызын тартып алмақ болады. Түйсігі тар болса да, әкелік махаббатын еш жоғалтпаған Сэм сәбиін бөтеннің қолына бермеу үшін таласады. Шон Пенн фильмдегі Сэм рөлі үшін «Оскарға» ие болып, көпшіліктің көзайымына айналды.

«Менің атым Кхан» («Меня зовут Кхан»; «My Name Is Khan»)

Жоғарыда аталғандай аса жауапты әрі ауыр рөлдерді орындау тек Голливуд актерлерінің ғана қолынан келеді деп ойдасаңызқателесесіз. 2010 жылы шыққан Каран Джохардың фильмі үнді кинематографиясына деген стереотиптердің тас-талқанын шығарды. Фильмде 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркта орын алған лаңкестік оқиғаға қатысты мәселелер көтеріледі. Үндістанның Кхан есімді мұсылманы осы оқиғадан кейін, Аспергер Синдромына (ақыл-ойдың жетілмей қалуы) шалдыққан кемістігіне қарамастан, Америкаға сапар шегеді. Оның бар мақсаты қоғамның мұсылмандарға деген теріс көзқарасын өзгертіп, АҚШ президентімен кездесу.

Өмір үшін талас, қоғамдағы өз орнын айқындау, қайсарлық пен өмірге құштарлықбүгінгі аталған фильмдердің өзекті тақырыбы. Бұндай фильмдер дені сау бола тұра, енжарлық өмір кешіп, ғұмырын босқа өткізетін кейбір адамдарға сабақ болары анық. Сонымен қатар, өзінің кемтарлығының кесірінен қоғамнан оқшаулануға мәжбүр психологиялық дамуы төмен жандарға дем беріп, өмірге құштарлықтарын оятуы тиіс.

P.S. Бір материал аясында тақырыпқа сай келетін фильмдердің бәріне тоқталу мүмкін емес. Сол себепті, бүгінгі әңгімемізге сәйкес келетін фильмдердің ең елеулі дегендерін назарларыңызға ұсынамыз:

1. «Меркурий таңы» («Меркурий в опасности»; «Mercury Rising») – 1998 ж.

2. «Бен Икс» («Ben X») – 2007 ж.

3. «Қара шар» («Чёрный шар»; «The Black Balloon») – 2008 ж.

4. «Қараңғы қабат» («Темный этаж»; «Dark Floors») – 2008 ж.

5. «Адам» («Adam») – 2009 ж.

Пікірлер