• Біздің парақшалар:

"Оскар" алған кеңестік фильмдер

Кеңес Одағы АҚШ-пен бірде дос, бірде қырғи-қабақ болғанына қарамастан, КСРО-ның қол астынан шыққан бірнеше фильм атақты "Оскарға" ие болды. Олардың саны - төртеу. Киностан бүгін осы туындыларға жасаған шолуын назарларыңызға ұсынады. 

Разгром немецких войск под Москвой - Мәскеу түбіндегі неміс әскерінің күйреуі

Шыққан жылы: 1942

Жанры: деректі

Қай номинация бойынша жеңімпаз болды: Үздік толықметражды деректі фильм (1943)

Мәскеу үшін болған соғыстарды баян еткен Ұлы Отан соғысы туралы кеңестік деректі фильм. Туындының дүниеге келуіне Сталиннің өзі жол ашқан. 1941 жылы қараша айында Сталин Мәскеу түбінде жүрген шайқастар туралы фильм түсіруді жөн көреді. Түсірілім жұмыстарына майдан операторлары да қатысады. 1942 жылы 23 ақпанда прокатқа шығады.

Фильмде Мәскеу қорғанысының дайындығы, Мәскеу, Тула, Сталинград қалаларының маңында болған шайқастар, тоналған ауылдар, тұтқынға түскен кеңес және неміс әскерлері бейнеленген кадрлар бар.

АҚШ-та көрсету үшін деректі фильмді қайта дыбыстап, қайта монтаждаған. Атауын да "Moscow Strikes Back" ("Мәскеу жауап соққы береді") деп өзгертті. 

КСРО аумағында "Оскар" алған алғашқы фильм, сонымен қатар, Сталин сыйлығына, АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесінің марапатына ие. 

Деректі фильмнің толық нұсқасы

"Война и мир" - "Соғыс және бейбітшілік"

Шыққан жылдары: 1965-1967

Жанры: драма

Қай номинация бойынша жеңімпаз болды: Үздік шет тіліндегі фильм (1969)

Л. Толстойдың аттас романы бойынша түсірілген бұл кеңестік фильм әлі күнге кинематограф саласындағы ең жоғары бюджетті жобалардың бірі болып саналады. Imdb.com ресурсының мәліметтеріне сәйкес, фильм 1967 жылғы бюджеті $100 млн болған. Бұл 2007 жылғы көрсеткіш бойынша шамамен $560 млн.

Фильм масштабты шайқас сахналарымен, сонымен қатар соғыс алаңын панорамалық әдіспен түсірудегі новаторлықты қолдануымен әйгілі болды. 

"Соғыс және бейбітшілік" - танымал кино маманы, фильмде өзі режиссер, өзі сценарист, өзі басты рөлді сомдаушылардың бірі болған Сергей Бондарчуктың өміріндегі ең маңызды жоба деп те аталады.

Фильм алты жыл бойы (1961-967) түсірілген төрт бөлімнен тұратын киноэпопея болып саналады. Алғашқы сериясы ("Андрей Болконский") 1966 жылғы КСРО прокатының лидері болды: оны 58 млн көрермен қараған. 

Дерсу Узала

Шыққан жылы: 1975

Жанры: драма, шытырман оқиғалы

Қай номинация бойынша жеңімпаз болды: Үздік шет тіліндегі фильм (1976)

Кеңес Одағы мен Жапонияның тізе қосып түсірген туындысы. Фильмді танымал режиссер, сценарист, продюсер Акира Куросава түсірді. Сюжеті желісіне негіз болған саяхатшы, этнограф, географ, зерттеуші Владимир Арсеньевтің кітабы еді. 

Басты рөлді твалық актер Максим Мунзук сомдады. 

Фильм Куросаваның жапон тілінде түсірілмеген және 70-мм кеңформатты кинотаспаға жазылған алғашқы жобасы болды. 

Туындыда 1902-1907 жж В. Арсеньевтің Уссурия тайгаларында басынан өткерген саяхаты, Дерсу Узаламен таныстығы, бірге көрген қиыншылықтары баяндалады. 

Фильмнің алғашқы бөлімін мына сілтеме, екінші бөлімін мына сілтеме арқылы көре аласыздар.

Москва слезам не верит - Мәскеу көз жасына сенбейді

Шыққан жылы: 1980

Жанры: драма, мелодрама

Қай номинация бойынша жеңімпаз болды: Үздік шет тіліндегі фильм (1980)

1980 жылы КСРО прокатының көшбасшысы болды (шамамен 90 млн көрермен жинады). "Оскармен" қатар фильм 1980 жылы Берлин кинофестивалінің "Алтын аюын" жеңіп алды. КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алғаны және бар. 

Мәскеуге провинциядан келген үш қыздың тағдырын суреттейтін фильм 1980 жылдың 11 ақпанында прокатқа шықты. 

"Оскарға" қол жеткізуін жеткізгенімен, оны барып өз қолымен алып қайтуға Владимир Меньшовтың мүмкіндігі болмады. Билік елден шығармаған.

1 сәуір күні кешкі "Время" жаңалықтарынан жеңісін естіген режиссер мұны қалжың деп ойлайды. Ол статуэтканы тек 1989 жылы ғана өзіне қайтарып алады.

1985 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган Михаил Горбачевпен алғашқы рет кездесер алдында, осы туындыны "кеңестік адамның құпия жанын түсіну үшін" кем дегенде сегіз рет қарап шыққан екен.  

Фильмнің толық нұсқасы. I бөлім.

Фильмнің толық нұсқасы. II бөлім.

Пікірлер