• Біздің парақшалар:

Жиырмаға келген фильмдер

"Келер күннен жақын жоқ, өткен күннен алыс жоқ" деген бар ғой. Кеше ғана VHS-кассетаны салдырлатып салып, бір үйде жиналып отырып "видиктен" немесе айында-жылында телеарнадан көріп жүрген сияқты едіңіз...

Киностан қартайғаныңызды сезінуге "мүмкіндік сыйлайды": 2014 жылы жарық көргеніне 20 жыл болған фильмдерге шолу жасаймыз. Сонау 94-ті еске алыңыз.

Эйс Вентура: Үй жануарлары детективі / Эйс Вентура: Розыск домашних животных / Ace Ventura: Pet Detective

Басты рөлдерде: Джим Керри, Кортни Кокс, Шон Янг

Үй жануарларын іздеп табуда баға жетпес маман Эйс Вентураны ұмыта қоймаған шығарсыз. Джим Керридің тұлғасын ашып, үлкен жолға салып берген фильмді әлі күнге ел сүйіп көреді. 

Қарға / Ворон / The Crow

Басты рөлдерде: Брэндон Ли, Рошелль Дэвис, Эрни Хадсон

Түсілім барысында атақты Брюс Лидің ұлы Брэндон Ли қаза табатын фильм. Майкл Массидің атқан тапашасынан іші бос емес, шын оқ атылып, актерді өлтіреді. Брэндон түсіп үлгермеген сахналар компьютердің көмегімен, монтаж кезінде енгізіледі. 

Леон / Léon

Басты рөлдерде: Жан Рено, Гари Олдман, Натали Портман

12 жастағы Натали Портманның алғашқы үлкен рөлі, атақ әкелген фильмі. Айтпақшы, осы рөлді алған соң актриса құпиялықты сақтау үшін өзіне Портман деген фамилияны алады. Алайда, фильмнің режиссерлік нұсқада жарық көрген DVD-дискінде Натали Хершлаг болып өзінің шын аты-жөнімен титрға шығады. 

Жылдамдық / Скорость / Speed

Басты рөлдерде: Киану Ривз, Сандра Буллок, Деннис Хоппер

Жылдың күтпеген табысқа жеткен фильмдерінің бірі. Сандра Буллок үшін бұл фильм үлкен маңызға ие, себебі жоба жарық көрген соң ол сұранысқа ие болып, ірі туындылардың жұмысына араласа бастады. 

Форрест Гамп / Forrest Gump

Басты рөлдерде: Том Хэнкс, Робин Райт, Гэри Синиз

1994 жылы жинаған табысы бойынша екінші орынға шыққан кино. Сонымен қатар, Том Хэнкс осы фильмнің арқасында "Үздік ер адам рөлі" номинациясы бойынша екінші Оскарын жеңіп алды. 

Маска / The Mask

Басты рөлдерде: Джим Керри, Кэмерон Диаз, Питер Ригерт

Керриге Голливудтың ең танымал, ең қымбат актерлерінің қатарына қосылуға мүмкіндік сыйлаған жоба. Визуалдық эффектілері үшін "Оскардан" да үміткер болды. Сонымен қатар, Кэмерон Диаздың фильмге алғаш түсуі. 

Топас және одан өткен топас / Тупой и еще тупее / Dumb & Dumber

Басты рөлдерде: Джим Керри, Джефф Дэниелс, Лорен Холли

Ағайынды Фарреллилердің алғашқы жұмысы. Осыдан кейін оларға үлкен жобалар сеніп, тапсырыла бастады. 

Шын өтірік / Правдивая ложь / True Lies

Басты рөлдерде: Арнольд Шварценеггер, Джейми Ли Кёртис, Том Арнольд

"Терминатор", "Терминатор 2" фильмдерін бірлесіп түсірген Арнольд Шварценеггер мен Джеймс Кэмеронның үшінші жұмысы. 

Қойыртпақ шығарма / Криминальное чтиво / Pulp Fiction

Басты рөлдерде: Джон Траволта, Сэмюэл Л. Джексон, Брюс Уиллис, Ума Турман, Тим Рот

IMDb сайтының рейтингінде үздік 250 фильмнің тізімінен түспей келе жатқан, аңызға айналған фильм. "Үздік сценарий" номинациясында "Оскар", Канн фестивалінің Алтын пальма бұтағы секілді қырықтан астам түрлі жүлделерді жеңіп алды. Тәуелсіз американ киносының дамуында шешуші рөл атқарды деп саналады. Фильмнің эксклюзивті суреттерін мына жерден қарай отырсаңыз болады. 

Тума кісі өлтірушілер / Прирожденные убийцы / Natural Born Killers

Басты рөлдерде: Вуди Харрельсон, Джульетт Льюис, кіші Роберт Дауни, Томми Ли Джонс

Фильм қатігез сахналарымен, БАҚ-ты мазақ еткенімен, қылмыс түрлерін егжей-тегжейлі көрсетуімен танымал болды. Сонымен қатар, туындыны бір немесе бірнеше рет көрген кей адам шын өмірде дәл осындай қылмыс жасап, қолға түсіп жатты. 

Вампирмен сұхбат / Интервью с вампиром / Interview with the Vampire: The Vampire Chronicles

Басты рөлдерде: Брэд Питт, Том Круз, Кирстен Данст, Антонио Бандерас

Фильм сюжетіне негіз болған кітаптың авторы Энн Райс Том Круздың Лестат рөлін ойнағанын қаламапты. Алайда, фильм шыққан соң, ойынан айнып, актердің жұмысын мақтаған көрінеді. 

Екі Оскардан үміткер болып, "Үздік операторлық жұмыс" және "Үздік қоюшы-суретші жұмысы" номинациялары бойынша BAFTA-ны жеңіп алды. 

Шоушенктен қашу / Побег из Шоушенка / The Shawshank Redemption

Басты рөлдерде: Тим Роббинс, Морган Фриман, Боб Гантон

Қазір классикаға айналып, рейтингтердің алдын бермей келе жатқан фильм болса да, кезінде "Шоушенктен қашу" касса жинай алмай, қиналған болатын. 

Арыстан патша / Король лев / The Lion King

Басты рөлдерде: Мэттью Бродерик, Джереми Айронс, Нэйтан Лейн

Екі Оскар, үш Алтын Глобус, үш Грэмми ұтып алды, жылдың ең үздік жобасына айналды. Арғы-бергі тарихта VHS-кассетасы ең көп сатылған мультфильм атанды: саудаға шыққан алғашқы күні-ақ 4,5 млн кассета таралып, жалпы алғанда дәстүрлі анимация үшін рекордтық сома - 30 млн АҚШ долларын жинап алды. 

Егіз бала бағушылар / Няньки / Twin Sitters

Басты рөлдерде: Питер Пол, Дэвид Пол, Кристиан Казинс, Джозеф Казинс

Аса үлкен үміт арқаламаса да, прокатқа шыққан соң көптің көңіліне жағып, танымалдылыққа ие болды. 

Күз аңыздары / Легенды осени / Legends of the Fall

Басты рөлдерде: Брэд Питт, Энтони Хопкинс, Эйдан Куинн

Джим Гаррисонның кітабы бойынша түсірілген фильм жылдың ең әдемі туындыларының бірі болды. 

Джуниор / Junior

Басты рөлдерде: Арнольд Шварценеггер, Дэнни ДеВито, Эмма Томпсон

Елді шалқасынан түсіріп, таң қалдырған жыл комедияларының бірі. Арнольдты екіқабат қылған фильм.

Пікірлер