• Біздің парақшалар:

2015/2016 жылғы қыстың жаңа сериалдары (ІІІ бөлім)

Жалғасы...

Сериалдар әлемінде қыс мезгілі маусымаралық үзіліс кезеңі деп қарастырылады. Алайда көруге тұрарлық премьералар қашан да табылады. Назарларыңызға 2015/2016 жылдың қысында жарық көретін маңызды деген премьераларды ұсынамыз.

Әдеттегіше шолуымызға тек жаңадан басталған сериалдар кіреді, бір немесе бірнеше маусымы осыған дейін көрсетіліп қойылған телешоулар айтылмайды. Сонымен 3-ші ақырғы бөлім.

DC-тың болашақ аңыздары (DC's Legends of Tomorrow)

Суперқаһармандардың фанаттарына арналған "Жебе" ("Arrow") және "Флэш" ("The Flash") тележобаларының спин-оффы. Бұның DC-тың басқа жобаларынан айырмашылығы - "Болашақ аңыздарда" нақты бір басты кейіпкер болмайды. Яғни, бұнда жоғарыда аталып кеткен екі сериалдағы екінші дәрежелі қаһармандарға бірдей назар аударылып отыр және солардың құрама командасы десек те болады. 

Бұл сериалды күзде жарық көреді деп осыған дейін хабарлаған болатынбыз, премьера күні шынымен өзгертілді ме, әлде бізге жеткен ақпарат қате болды ма, әйтеуір датаны жаңартып айтуға мәжбүрміз. Сонымен «DC-тың болашақ аңыздары» сериалының премьерасы: 2016 жылғы 21 қаңтар (CW арнасы).

Трейлер:

 

Х-файлдар (The X-Files) 

ФТБ агенттері Фокс Малдер мен Дана Скалли арамызға қайта оралады. Әзірге алты эпизодтық мини-сериал түрінде жарық көрмек, әрине аса сәтті болып жатса жалғасын да көріп қалуымыз мүмкін. Сюжетінің детальдары айтылмайды, бірақ екі әріптес тылсым құбылыстарға қатысты істі тергемекші. 

Атақты телесериалдың жалғасын Fox арнасынан 2016 жылы 24 қаңтардан бастап көруге болады.

Трейлер:

 

Жануарлар (Animals.) 

Назарға іліне бермейтін, Нью-Йорктың тас джунгли тұрғындарына арналған анимациялық сатира. Мультсериал көгершіндер мен тышқандардың, қандалалардың күйбең тірлігі мен толғаныстарына үңіледі. Бастапқы екі сериалы 2015 жылғы «Сандэнс» фестивалінде көрсетілген екен, HBO телеарнасы бірден екі маусымына тапсырыс беріпті. 

Сериалды 2016 жылы 5 ақпаннан бастап көруге болады.

Видеоролик:

 

Винил (Vinyl) 

Ерекше назар аударуға тұрарлық телепремьералардың бірі. Өйткені жобаға Мартин Скорсезе режиссер әрі продюсер болды, ал басты рөлдерге Бобби Каннавале, Оливия Уайлд секілді жұлдыздар тартылды. Сериалда 70 жылдардағы музыка индустриясы және сол кезеңнің негізгі атрибуттары – секс, есірткі және рок-н-ролл туралы айтылады. 

Телешоу HBO арнасынан 2016 жылы 14 ақпаннан бастап көрсетіледі.

Трейлер:

 

11.22.63 

Стивен Кингтің аттас романына негізделген фантастикалық тележоба. Басты рөлде Джеймс Франко ойнайтын сериалдың сюжеті өткен шаққа сапар туралы. Ағылшын тілінің мұғалімі уақытқа сапар шегу мүмкіндігін пайдаланып, Америка президенті Кеннеди өлімінің алдын алуға тырысады.

Сериалды Hulu сервисінің жазылушылары 2016 жылы 15 ақпаннан бастап көре алады.

Трейлер:


Соңы.

Бірінші бөлім: 2015/2016 жылғы қыстың жаңа сериалдары (І бөлім)

Екінші бөлім: 2015/2016 жылғы қыстың жаңа сериалдары (ІІ бөлім)

 

Материалымызды жазуға okino.ua сайтындағы мақала арқау болды

Пікірлер