• Біздің парақшалар:

Отбасылық кино: "Қиял қайда апарады?"

"Қиял қайда апарады?" (What Dreams May Come) Винсент Уордтың 1998 жылы шыққан фильмі. Басты рөлдерде: Робин Уильямс, кіші Кьюба Гудинг, Аннабелла Шиорра, Макс фон Сюдов, Джессика Брукс Грант, Джош Пэддок, Розалинд Чао, Люсинда Дженни, Мэгги МакКарти, Уильма Бонет.

Суреттемесі: Крис Нилсен авто апаттан қайтыс болғаннан кейін, оның мәңгі өмірге ие болған рухы жан жары Эннидің жанында қалғысы келеді. Оның серігі ретінде қасында пайда болған жаңа рухтың көмегімен жұмаққа ұқсас әлемдегі жаңа өміріне үйрене бастайды. Бірақ оның жалғыз қалған әйелі құсалықтан өзіне қол салып, тәңірдің қарғысына ұшырайды. Оны мәңгіге тозаққа айдайды. Крис бар күшін салып, жарын таппақ болады, алайда күнәлі жанды жазадан құтқаруғаәлі ешкімнің қолынан келмеген. Жоғарыдағы достарының көмегімен Крис өзінің өміріндегі, дәлірек айтқанда о дүниелік өміріндегі ең қауіпті де қатерлі сапарға аттанады.

Фильм Ричард Мэтисонның аттас кітабы бойынша түсірілген. Аталған жазушы фильмнің сценариін жазуға да атсалысты.

Фэнтези, драма, мелодрама элементтері араласқан туынды шынайы махаббаттың, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастың егжей-тегжейін анық көрсетуге тырысқан. Күйеуінен айырылған әйелдің қиналысы, о дүниелік болғанына сенгісі келмейтін, шынайы өмірге бар жан-тәнімен оралғысы келетін адамның әрекеттері, олардың эмоциялары барынша шеберлікпен беріледі.

Адам баласы өлгеннен кейін ғана өткен ісіне есеп жасап, сараптай бастайды. Қалай дегенмен де, фильмнің көрсеткен дүниелері осындай қорытындығы әкелді. Егер фильмдегідей өрбитін болса, әрине бізді о дүниелік өміріміздің алғашқы күндері қайғырумен өтер еді. Өйткені, істеген жақсылығымыздан гөрі, теріс әрекеттеріміз, тіпті болмаса жақындарымыздың көңілін қалдырған сәттеріміз ойымызға өкініш болып оралары анық. Бірақ, уақытты кері қайтару мүмкін емес. Бар қолыңнан келер нәрсе, рухыңды "тазарту" және бұ дүниедегі қымбат адамдарыңа жақсылық тілеу.

Робин Ульямс жалпы осындай пәлсапалық, ой саларлық мағынадағы рөлдерді тамаша сомдауымен ерекше ғой. Аталған фильм де оның жарқын рөлдерінің бірі. Әрине, динамикаға үйренген кейбір көрермен үшін фильм созылыңқы, кейбір сәттері ауыр болуы мүмкін. Дегенмен, соңын күтуге кеңес береміз.

"Қиял қайда апарады?" фильмі "Визуалды эффектілері" мен "Декорациялары" үшін Оскар жүлдесіне ие болған.

Пікірлер