• Біздің парақшалар:

Қазақша дубляждалған фильмдердің табысы

"Меломан" компаниясы қазақша дубляждалған фильмдердің табыс бойынша рейтингін жасады. Тізімде "Көліктер 2" мультфильмі көш бастап тұр.

1. Disney студиясының анимациялық туындысы 2011 жылы 23 маусымда отандық прокатқа шыққан еді. 7 апта ішінде қазақша нұсқасы 15 253 977 теңге табыс тапқан (104 659 АҚШ доллары). Ал орыс тілді нұсқасы прокаттан 94 033 452 теңге пайда әкелді (645 170 АҚШ доллары). Барлық кассалық түсім 109 287 429 теңгені құрады (749 828 доллар).

Айта кетелік, "Көліктер 2" қазақ тіліне аударылған алғашқы голливудтық туынды. Аудару жұмыстары 100 мың доллар көлемінде қаржы жұмсалған.

 

2. Рейтингтің екінші орнында - "Қара киімділер 3" (Men in Black 3 / Люди в черном 3).

Фантастикалық комедияның қазақша бейімделген нұсқасы 3 122 140 теңге (19 899 АҚШ доллары) тапты. Дубляж жұмыстарымен алдыңғы "Көліктер 2" командасы айналысқан еді. Фильм 2012 жылы 24 мамырда прокатқа шықты. Орысша мен қазақша нұсқасын қосқанда "Қара киімділер 3" Қазақстаннан 240 336 929 теңге (1 531 770 АҚШ доллары) пайда түсірді.

 

3. Қазақ тіліне аударылған фильмдердің ішінде - "Монстрлар университеті" табысы жөнінен үшінші орында тұр. 

Ана тілімізге дубляждалған мультфильмнің кассалық түсімі 2 618 050 теңгені құраған (16 334 АҚШ доллары). Орыс тіліндегі нұсқасымен қоса алғандағы жалпы табысы - 156 389 220 теңге (975 729 АҚШ доллары).

"Монстрлар университеті" - қазақ тіліне аударылған бесінші фильм. Бұған қоса дубляжы бұрын-соңды болмаған ауқымдылығымен ерекшеленеді: мультфильмнің 200 кейіпкері қазақша дыбысталған. 

 

4. 2012 жылы 21 маусымда Қазақстан көрермендеріне жол тартқан "Батыл жүрек" (Brave / Храбрая сердцем) анимациялық туындысы төртінші орында тұр. Ол Қазақстанда барлығы 126 499 735 теңге (739 941 АҚШ доллар) табыс тапты. Оның қазақша прокатының үлесі - 1 988 610 теңгені (12 481 АҚШ доллары) құрайды.

"Батыл жүректі" аударғандар диалогтардың аудармасымен шектеліп қалмай, фильмге екі ән де жазды. Мультфильмдегі ханшайым Мерида сөйтіп қазақ әншісі Мақпал Исабекованың дауысымен ән салды. Дубляж жұмыстарына 19 миллион теңге қаржы кеткен.

 

5. Бесінші орында - "Жаңа Өрмекші адам" (The Amazing Spider-Man / Новый Человек-паук). 

Қазақша дубляжы отандық прокаттан 1 812 400 теңге (11 485 АҚШ доллары) пайда әкелді. Фантастикалық боевик 2012 жылы 5 шілдеден бастап көрсетілген еді.

 

6. Рейтингтің соңғы орнында - "Жалғыз рейнджер". 2013 жылы 4 шілдеде прокатқа шыққан қызық оқиғалы вестерн-боевик барлығы 104 135 333 теңге (629 454 АҚШ доллары) тапқан. Оның 510 130 теңгесі (3 083 АҚШ доллары) қазақша нұсқасы әкелген табыс.

Дубляжға 38 қазақ актері қатысты. Джонни Депп өзін қазақшалайтын Берік Айтжановтың дауысын өзі бекіткен. Фильмді қазақ тіліне бейімдеуге 20 миллион теңге жұмсалған.

 

Сонымен қатар, «Болашақ» қауымдастығы қазақша дубляждалған фильмдердің инфографикасын жариялады. Қосымша ақпарат ретінде назарларыңызға ұсынамыз:

 

Дереккөз: meloman.kz, bolashak.kz

Пікірлер