• Біздің парақшалар:

Джесси Айзенбергтің үлгілі қырлары

Фото: Getty Images

Джесси Айзенберг. Бұл актерді көпшілік «Зомбилэнд», «Әлеуметтік желі» секілді хит фильмдерден кейін тани бастады. Оны харизмаға толы шебер актер, қыздарды өзіне қаратқан көркем деу қиын. Бірақ оны жек көру де мүмкін емес. Бұның басты себебі – оның қарапайымдығында дейді білетіндер. Джесси өмірде несімен ерекше, қандай үлгі қыларлық қырлары бар? Әңгіме осы туралы.

Фотосурет: okmagazine.com

Тұрақты. Джесси қарым-қатынасқа келгенде тұрақтылығымен ерекше. Ол түрлі түсірілімдер барысында Энн Хэтэуэй, Кристен Стюарт, Руни Мара, Эмма Стоун секілді небір хас сұлулармен жұмыс істеді. Десек те басты таңдауын қарапайым Миа Васиковскаға жасапты. Міне, кездесіп жүргендеріне 3 жылдай болды.

Тәрбиелі. Әдетте Голливуд жұлдыздары небір дау-жанжалдарға ұрынып жатады. Осындай скандалдардың арқасында өмір сүріп жатқан «сары басылымдар» да бұндай оқиғаларды қалт жібермей, жарысып жазып жатады. Ал Джесси Айзенбергті қаралайтындай әлі күнге дейін ешбір материал жарияланған жоқ. Бұл оның тәрбиелігін, қарапайымдығын тағы бір дәлелдейді.

Айзенберг жан-жақты. Бұйрабас бала жолы болмайтын кейіпкерлерге сұранып-ақ тұр. Бірақ ол сомдаған рөлдер анағұрлым саналуан: ол кісі өлтірушіні де, террористі де, миллионер Цукербергті де, сиқыршыны да оңай сомдады. Өмірде де актер бір кәсіппен шектеліп қалмай, қолы бос уақытта пьеса жазады, сатиралық әңгімелерін де жариялап тұрады.

Фотосурет: zimbio.com

Атаққұмар емес. Айзенберг бала кезінде ұялшақ болыпты. Тіпті қазір де батыл әрекеттерімен ерекшелене бермейді. Көшеде біреу танып қалса кәдімгідей ыңғайсызданып қалады екен. Сол себепті психоаналитиктердің көмегіне жүгініп тұратын көрінеді.

Сән қуатындардан емес. Голливудтың ең сұранысқа ие актерлерінің бірі бола тұра, әлі де қарапайым жасөспірімше киіне береді. Оның гардеробынан дизайнерлік үлгілі киім-кешекті табу қиын секілді. Көшеге шыққанда футболка, джинс, кепка мен кроссовка секілді қалыпты қалалықтың киімімен жүре береді. Джессидің гонорары қымбат автомобиль алуға әбден жетер еді. Бірақ ол велосипедпен жүріп-тұрады, метро қызметін пайдаланады.

Джесси жануарларды қатты жақсы көреді екен. Сол себепті түрлі қайырымдылық жобаларға қатысады. Ал өзі ет жеуден бас тартқан.

Пікірлер