• Біздің парақшалар:

"Бұл Спарта!". Фактілер мен деректер

2014 жылы 6 наурызда Қазақстан прокатына "300: Империя таңы" боевигі жарыққа шығады. Фрэнк Миллер мен Зак Снайдер негізін қалап кеткен, ержүрек спарталықтар туралы баяндайтын осы әдемі кинокомикс әлеміне аталмыш премьера қарсаңында бір тоқталып өткен артық етпес. Материалымызды фильмдерге қатысты қысқа да нұсқа қызықты деректер түрінде ұсынамыз.

Зак Снайдердің «300» фильмі Фрэнк Миллер мен Линн Варли жазған 1998 жылғы аттас комикске негізделген. Ал комикс өз кезегінде 1962 жылғы «300 спарталық» («The 300 Spartans») фильмін негізге ала отырып шығарылған дүние екен. 

Фильмде қолданылған реквизиттердің кейбірі «Троя», «Александр» блокбастерлерінің түсірілімінен қалған заттар. 

«300» картинасының түсірілімі 2005 жылы 17 қазанда басталып, 60 күнге созылған. Түсірілім 100 пайызға дерлік студияда, көк немесе жасыл фонда жүргізілді. Жылқының қатысуымен болған көріністер үшін ғана далада, ашық аспан астында түсіруге тура келген. Оған небары 2 күн жұмсалды. 

Түсірілімнен кейінгі монтаж, арнайы эффектілер енгізу секілді өндірістік жұмыстар 1 жылға жуық мерзімге созылды. 

Фильм Фрэнк Миллердің графикалық романын толық негізге алады деп айтылғанымен, Зак Снайдер сюжетке аздап өзіндік өзгертулер енгізген. Мысалы фильмдегі құбыжықтар комиксте кездеспейді. 

Леонид патша (Джерард Батлер) айқайлап айтатын «БҰЛ СПАРТААА!!!» («THIS IS SPARTAAA!!!») сөзі фильм прокатқа шықпай жатып Интернетте мемге айналып кеткен. Бұл көрініс трейлердің көрсетілімінен кейін танымал болған екен.

2008 жылы Фрэнк Миллердің 300 спарталық туралы комиксін жалғастыратыны белгілі болды. Оны экранға шығаруға Legendary Pictures студиясы қызығушылық білдірді. Сөйтіп «300» фильмінің жалғасын түсіру идеясы пайда болды.

Жобаның атауы бірнеше рет өзгерді. Алғашқыда комикстегідей – «Ксеркс» («Xerxes») деп аталды. Содан кейін «300: Артемисия түбіндегі соғыс» («300: Battle of Artemisium») деген нұсқамен айтылып жүрді. Бірақ түпкілікті прокаттық атауы «300: Империя таңы» («300: Rise of an Empire») деп бекітілді.

Фильмдегі оқиғалар теңіз бетінде, қайық үстінде өтеді. Бірақ түсірілімнің барлығы толықтай құрғақ жерде жүргізіліп, кейін компьютерлік графика арқылы су енгізілді.

Алғашқыда екінші бөлімнің орталық кейіпкері Ксеркс (Родриго Санторо) болуы тиіс еді. Сценарий қайтадан жазылғаннан кейін, негізгі оқиға Афина билеушісі Фемистокл (Салливан Степлтон) төңірегінде өрбитін болды.

Пікірлер