• Біздің парақшалар:

Өз қиялына сену немесе шизофрения фильмдер

Кинода адам жан-дүниесінің тылсым тұстарын ашатын, психологиялық дерттің түрлерін көрсететін фильмдер толқыны қарқын алып келе жатыр. Бұндай туындыларға көрермен қуана-қуана барып, сеанстан үлкен әсермен шығады. Өйткені ондай фильмдерде қорқыныш та, ауыр эмоционалдық сәттер де кездеседі және фильм финалы күтпеген нәтижелерге әкеліп жатады. Көрерменді экшн пен компьютерлік графиканың озық үлгілерімен аса таңғалдыра қоймайтын заманда, адамның психологиясына арналған кинотуындылар кино өндірушілер тарапынан жасалған сәтті амал болды. Бұндай фильмдер сәйкесінше психологиялық триллер жанрына еніп кетеді. Бірақ оларға бөлек жанр арнасақ та артық емес секілді.

Бүгін психологиялық ауытқушылықтарға арналған кино түрлеріне тоқталамыз. Бұндай фильмдерде үлкен бір ұқсастық пен ортақ мәселе бар: әдетте басты кейіпкер шизофрения немесе тұлғаның қосарлануы (раздвоение личности) дертіне шалдыққан болып шығады. Бастапқыда сөйлесіп жүрген адамы ойдан құралған фантазия, ал түрлі құбылыстар өзінің басында ғана болған елестің салдары болады. Аталған дерттердің ғылыми дәлелденген психологиялық ауытқушылық екенін ескерсек, фильмге одан сайын шынайылық беріп, көрерменін баурай алады. Сонымен, осы тектес туындыларға тоқталсақ.

"Төбелес клубы" ("Бойцовский клуб", "Fight Club")

Дэвид Финчердің 1999 жылы шыққан фильмі. Басты рөлдерде Эдвард Нортон мен Брэд Питт ойнайды. Сюжет бойынша, өмірінен сұрық кеткен кейіпкер бірде Тайлер есімді сабын сатушымен танысады. Бардағы ұзақ әңгімелесуден кейін олар күтпеген жерден бір-бірін ұра бастайды. Бір қызығы төбелес ашу-ызаның орнына ерекше жақсы сезімдер сыйлайды. Екеудің бұндай әрекеті төңіректегі өзге еркектердің де назарын аударады. Көп кешікпей екі дос бүкіл елге таралған төбелес клубтарының негізін қалаушы болады. Бірақ басты кейіпкер бұның бәрі бір өзінің ғана фантазиясы екенін білмеген еді. Ешқандай Тайлер деген адам жоқ болып шығады.

Аталған туынды IMDB кинопорталының нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 20 фильмнің қатарына кіреді.

"Ғажайып ақыл" ("Игры разума", "A Beautiful Mind")

Фильм атақты математик, Нобель сыйлығының иегері Джон Нэштің өмірбаяны жайында. Ғалымның шизофрениямен күресі сюжетке арқау болған. Асқынған психологиялық дертімен күресе жүріп, Джон Нэш теңдесі жоқ жаңалық ашады. Уақыт өте келе, көзіне көрінетін елестерді елемеуді де үйренеді. Басты рөлде Рассел Кроу ойнады. 2001 жылы шыққан фильмді Рон Ховард түсірді.

"Қарғыс аралы" («Остров проклятых»; «Shutter Island»)

Мартин Скорсезе мен Леонардо Ди Каприоның тандемі бүгінгі тақырыптың тамаша үлгісі болуға лайық туындыны дүниеге әкелді. Фильмдегі оқиға психологиялық дертке шалдыққандарды ұстайтын аурухана орналасқан аралда өтеді. Өзін сот орындаушысы деп сезінген кейіпкер (Леонардо Ди Каприо) бұның бәрі алдамшы екенін кеш біледі. Әсерлі финал ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

"Қиял үйі" ("Дом грёз", "Dream House")

Джим Шериданның 2011 жылы шыққан осы фильмі де адам психологиясының түйткілдерін баяндайды. Сюжет отбасымен жаңа үйге көшіп келген жазушы (Дэниел Крэйг) туралы. Басында бақытты көрінген отбасы басты кейіпкердің жай ғана қиялы болып шығатыны көрерменді таңғалдырары сөзсіз. Әйелі мен екі қызы кісі қолынан әлдеқашан қаза тапқан екен, бұл отағасына үлкен психологиялық соққы әкеледі.

"Адасушы" ("Заблудившийся")

Ақан Сатаевтың 2009 жылғы киножобасы да адам фантазиясының шексіздігін паш етеді. Бір түнде әйелі мен ұлын жоғалтқан кейіпкер, бұл оқиғаға себепті өзінен емес өзгеден іздейді. Өзі істеген қылмыстан кейін, ар-ұятынан құтылу үшін өзі оқиғаның басқа нұсқасын қиялымен ойлап табады және өзі ойлап тапқан қиялына өзі сеніп қалады. Бірақ әр нәрсенің құны бар емес пе, кейіпкер де тағдыр сотынан құтыла алмайды.

Бұл тізім осымен бітпейді. Тұлғаның қосарлануы мен өз қиялына сеніп қалу тақырыбына арналған фильмдер ондап саналады. Жоғарыда аталғандардан бөлек Джонни Депп түскен "Құпия терезе" ("Тайное окно"; "Secret Window"), Роберт Де Ниро ойнаған "Жасыру және іздеу" ("Игра в прятки"; "Hide and Seek"), еуропалық "Саңырауқұлақтар" ("Грибы"; "Shrooms") секілді кинотуындыларды осы санатқа қосуға болады.

Сюжеттік құрылымы жағынан бұл фильмдер бір-біріне сәйкес болса да, бәрібір әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан да шығар көрермен қалай аяқталарын тұспалдап отырса да, бұндай киноның көрілу деңгейі әлі де түсе қойған жоқ.

Пікірлер