• Біздің парақшалар:

Мокбастер фильмдер

Бір атақты блокбастермен ұқсас шыққан атауына және сюжетіне алданып, арзанқол фильм 
көрген кезіңіз болды ма? Егер көрген болсаңыз – сіз мокбастер жасаушылардың «құрбанына» 
айналдыңыз.

Мокбастер – танымал бір фильмге ұқсастырылып түсірілген аз бюджетті кинотуынды. Мокбастер – ағылшынның «mock» – «жалған», «жасанды» деген сөзінен шыққан, немесе нокофф (knockoff, knockbuster) деген атауы да кездеседі.

Әдетте мокбастерлер бірден DVD басылыммен немесе видео түрінде шығады да, түпнұсқаның премьерасы қарсаңында жарияланады. Атауы мен постері де жарнамаланып жатқан блокбастердікіне ұқсас болып, өзгенің жарнама кампаниясын тиімді пайдаланып кетеді. Сол себепті кейбір көрермендер нағыз фильммен шатастырып, төменгі сорттағы картинаны көруі мүмкін.

Мысал ретінде атақты фильмдерге орай түсірілген мокбастерлердің бірнешеуін ұсынамыз:

Түпнұсқа: «Эмили Роуздың экзорцизмі» («The Exorcism of Emily Rose»)

Мокбастер: «Экзорцизм: Гейл Боуэрстің есі ауысуы» («Exorcism: The Possession of Gail Bowers»)

Түпнұсқа: «Кинг Конг» («King Kong»)

Мокбастер: «Жоғалған әлемнің патшасы» («King of the Lost World»)

Түпнұсқа: «Терминатор: Құтқару» («Terminator Salvation»)

Мокбастер: «Терминаторлар» («The Terminators»)

Әдетте бұндай фильмдерге аса танымал емес актерлер қатысады. Бірақ әлемдік жұлдыздар да ойнап жататын жағдайлар кездеседі. Мысалы, «Мен – аңызбын» («I Am Legend») фильмі бойынша түсірілген «Мен - Омега» («I Am Omega») деген жалған картинада Марк Дакаскос басты рөлді орындады. Ол әріптесі Уилл Смит сомдаған кейіпкерді мокбастерде қайталап ойнап шықты.

Тағы бір мысал: атақты «Титаниктің» беделін өз игілігіне пайдаланып кетпек болған «Титаник 2» («Titanic II») атты картина 2010 жылы жарық көрген еді. Оның түпнұсқамен ешқандай байланысы жоқ еді, бірақ көрермендің бірқатары алданып та үлгерді. Осы псевдо-фильмде Американың сериалдары арқылы танымал, «Алтын глобус» жүлдесінің иегері Брюс Дэвисон негізгі рөлдердің бірін сомдады.

Бұлардан бөлек, «Юра дәуірінің бағы» («Jurassic Park»), «Темір адам» («Iron Man»), «Қара батыр» («The Dark Knight»), «Кек алушылар» («The Avengers»), «Да Винчи коды» («The Da Vinci Code»), «Кариб теңізінің қарақшылары» («Pirates of the Caribbean»), «Трансформерлер» («Transformers»), «2012», «Шерлок Холмс» («Sherlock Holmes»), «Тор» («Thor»), «Тынық мұхиты шебі» («Pacific Rim») секілді хит фильмдерге мокбастерлер түсірілгені белгілі.

Біреудің пайдасына ортақтасқысы келген осындай картиналарды жасаумен көбінесе «The Asylum», «Vídeo Brinquedo» секілді кинокомпаниялар айналысады. Сондықтан бұндай сапасыз өнімдерге тап болмау үшін, фильм таңдау кезінде мұқабада көрсетілген компания аттары мен туындының атауына мән бере жүріңіз.

 

Ернар Бекенов

Пікірлер