• Біздің парақшалар:

2014 жылы шыққан Қазақстан фильмдері

Қазақстан кинематографшылары 2014 жылы 15 шақты фильмді прокатқа шығарыпты. Бұл тізімге өзге елдермен бірігіп түсірген картиналарды қосқан жоқпыз. Тек қана отандық, тек қана өзіміздікі.

Қазақстан фильмдер легін биыл "Қазақфильм" студиясы бастап беріпті. "Елес қуған сайыпқыран"("Охота за призраком") фантастикалық боевигі 30 қаңтарда жарық көрді. Бюджеті 4 миллион доллар деп жарияланған жобаның амбициясы зор еді: Санжар МәдиевӘсел Сағатова секілді отандық актерлермен қатар Никита ПресняковАрманд АссантеКристанна Локен секілді шетелдік жұлдыздар да қатысты. Оның прокаттағы жетістігі туралы ештеңе жазылмады, бірақ қомақты касса жинады деп айту қиын.

Тәуелсіз режиссерлер Самат Базыханов пен Еркебұлан Жолдасов түсірген "Фуга. Дорога в никуда" мистикалық триллері біздің кино үшін жанр сонылығымен көп нәрседен үміт күттіріп еді. Алайда Әсел Сәдуақасова мен Рано Омарова секілді әншілердің қатысуымен 20 ақпанда шыққан картина прокатта көп тұрақтай алмады.

"Осторожно, корова!" комедиясын көпшілік асыға күтті. Өйткені бұл халықтың сүйіктісі - Баян Есентаеваның өнімі, өйткені бұнда Баян Есентаева ойнайды. Асқар Ұзабаев режиссер болған фильм 6 наурызда шықты. Басым көпшілік кинокартинаны жылы қабылдаған тәрізді.

20 наурызда шыққан Ермек Тұрсыновтың "Кемпір" драмасы да көпшіліктің сүйіктісіне, тіпті классикаға айналуы тиіс еді. Бірақ отандық рецензенттер картинаның шалалығын алға тартып, сынға алды. Тұрсыновтың "Кемпірі" осыған дейінгі "Шалдың" жетістігін қайталай алмады. Өкінішті.

Тағы бір тәуелсіз режиссер Еркін Рақышев желідегі қылмыс туралы "М-Агент" хоррорын 3 сәуірде көпшілікке ұсынды. Бар дерек осы ғана, фильмнің одан кейінгі тағдыры белгісіз. 

"История одной старушкидрамасы табыс жинаудан гөрі, көрерменге ой салуды, белгілі бір эстетикалық мағына беруді мақсат еткен картина еді. Белгілі театр әртісі Лия Нэльскаяның ең соңғы рөлі екен. Фильм 10 сәуірде жарық көрді.

10 шілде күні Салтанат Мурзалинова-Яковлеваның "Фейк: Береги себя" мелодрамасы прокатқа шықты. Фильмде Интернет арқылы танысып, ешкімге жауапкершілік артпайтын жеңіл қарым-қатынас құрмақ болған екі жас туралы айтылады. 

25 қыркүйекте Махмуд Туйчиевтің "Сговор" қылмыстық драмасы жарық көрді. 

Басты рөлде Ерболат Тоғызақов ойнаған "Тропинка к облакам" драмасы 16 қазанда шықты. Фильм көрерменге жеткенше бірнеше рет режиссер ауыстырып, түсірілімі бірнеше жылға созылыпты. 

Ал 30 қазанда ерекше картина жарық көрді. "Быть или не быть?" деп аталатын әлеуметтік драма Гамлетті сомдауды армандайтын мүгедек жасөспірім туралы. Кейіпкердің рөліндегі актер де өмірде шынымен кемтар екен. Бұл - мүгедек жандардың мәселелеріне қоғам назарын аудартуға бағытталған картина.

6 қарашада шыққан Қайыржан Орынбековтың "Қазақша тонауы" ("Ограбление по-казахски") былтырдан бері айтылып жүрген, Қазақстан киносы үшін ірі жобалардың бірі еді. 2 миллион долларға түсірілген қылмыстық комедия отандық жұлдыздардың бірқатарын жинады. Дәл осы материалды жазу кезінде фильм 13 миллион теңгедан астам пайда түсіріпті. Прокатта әлі жүріп жатыр. 

"Заговор Оберона" - "Қазақфильм" ұсынған боевик. Фильм әлі прокатта жүріп жатыр.

"KZландия" ситкомы арқылы көпшілікке жақсы таныс Сабина келін өз әлемін кеңейтіп, толықметраж болып жарыққа шықты. Режиссері де, сценаристі де, продюсері де, басты рөлді сомдаушы да Нұртас Адамбаев болған "Келинка Сабина" кассаны "жарған" биылғы бірден-бір отандық жоба. Комедия алғашқы уикендте-ақ 112 миллион теңге тауып, өз бюджетінен екі есе артық табыс тауып үлгеріпті. Фильм әлі прокатта жүріп жатыр.

Жылды "Елбасы жолы" киноэпопеясына кіретін фильмдердің төртінші бөлімі - "Тығырықтан жол тапқан" байопигі қорытындылайды. Президент өміріне арналған картина 4 желтоқсаннан бастап кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Соңғы деректер бойынша картина 2 миллион теңгеге жуық табыс тауып үлгерген.

Бұлардан бөлек, талай фестивальдардан жүлде алып келген "Нағима", "Үкілі кәмшат" секілді авторлық картиналар кең прокатта көрсетілмегенімен, арнайы көрсетілімдер мен шектеулі прокат шеңберінде жарық көрді.

Биыл прокатқа шыққан отандық фильмдер легі осындай. Былтыр 15 шақты картина жарық көрген болса, биылғы көрсеткіш те сол шамалас. Тамызда "Қазақфильм" президенті болған Ермек Аманшаев мемлекет басшысымен кездесуінде, 2014 жылы 8 фильмді прокатқа шығаруды жоспарлап отырғанан айтқан болатын. Жоспарлары іске аспады - бар болғаны 3 картина көрсетілді. 

 

Келер жылы көрер отандық өнімдеріміз көбейсін деген тілекпен,

Ернар Бекенов.

Пікірлер