• Біздің парақшалар:

Актерлік жолға түскен ММА шеберлері

Аралас жекпе-жекті спорттық сайыс ретінде қарастырсақ та, телевизиялық шоу түріндегі рөлін жоққа шығара алмаймыз. Оған бірінші кезекте жекпе-жекшілердің бір-біріне ұқсамайтын мәнерлері, ұстанымдары мен мінез-қылықтары себеп шығар. Әлбетте, шоу ретінде оған қатысушылардың әртістігі де үлкен рөл атқарып жатады. Ал харизмалы спортшы Голливуд фильммейкерлерінің үнемі назарында. Аралас жекпе-жектің үздіктері болып қана қоймай, киноактер ретінде де өзін көрсетіп жүрген бірқатар жұлдыздарға тоқталамыз.

"Furious 7" фильмінен кадр

Ронда Раузи - ММА жекпе-жекшісі, дзюдошы, UFC чемпионы. Аралас жекпе-жекте осыған дейін 13 кездесу өткізіп, бір рет қана жеңілген. Агрессиялы әдістерімен белгілі, көп жағдайда қарсыласын алғашқа раундта-ақ жеңеді. 2008 жылы өткен Олимпиада ойындарына қатысып, дзюдодан қола медаль алды. 

Киноға Сильвестр Сталлоне алып келді десек қате айтқандық болмас. Алғаш рет 2014 жылы шыққан "Жанқиярлар 3" боевигінде бақ сынады. Содан кейін оны "Форсаж 7", "Антураж" (өзінің рөлінде) фильмдерінен көрдік. Оған әзірге үлкен экрандық уақыт беріліп жүрген жоқ, бірақ оны нағыз актриса ететін рөлдер алда секілді. Мысалы, 1989 жылғы, басты рөлде Патрик Суэйзи ойнаған "Жол бойындағы үй" ("Road House") культ боевигінің ремейкіне түскелі жатыр. Бұл жолы Рондаға басты рөл беріледі. Сондай-ақ өзінің өміріне арналған кинокартинаға түседі деп айтылып жүр, әрине өзін сомдау үшін.

Десек те оны кәсіби актриса болды деу әлі ерте, өйткені жекпе-жек өнерін әзірге тастаған жоқ және көпшіліккке спортшы ретінде көбірек ұнайтын секілді.

"The Expendables" фильмінен кадр

Жалпы Сталлоненің спорт жұлдыздарын киноға тартудағы еңбегі көп. Сол "Жанқиярлар" сериясының арқасында бірез жекпе-жекшілерді танып қалдық. Соның бірі - Рэнди Кутюр. Грек-рим күресінің шебері, ММА жекпе-жекшісі, бес дүркін UFC чемпионы. Оны "Жанқиярларға" дейін де бірнеше фильмнен көруге болады. Жекпе-жекші, оққағар секілді елеусіз рөлдердан кейін Сталлоненің тұрақты командасына қосылуы үлкен серпіліс еді. Ол "Жанқиярлардың" жарық көрген үш бөліміне де түсті.

"Haywire" фильмінен кадр

Кинода да, жекпе-жек әлемінде де жақсы таныс сұлулардың бірі - Джина Карано. Көпшілік оны "MMA-дағы басты әйел" деп атағанды ұнатады. Аралас жекпе-жекте 8 кездесудің жетеуінде жеңіске жеткен.

Кинодағы жолы "Қан мен сүйек" ("Blood and Bone") фильміндегі эпизод рөлден басталды. Ал Стивен Содербергтің "Бақылаусыз" ("Haywire") боевигінде алғаш басты рөліне ие болды. Сондай-ақ оны "Қанға қан", "Форсаж 6", "Қарымта", "Тонау" фильмдерінен көруге болады. Алда ол қатысатын елеулі жобалардан "Дэдпул" және "Кикбоксшы" ("Kickboxer") ремейкі бар.

"Captain America: The Winter Soldier" фильмінің түсіру алаңынан

Жорж Сен-Пьер - канадалық жекпе-жекші (ММА), UFC-дің бұрынғы чемионы. Жалпы аралас жекпе-жек өнерінің ең үздіктерінің бірі саналады. 27 кездесудің екеуінде ғана жеңілген.

Киноға 2009 жылы "Ешқашан берілме" ("Never Surrender") деген ортаңқол спорт драмасы арқылы келді. Оны "Капитан Америка: Қысқы жауынгер" блокбастерінен зұлым кейіпкер рөлінде көруге болады. Болашақта Жан-Клод Ван Даммды жұлдыз еткен "Кикбоксер" фильмінің жаңа нұсқасынан көретін боламыз.

Пікірлер