• Біздің парақшалар:

Нәсілшілдік, скинхедтер туралы фильмдер

Біз дәл қазір, ұлтшылдықтың жеке бас деңгейінде айтылатын мәселеден — бұқаралық сипатқа айналған кезеңінің куәсі болып отырмыз (Украинадағы Қырымға қатысты екіге бөлінген майдан, Ресейдегі скинхедтер қозғалысының кеңінен етек жаюы, Қазақстанда «Аңыз адам» журналының бір саны Гитлерге арналуы, т.б.). Осы орайда киноның тәлімдік мақсатын ескере отырып, нәсілшілдік, ұлтқа бөліну, неонацизм мәселелеріне келгенде үнсіз қалғымыз келмейді. Жо-жоқ, фашизмді дәріптеу екен деп түсінбеңіз, керісінше — соңғы уақытта өрши түскен осы бір интимді тақырыпты көтере берсе қандай теріс нәтижелерге алып келетінін, оның түпкі мәнін сабақтас фильмдер арқылы көрсетуді қалаймыз.

Нәсілшілдік мәселесі кинода 1990 жылдары көбірек қозғалған екен. Осы бағыттағы фильмдердің жарқын үлгісі ретінде Джеффри Райттың «Ромпер Стомпер» («Romper Stomper», немесе «Тақырбастар») қылмыстық драмасын атауға болады. Басты рөлдерін Рассел Кроу, Дэниэл Поллок, Жаклин МакКензи секілді жұлдыздар сомдаған картина 1992 жылы жарық көрді.

Фильмде бір территорияда тұратын ақтар мен азиаттар арасындағы бітіспес текетірес баяндалады. Қатыгездікке толы нәсілшілдік фонында достар арасындағы қыз үшін талас та суреттеледі.

«Американың Х оқиғасы». Скинхедтер бандасын басқаратын Дерек есімді жігіт пен соған еліктеген інісі екеуінің өзара қарым-қатынасына арналған хикая. Фильмде адамдарды өзге нәсілді жек көруге не нәрсе итермелейтіні, скинхедке айналған адамның болмысы егжей-тегжейлі ашып көрсетіледі. Картинада негізгі рөлдерді Эдвард Нортон, Эдвард Ферлонг сомдады.

2001 жылғы «Діншіл» («The Believer») — скинхедке айналған еврей баласы туралы баяндайды. Өз ұлтының өкілдеріне қанша қатігез болса да, жасөспірім өз тегіне  деген құрметін жоғалтпайды. Күндіз еврейлерді ұрып-соғып, түнде ивритше жазылған қасиетті дұғаларды оқиды. Басты кейіпкерді Райан Гослинг орындайды.

Жоғарыда аталған кинотуындылар Америка жастарында қалыптасқан субмәдениет төңірегінде сөз қозғады. Бұл мәселеге Еуропа кинематографшылары да көңіл бөлген екен. 2002 жылы Германия мен Италия бірлесіп шығарған «Фюрер Икс» («Führer Ex») фильмі Германия Демократиялық Республикасындағы және екі Германияның бірігуі кезеңіндегі кейбір немістердің неонацистік көзқарастарын көрсетеді. Ал британдықтар 2006 жылы шығарған «Бұл Англия» («This Is England») драмасы өз пікірі мен ұстанымы қалыптаспаған жеткіншектің скинхедтерге қызығып, соларға ілесіп кетуі туралы баяндайды.

Ресейдегі неонацистік қозғалыстар - бөлек әңгіме. 2009 жылғы «Россия 88» картинасы бірнеше адамның төңірегіндегі локалды ахуалды сипаттаса да, осы елде белең алған фашистік ұстанымдағы жастардың ортақ мәселелерін ашып көрсеткен тәрізді.

Біздің шолуымызға енген фильмдер осылар. Күн санап шиеленісе түскен саяси, қоғамдық ахуалды өршіте түсуге құмар кейбір азаматтар істің байыбына бармай тұрып, осындай картиналарды бір шолып алып, қорытынды шығарса екен деген тілегіміз бар.

Ернар Бекенов

Пікірлер