• Біздің парақшалар:

2014 жылдың ең қымбат фильмдері

Назарларыңызға 2014 жылдың ең қымбат фильмдерін ұсынамыз және олардың бюджеттерінің қомақты болу себебін түсіндіріп беруге тырысамыз.

"Интерстеллар", 165 млн доллар.

Жоба 2006 жылдан бастап қолға алынған еді. Алғашқыда режиссер ретінде Стивен Спилберг бекітілген болатын, кейін оның орнына Кристофер Нолан келді. Фильм Кип Торнның уақыт пен кеңістік туралы еңбектеріне негізделген. Кинода ғарыштағы құбылыстарды барынша шынайы көрсету үшін физика заңдары мен теорияларын дәл бейнелейтін арнайы компьютерлік бағдарлама жасалған. Фильм техникалық тұрғыдан өте күрделі процестерден өткізілді және визуал эффектілеріне де көп мән берілді.

"6 қаһарман", 165 млн доллар.

Анимациялық картина Marvel-дің "Big Hero 6" комиксіне негізделген. Мультфильмдегі кейіпкерлердің қимыл-әрекеттері барынша шынайы болуы үшін түсірілімге дейін робот техникасы саласында көптеген дайындық жұмыстар атқарылды. Ол үшін тіпті ғалымдар да тартылып, түрлі сынақтар жасалған. Анимацияны жасау кезінде детальдарға (кейіпкерлердің бет қимылдары мен жүріп-тұруы, қала архитектурасы, т.б.) көп көңіл бөлінді. Суреттер үлкен өңдеу процестерінен өткен.

"Капитан Америка: Қысқы жауынгер", 170 млн доллар.

"Кек алушылар" сериясына кіретін, Капитан Америкаға арналған екінші бөлек фильм. Суперқаһармандар туралы жобалардың ешқайсысы арзанға шыққан емес. Монтаж кезінде компьютерлік графика ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жолы фильмге арнайы эффектілер жасауға 5 студия атсалысқан екен.

"Маймылдар ғаламшарының таңы", 170 млн доллар.

Бірінші "Көтерілістің" жетістігі авторларға франшизаны өрбітуге ерекше шабыт берген секілді. Екінші фильмге жаңа кейіпкерлер келді, оқиғалары да пәлсапалық мәнге көбірек ие бола түсті. Маймылдар образына да көп мән берілгені байқалады, біз жаңа есімдермен таныс болдық. Сәйкесінше оларды сомдау үшін "motion capture" технологиясы максималды түрде пайдаланылған болуы керек. Фильмді әрлей түсу үшін компьютерлік графиканың барынша жоғары деңгейде қолданылуы да маңызды.

"Галактика сақшылары", 170 млн доллар.

Marvel-дің болашағынан көп үміт күттіретін жаңа франшизаларының бірі. Суперқаһармандар туралы фильмге бірінші санаттағы жұлдыздар шақыртылды. Сюжеттегі оқиғалар Жерден тыс әлемдерде өрбиді, сәйкесінше оларды бейнелеу үшін аз күш жұмсалмағаны анық. Жобаның келешегі де зор - Галактика сақшылар командасын Кек алушылар құрамына қосу жоспарланған. 

"Болашақтың шегі", 178 млн доллар.

Том Круздың қатысуымен шыққан фантастикалық боевик. Жоба 2012 жылдан бастап айтыла бастады. Бұл жерде көп шығынды қажет еткен түсірілу алаңдары мен реквизиттер тәрізді. Оқиға болашақта өтетін болғандықтан, жетілдірілген экзоқаңқалар мен соғыс қарулары дайындалған. Фильм үшін 47 түсіру алаңы тұрғызылыпты, қолдан жағажай жасалып, ол үшін 1300 тонна құм әкелінген.

"Малефисента", 180 млн. доллар.

Басты рөлде Анджелина Джоли ойнаған Disney ертегісі. Фильмнің өндірісі кезінде киімдер мен гримге ерекше көңіл бөлінген екен. Жоба үшін 2000 дана костюм тігілген. Бірақ бюджеттің бәрі реквизиттерге кетті дегенді білдірмейді. Шығынның көп болуына фильмнің өз елінде емес, Англия павильондарында өтуі де себеп болған тәрізді.

"Х-адамдар: Өткен болашақтың күндері", 200 млн. доллар.

"Х-адамдар" әлемінің кезекті бөлімі. Зор шығынды қымбат графикалық безендірумен, жобаның ауқымдылығымен, жұлдыздарға толы актерлік құраммен түсіндіруге болады. 

"Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат", 200 млн доллар.

Бұл да Marvel-дің жобасы. Бұндай фильмдерге күрделі арнайы эффектілер жасалады. Оның үстіне келешекте Өрмекші-адам әлемін дамыту жоспары бар. Сондықтан бұл 200 миллион болашаққа салынған инвестиция деп қарастырған дұрыс шығар.

"Трансформерлер: Қырғын дәуірі", 210 млн доллар. 

Трансформерлер туралы жаңа фильмдер сериясының алғашқы бөлімі. Фильм толығымен IMAX 3D камераға түсірілді. Әрине бұл жерде компьютерлік графика мен арнайы эффектілерге, роботтарды бейнелеуге көп шығын жұмсалған болуы керек.

 

Ернар Бекенов

Пікірлер