• Біздің парақшалар:

Рэперлер туралы байопик фильмдер

Кул Герк (Kool Herc) есімді ямай диджейі көптеген музыкалық жанрлардың бастаушысы саналады, соның ішінде брейкбит пен хип-хоп та бар. Ал, хип-хоп 1970 жылдары Нью-Йорктың Бронкс ауданында пайда болып, жанданыпты. Бүгінде хип-хоп күні де аталып өтіледі – 12 қараша. Көшеде пайда болған субкультураны дәл осы күнмен байланыстыруға не себеп болғанын дәл басып айтуы қиын. Алайда осы жанрдың туған күні 1974 жылдың 12 қарашасы деп айтылып жүр.

 Бұл атаулы датаны назардан тыс қалдырғымыз келмеді, оның үстіне хип-хоп пен рэптің дамуына үлес қосқан тұлғалар кино индустриясымен де тығыз байланысты, ал кейбір рэперлердің өмірі тіпті киноға бергісіз қызық та күрделі. Ендеше, атақты рэперлердің өміріне арналған тамаша байопиктер легін ұсынамыз.

Комптонның тура өзінен

N.W.A (Niggaz Wit Attitudes) – Комптоннан шыққан америкалық топ. Оларды көпшілік гангста-рэптің негізін қалаушы деп мойындайды. Топ 1986-1991 жылдар аралығында өмір сүрді және ашық сипаттағы мәтіндерімен көп дау туғызды. Сол үшін де АҚШ-тың көптеген радиостанциларында тыйым салынды, тіпті гастрольдеріне тыйым салынып тұрды. Соның өзінде осы күнге дейін әнжинақтарының 30 миллиондай данасы сатылған. Олардың «Straight Outta Compton» деген алғашқы альбомы гангста-рэптің жаңа дәуірінің бастауы болды, мәтіндерінде әлеуметтік мәселерді қозғау арқылы жанрда төңкеріс жасады.

 2015 жылы «Universal» студиясы «Straight Outta Compton» (қазақша мағынасы – Комптонның тура өзінен) фильмін шығарды. Сюжетте топ мүшелері – Eazy-E, Dr. Dre, Ice Cube, MC Ren, DJ Yella студияны қалай құрғаны, топқа қалай біріккені көрсетіледі. Айс Кьюбті оның шын ұлы – кіші О’Ши Джексон сомдады. Фильмнен сондай-ақ N.W.A мүшелері жақсы араласқан Snoop Dogg, Tupac, Warren G, Chuck D секілді рэперлердің жас кезін көреміз, әрине актерлердің орындауында.

 

Ноториус

The Notorious B.I.G., немесе Biggie Smalls, Frank White – Американың танымал рэперлерінің бірі еді. Ол елдің шығыс жағалауындағы хип-хоптың көшбасшысы саналды. Fox Searchlight студиясы 2009 жылы рэпердің өмірі мен өліміне арналған картинаны жарыққа шығарды. Басты рөлде Джамал Вулард ойнап шықты. Рэпердің досы, әріптесі Тупак та бұл фильмде кездеседі, оны Энтони Маки сомдайды. Олардан бөлек Puff Daddy, Lil’ Kim, Lil’ Cease секілді танымал тұлғалардың образдары кездеседі.


Байы немесе соның жолында өл

«Get Rich or Die Tryin'» - бәрімізге белгілі рэпер 50 Cent өміріне арналады. Кертис Джексонды біз талантты рэпер ғана емес, тәп-тәуір актер ретінде де ғана көріп жүрміз. Бұл фильмде де Фифти Сент өз-өзін сомдады және бұл оның кинодағы дебюті болды.

Фильм рэпердің өмірін бүкпесіз баяндап береді деу қиын, дәлірек айтсақ – оның өмірінің кейбір фактілері ғана сюжетке арқау болған. Сондықтан басты кейіпкердің аты да Маркус деп өзгертілген. Сюжетте есірткі сатып күн көрген бала туралы баяндалады, алайда ол бұл өмірін тастап, музыкамен айналысқысы келеді. Айтпақшы, Фифти Сенттің өзі жастау кезінде қылмыскер болғанын жасырмайды.


8 миля

«8 Mile»Эминемнің жартылай автоөмірбаяны. Хип-хоп драмада Детройттың ақтар және қаралар болып екіге бөлінген 1990 жылдардағы өмірі көрсетіледі. Кедей аудандарда хип-хоп тұрмыстан шаршаған адамдардың өз эмоциясын жеткізу құралына айналған болатын. Бұндай суырып салма таланттар түнгі клубтарда бас қосып, рэп-дуэльдерде кездесіп жататын. Солардың бірі - B-Rabbit есімді ақ нәсілді рэпер.

Эминем фильмге жазған әні үшін «Оскар» алып, осы марапатқа қол жеткізген тұңғыш рэп-әртіс атанды.

 

Бәрінің көзі менде

Хип-хоптың басты жұлдыздарының бірі – марқұм Тупак туралы байопиктің болмауы кино мамандары үшін үлкен сын еді. Оның үстіне рэпердің өмірі қысқа болса да, айтуға тұрар фактілер мен оқиғалар жетерлік. Бұл олқылықтың орны да толатын болды.

Оның «Бәрінің көзі менде» («All Eyez On Me») хитымен аттас картина биыл немесе келер жылы шығуы тиіс. Тупакты картинада кіші Деметриус Шипп деген актер сомдайды. Бұл оның үлкен кинодағы дебюті болмақ. Сондай-ақ, белгілі тұлғалардан Notorious B.I.G. пен Dr. Dre секілді рэперлер де көрсетіледі. Notorious-ті Джамал Вулард сомдайды, ол осыған дейін рэпердің жоғарыда атап өткен өмірбаян-фильмінде басты рөлде ойнаған еді. Осылайша, ол бір кейіпкерді екінші рет сомдап отыр. 

Пікірлер