• Біздің парақшалар:

2015/2016 жылғы қыстың жаңа сериалдары (І бөлім)

Сериалдар әлемінде қыс мезгілі маусымаралық үзіліс кезеңі деп қарастырылады. Алайда көруге тұрарлық премьералар қашан да табылады. Назарларыңызға 2015/2016 жылдың қысында жарық көретін маңызды деген премьераларды ұсынамыз.

Әдеттегіше шолуымызға тек жаңадан басталған сериалдар кіреді, бір немесе бірнеше маусымы осыған дейін көрсетіліп қойылған телешоулар айтылмайды. 

Кеңістік (The Expanse) 

Дэниэл Абрахам мен Ти Франктың фантастикалық романдар сериясына негізделген жаңа ғарыш операсы. Шығармадағы оқиға болашақта, біздің заманымыздан кейін 200 жылдан соң өрбиді. Адамдар Күн жүйесіндегі ғаламшарлардың барлығын игерген. Детектив болып істейтін Миллер адам жоғалу оқиғасын тергеп жүріп, планетааралық қастандықтың бетін ашады. 

Сериал Syfy арнасында 2015 жылы 14 желтоқсаннан бастап эфирге шығады. 

Трейлер:

 

Балалық шақтың соңы (Childhood's End) 

Артур Ч. Кларктың 1953 жылғы классикалық шығармасына негізделген мини-сериал. Жобаны ұсынушы тағы да Syfy арнасы. 6 эпизодтан тұратын сериалда өзге әлемнен келген қонақтар Жер тұрғындарын бейбіт түрде бодан қылады. 

Бұл сериалды да 14 желтоқсаннан бастап көруге болады. 

Трейлер:

 

О дегеніміз Отбасы (F Is for Family) 

Netflix-тің жаңа комедия мультсериалы осылай аталады. Комик, актер Билл Бёрр авторлық ететін жобаға оның стендап шоуларындағы әңгімелер арқау болған. 

Анимациялық сериалдың премьерасы 18 желтоқсанға жоспарланған. 

Трейлер:

 

Купер Баррэттің аман қалу нұсқаулығы (Cooper Barrett's Guide to Surviving Life) 

Оқу бітірген жиырма жасар ұлдардың хикаясын баяндайтын комедия. Өмірдің рақатын енді көреміз деп ойлаған оларды күйбең тірліктің түрлі түйткілдері күтіп түр. Жоба Fox арнасынан 2016 жылы 3 қаңтардан бастап эфиге шығады. 

Анонс:

 

Шаннара хроникалары (The Shannara Chronicles) 

Болашақ тақырыбына арналған тағы бір шоу. Сюжет бойынша соғыстың салдарынан Солтүстік Америка төрт бөлікке бөлінген: біреуінде эльфтер, екіншісінде адамдар, үшіншісінде трольдар, ал соңғысында дворфтар өмір сүреді. Планетаның келешек тағдыры эльфтерден тараған Шаннара деп аталатын ұрпақ өкілдеріне байланысты болып шығады. Жобаға режиссер болғандар қатарында атақты Джонатан Либесман бар. 

MTV арнасы бұл жобаны келесі жылы 5 қаңтардан бастап көрсетпекші. 

Трейлер:

 

Көктің реңі (Shades of Blue) 

Басты рөлде Дженифер Лопес ойнайтын сериал жемқорлықты тергеуге арналады. Нью-Йорк полициясында детектив болып істейтін әйелге Федералдық тергеу бюросы құрамындағы коррупцияны ашу туралы тапсырма беріледі. Сериалға сондай-ақ Рэй Лиотта, Дайо Окенийи, Дреа де Маттео секілді белгілі актерлер түсті. 

Телешоу 2016 жылы 7 қаңтардан бастап NBC арнасынан көрсетіледі.

Трейлер:


Жалғасы бар...

 

Материалымызды жазуға okino.ua сайтындағы мақала себеп болды

Пікірлер