• Біздің парақшалар:

Бен-Гур туралы ең танымал фильм

"Ben-Hur" (1959) фильмінің тұсқағаз суреті

"Бен-Гур: Христ туралы аңыз" ("Ben-Hur: A Tale of the Christ") - Америка жазушысы Лью Уолластың 1880 жылғы тарихи романы. Бұл шығарма бірнеше рет экрандалғанымен белгілі.

Соның ішінде ең танымалы - 1959 жылы шыққан "Бен-Гур" ("Ben-Hur") эпикалық кинофильмі. Жобаға 3 рет "Оскар" иегері, Голливудтың белгілі режиссерлерінің бірі Уильям Уайлер қоюшы болды.

Бүгінгі әңгіме экранизацияның дәл осы нұсқасы жайында болмақ. Өйткені, аталған кинофильм жалпы кино тарихындағы ең жарқын дүниелердің бірі саналады. 

Мысалы, фильмдегі жалпы түсірілімге (массовкаға) 50 мың адам қатысқан. Бұндай ауқыммен кез-келген жоба мақтана алмайды. Елу мыңның 15 мыңы екі аяқты күйме арбалардың жарысына қатыстырылған екен.

Фильм табысымен де таңғалдырады. 15 миллион долларға түсірілген картинаның жалпы табысы 164 млн-ға жеткен. Бұндай жетістік сол кезде қаржылық жағдайы мүшкіл MGM студиясын банкроттан құтқарыпты деседі.

Картина тарихта алғаш болып "Оскардың" 11 мүсінін жеңіп алады: үздік фильм, үздік режиссер, үздік актер, екінші пландағы үздік еркек рөлі, үздік операторлық жұмыс, үздік суретші, үздік костюм суретшісі, үздік дыбыс, үздік арнайы эффектілер, үздік монтаж, үздік саундтрек. Бұған тағы "Алтын глобустың" бесеуін, Британ киноакадемиясының BAFTA жүлдесін қосыңыз.

Осындай тарихи құндылығы жоғары кинофильмдерді қайта түсіру туралы айтылса, өз басым бұл жаңалықтарды қиын қабылдаймын, жаңа нұсқаның жетістіктеріне шүбә келтірем. Көп жағдайда солай да болып шығып жатады.

Классика - классика болып қалуы керек деп есептеймін. Оған ремейктермен, ребуттармен және басқа да тәсілдермен (мейлі, тіпті сәтті шықса да) көлеңке түсіру - жәдігерді, рухани мұраны сыйламау деп түсінемін. Тимур Бекмамбетов қолға алған жаңаша "Бен-Гур" сөзімнің дәлелі: фильм сыншылар тарапынан үлкен сынға ұшырады, табысы да көңіл көншітерлік деңгейде емес. 

 

Ернар Бекенов

Пікірлер