• Біздің парақшалар:

Қазақстанда тыйым салынған фильмдер

Шетелден Қазақстанға әкелінетін фильмдер ешқандай сүзгіден өтпей, тексерусіз көрсетіледі деп
ойлайтын шығарсыз? Іс жүзінде прокатқа шығатын кинотуындыларға қатысты қойылатын талаптар 
бар және түрлі жас ерекшеліктеріне қатысты олар жіктеліп таратылады.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Мәдениет комитеті елімізде өндірілген немесе өзге елдерден әкелінген кинотуындыларды сараптап, оларға прокаттық куәлік берумен айналысады.

Сондай-ақ еліміздің имиджіне нұқсан келтіретін немесе басқа бір себептерге байланысты картиналардың көрсетіліміне де рұқсет етілмеуі мүмкін. Бүгін сондай фильмдерге тоқталсақ. Сонымен Қазақстанда прокаттық куәлік берілмеген шетелдік кинофильмдер:

Айқара жұмылған көздер (Eyes Wide Shut)

Фильм ашық төсек көріністерімен, сюжеттік желідегі батыл да тұрпайылау шешімдермен ерекшеленеді. Бұл атақты режиссер Стэнли Кубриктің ең соңғы жұмысы. Басты рөлдерде сол кезде ерлі-зайыпты болған – Том Круз бен Николь Кидман ойнайды.

Киносыншылар бұл картинаға қарама-қайшы пікір білдірді: біреулер оны Кубриктің ең нашар фильмі деп атаса, енді біреулер соңғы шедевр деп бағалады.

Айтпақшы қарым-қатынастары алшақтаған ерлі-зайыптыны ойнаған жұлдыз актерлер осы фильмнен кейін бір-біріне деген сезімдері сөніп, ақыры ажырасуға мәжбүр болыпты. Ал Стэнли Кубриктің өзі осы картинаның монтажы біткеннен кейін төрт күннен кейін қайтыс болды. Қазақстан бұл фильмнің прокатына неліктен тыйым салғаны туралы ақпарат жоқ. Шамасы біздің көрермендердің эстетикалық талғамына сәйкес келмейді, біздің қоғамның дүниетанымына сай емес деп тапса керек. 

 

Роллербол (Rollerball)

Бұл фильмнің тыйым салыну себебін айтпай-ақ түсінуге болады: картина елімізді халықаралық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сюжеттегі негізгі оқиға Қазақстанға қатысты.

Картина желісінде Роллербол деген қатігез спорт түрі Орталық Азияда, Ресейде, Қытайда, Моңғолияда және Түркияда аса танымал болады. Осы ойынға қатысып жүрген Маркус Ридли (ЭлЭл Кул Джей) мен Джонатан Кросс (Крис Клейн) Қазақстанға келіп, «Жамбыл салт аттылары» деген жергілікті команданың құрамында ойнайды. Фильмде басты зұлымды Жан Рено сомдайды.

 

Сириана (Syriana)

Джордж Клуни, Мэтт Дэймон секілді танымал актерлер ойнаған бұл фильм елімізде бірнеше рет көрсетіліп үлгерді. Бірақ сюжеттің кейбір тұстары ел ішінде (сыртында да) белгілі, алайда көп айтыла бермейтін «Қазақгейт» дауына, қазақстандық шенеуніктердің арасындағы жемқорлыққа қатысты болғандықтан прокаттан тез арада алынып тасталған.

«Сириана» сюжеті жағынан күрделі әрі көп нәрсеге ой тастайды. Фильмде мұнай өндірісі төңірегіндегі оқиғалар сөз болады. Бірнеше сюжеттік желілер арқылы Вашингтонда отырған тек баюды көздейтін бастықтар мен Таяу Шығыста мұнай кенінде еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың өмірін көрсетіп, олардың арасындағы көзге көрінбейтін байланыстар баяндалған. Режиссер Стивен Гейган байлық пен билік үшін жанталасқан пендешіліктің адамзатқа әкелер залалын жеткізуге тырысқан.

Джордж Клуни осы фильмдегі рөлі үшін «Оскар» алды.

 

Борат: Даңқты Қазақстан мемлекетінің пайдасы үшін Американы мәдени зерттеу (Borat: Cultural Learnings of America for Make Benefit Glorious Nation of Kazakhstan)

Бұл комедия туралы естімеген қазақстандық жоқ шығар. Сюжетте Қазақстанға қатысты шындыққа жанаспайтын оқиғалар көрсетілген. ТМД елдерінің бірқатары бұл картинаға прокаттық куәлік беруден бас тартты. Сәйкесінше Қазақстанда да «Боратты» көрсетуге болмайды, ал онда басты рөлде ойнайтын комик Саша Барон Коэнге Қазақстанға келуге тыйым салынды.

Дегенмен фильмге қатысты халықаралық дау-дамай картинаның да, Қазақстанның да танымал бола түсуіне оң әсерін берген көрінеді.

Бұлардан бөлек, 2014 жылы ақпанда Ларс фон Триердің "Нимфоманьяк" ("Nymphomaniac") эротикалық драмасы да прокатқа шығайын деп тұрған жерінен үн-түнсіз жоғалып кетті. Бұған да жоғары жақтан тыйым салынса керек.

 

Ернар Бекенов

Пікірлер