• Біздің парақшалар:

Программист қалай атақты жазушы болды, немесе Энди Уирдің хикаясы

Жылдың басты премьераларының бірі - Ридли Скоттың "Марстық" фильмі сценаристердің қиялынан туған дүние емес. Фильм Энди Уир есімді жазушының қолынан шыққан аттас романға негізделеді.

1235225_462962470469717_888357661_n Энди Уир

Байқасақ, бестселердің авторының өмірі де біз білмейтін қызыққа толы екен. Әсіресе, "Марстық" шығармасына қатысты бастан кешкендері таңғалдырмай қоймайды.

Энди Уир Калифорнияда дүниеге келген. Бастапқыда оны жазушылық жолға апарарлық ешқандай алғышарт болмаған еді: әкесі физик, анасы инженер-электрик болған. Бала кішкентайынан фантастикалық шығармалар оқып өседі. "Доктор кім" сериалын көргеннен кейін уақытқа саяхат жасау идеясына қызыға бастайды.

Энди 15 жасынан бастап программист болып жұмыс істей бастаған. Ержеткен соң Сан-Диего университетіне информатика мамандығына бойынша оқуға түседі. Программа жазумен айналысты, тіпті "Warcraft 2" ойынын жасауға атсалысыпты.

1957636_668932406539388_3450040255985488652_o"Марстық" кітабының сюжетіне фан-арт

Жиырма жасынан бастап ол фантастика жанрында шығармалар жазып, сайтында жариялап отырған. Бұдан бірдеңе шығады деп тіпті де ойламаған. Уақыт өте келе Марста жалғыз қалып қойған Марк Уотни есімді ғалымның оқиғасы туралы алғашқы романын сайтына орналастырып, тегін оқуға таратады. Оқырмандарға бұл шығарма қатты ұнайды. Кейін бұл роман Amazon арқылы қайта жарияланады. Сол кезде бағасы бар болғаны 99 цент болыпты. Бірақ сатып алушылар саны тегін таратылған кездегі оқырмандардан да көп болып шығады.

Осыдан кейін оның жазушылық дәурені басталады. Онымен агенттер байланысып, "Марстық" туындысын кәдімгі мұқабалы кітап етіп басын шығаруға ұсыныс түседі. Ақырында программист артында алты нөлі бар сомаға келісімшарт жасап, экранизация туралы келісімге келеді. Сөйтіп 2014 жылы бүкіл әлем "Марстық" туралы естіп-біледі. 

11892018_784648854967742_351103598741085276_nМарк Уотниді сомдаған Мэтт Дэймон мен Энди Уир

Автор Марк Уотнидің образын жасауда өзінің мінез-құлқын басты бағдар етіп алғанын айтады. Сол себепті кейіпкер мен автор арасында ұқсастықтар өте көп екен. Ал кітаптағы дәлме-дәл ғылыми тұжырымдар Эндидің жай жазушы емес, көп оқыған, білімі бар азамат екенінен хабар береді. Тіпті Марсқа саяхат кезінде түрлі орбиталық траекторияларды дәл есептеу үшін өзінің программистік қабілетін пайдаланып, арнайы программа да жазып шыққан.

Қазір Энди Уир компьютерлік бағдарламалар жасаумен айналыспайды. Ол әдебиетке шындап бет бұрды. Тіпті NASA мамандары "Марстық" кітабы оларға көп пайдасын тигізгенін айтады. Мысалы, қызыл планетаға адам жіберу мәселесі осы күнге дейін жөндеп қолға алынбай келген болса, аталған кітап шыққанан кейін ғарыш агенттігінде бұл туралы кәдімгідей айтыла бастапты. Оның үстіне Уирдің кітабы NASA-ға жақсы жарнама жасап берді.

 

Материал Кинопоиск сайтындағы мақалаға сүйеніп жазылды.

Фотосуреттер Энди Уирдің Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Пікірлер